КООПЕРАТИВТІҢ КӨКЖИЕГІ КЕҢ

«Төртеу түгел болса, төбедегі келеді». Қазалы ауданындағы ауыл шаруашылығы саласында атқарылған толымды тірліктерді көргенде осындай тұжырымға келетінің анық. Аудан бойынша 38 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, әділет басқармасынан 392 адам бірігіп тіркеуден өткені сөзімізді нақтылай түседі. Оның ішінде 23 кооператив өткен жылы құрылса, қалғаны  биылғы жылы өз жұмысын бастаған. Енді осынау кооперативтердің қандай бағытта жұмыс атқаратындығына тоқтала кетсек. Бүгінгі таңда 27 кооператив мал шаруашылығы, 9-ы егін шаруашылығы, қалған екеуі мал шаруашылығы мен мал өнімдерін өндіру және  көкөніс өнімдерін өңдеу саласын қамтиды. Осынау кезеңде 2016-2017 жылдары  кооперативтер «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 225,6 млн теңге қаржы алып, жұмыстар жүргізілуде.

Индикативті жоспарға сәйкес аудан бойынша 1050 гектар жерге бақша дақылдары егілсе, 600 тонна бау-бақша өнімдері экспортқа шығарылған. Оның 462 тоннасын  қауын, қалғанын қарбыз өнімдері  құрайды. Ақжона, Алға, Сарыбұлақ, Бозкөл, Майдакөл, Аранды, Сарыкөл ауылдық округінен егілген бау-бақша өнімдері Ресейдің Орск және Екатеринбург қалаларына экспортталғанын атап айтқан жөн. Сондай-ақ Ақжона мен Қожабақының қауын-қарбызы, асқабағы Астана қаласындағы жәрмеңкеге, Өркендеудің бақша өнімдері Ақтөбе қаласына, Әйтеке би кентінің 110 тонна қарбызы Ресей Федерациясының Магнитогорск қаласына экспортқа шыққан болатын.

Аудандағы «Айтбай», «Аспан», «Жаңатал» және «Кішкене Ата» кооперативтері 126 гектар жерге бау-бақша, көкөніс, картоп дақылдары еккендігі жөнінде мәліметтерді статистика басқармасына тапсырған. Десе де, қалған округтердегі құрылған кооперативтер нақты еккен егістері  жөнінде ақпаратты есептерін статистика басқармасына бермегендігі деректе көрсетілген.

Ал нақты есепке жүйеленген шаруаның есесі кетпейтіні тағы белгілі.

Ж.АЙДАРБЕКҰЛЫ. 

Қазалы ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 қазан 2017 г. 723 0