ТУҒАН ЖЕРГЕ ТУЫН ТІККЕН...

Алтын күздің алғашқы күнінде соғылған қоңырау үні білім ұяларындағы қарбалас тірлікті бастап кеткелі де екінші ай. Жаңа оқу жылымен қатарлас келген ұстаздар мерекесі аясында аудандағы береке қонған ауылдардың бірі – Саздыға жол түсті. Мақсатымыз – қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған  Ж.Түменбаев атындағы №60 орта мектепте жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін қаламгерді құрметтеп, ұстазды ұлықтаған  шараны оқырман қауымға жеткізу.  

Иә, аталған ауылдың тұрғындары қаламгерді «Жақсы аға» деп атайды екен. Әсіресе, шәкірт біткен қиялы ұшқыр, қаламы жүйрік жанның ғибратты ғұмыры туралы жатқа айтады. Округ орталығының ажарын айшықтаған еңселі ғимаратқа алыстан ат арытып жеткен көрнекті қаламгер Жақсылық Түменбаев пен ағасы, талай түлекті қияға қанаттандырған білікті ұстаз Үсейін Сатайұлының туыстарын жиналғандар зор қошеметпен қарсы алды. Жұртшылықпен сағына қауышқан туған жер перзенттері де құр қол келмеді, мектепке деп арнайы сый-сияпат әкелді.

Осы жерде сауапты істің басы-қасында жүрген жазушының інісі Тұлпар Итеновті  әңгімеге тарттық. Сәл ойланып, сөз сабақтаған ол:

– Сазды топырағында өстік. Тіршілік толқынымен шалғайда жүрсек те, туған жерді есімізден шығарғанымыз жоқ. Өзің көргендей, бірі – қаламгер, енді бірі  ұстаз атанған қос арысымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырту бастамасы осымен алтыншы рет жүзеге асуда. Бұл асып-тасқандық емес, жеткіншектердің көкірек сарайын ашып, білімге деген қызығушылығын ынталандырудан туындаған қадам болатын, – деді.

Жалпы, оқушылар арасындағы шығармашылық сайыс екі пән бағыты бойынша өткізіліп келетінін білдік. Бірі тарих және география пәндері бойынша майдангер ұстаз Кемалаш Оразбаев атында болса, екіншісі қазақ тілі мен әдебиет саласы бойынша осы мектепте 43 жыл шәкірт тәрбиелеген марқұм Үсейін Сатаев атында. Сайыс жеңімпаздарына берілген жүлделік қор қаржысы жазушы Ж.Түменбаевтың туыс-бауырлары тарапынан бөлінген.

«Қазақстанның құрметті құрылысшысы», Қызылорда қаласында тұратын Үсейін ұстаздың ұлы Бекмағанбет мәрттіктің үлгісін көрсетіп, ұжым игілігіне арнап мектеп директоры Ағабіл Сейітовке слайд қондырғысын салтанатты түрде тапсырды. Заман ағымына сай білім беру үшін таптырмас аппаратты алған мұғалімдер ризашылықтарын жеткізді. Ал өрендер қос бірдей ауыл мақтанышының қоғам дамуына елеулі үлес қосқанын өлеңмен өрді.

Иә, Жақсылық Түменбаевтың «Қардағы іздер», «Ауыл шетіндегі үй», «Қимас қазына», «Тасбөгет», «Көктайғақ» секілді тартымды туындыларын ойлы оқырманның іздеп оқығанын аға буын жақсы біледі. Ол әр жылдарда шығармашылық шеберлігін шыңдап, «Ауыл мен Алматының арасында», «Туған ошақ жылуы», «Махаббат қорығы», «Мен сүйген қыз» атты повестерімен дараланып, «Ақтық демім біткенше» деп аталатын романы арқылы танылды. Сондай-ақ, қасіретті жылдар ретінде тарихта жазылып қалған 1945-1946 жылдары ауыл-ауылды атпен аралап, бала оқытқан Үсейін Сатайұлының да жас буын алдындағы өлшеусіз қызметі кез келгеннің қолынан келмейтін игі іс еді. Қиын-қыстау кезеңдерде балаларды сауаттандыруға басымдық берген оның есімін де саздылықтардың жүректеріне тоқығаны айқын аңғарылды.

Әділет саласында қызмет еткен Жақсылық Түменбаевтың ұлы Мұхитпен тілдескенімізде:

– Адам жанын түсінгіш, ешкімнің көңілін қалдырмаған кісінің ұрпағы болғаныма шүкіршілік қыламын. «Жақсының аты өшпейді» дегендей, ауыл тұрғындарының әкемнің мол мұраларын жатқа оқығаны көңіліме қуаныш ұялатады, – деп тебірене ой түйді.

Сондай-ақ, 2016-2017 оқу жылы қорытындысымен республика бойынша «Үздік мұғалімдер» жинағына енген білікті ұстаз Үсейін Сатайұлының Ақтөбеде тұратын қызы Жанна Сатаева шеберлік сабағын өткізіп, оқушылардың ой-танымын кеңейтті.

Мектептегі басқосу Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсетілгендей, ұлттық сананы қалыптастыру міндеттерімен сабақтасып жатты. Яғни, көпшіліктің туған елге деген патриоттық сезімін оятқан игілікті істе рухани байлық бірінші кезекте тұрды. Біз соны аңғардық.

 А.ЖАЙШЫЛЫҚ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 қазан 2017 г. 648 0