ЖЕҢІМПАЗ ҰСТАЗ АВТОКӨЛІК ИЕЛЕНДІ

Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» деген болатын.

Осы тұрғыда ұстаздар қауымының еңбегі қандай марапат-мадаққа да лайықты. Мәдениет үйінде өткен салтанатты жиында Арал ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев барша ұстаздар қауымы мен сала ардагерлеріне жылы лебізін білдірсе, облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев аймақ бойынша білім саласындағы жетістіктерге кеңінен тоқталды.

Мұнан соң бірқатар ұстаздар ҚР Білім және ғылым министрінің, облыс әкімі мен «Нұр Отан» партиясының марапаттарымен мадақталды. Ал № 13 орта мектебінің математика пәні мұғалімі Әбжалиев Алданыш пен «Айдын» балабақшасының меңгерушісі Әбдікәрімова Лизаға Арал ауданының «Құрмет грамотасы» табысталды. Келесі кезекте көпшілік тағатсыздана тосқан көрініс орын алды. Бұл мұғалімдер арасындағы аудандық пән олимпиадасының қорытындысы болатын. Теңіз төскейінде дәстүрге айналған олипиада осы ретте химия пәні бойынша өткен еді.

Осынау додалы бәсекеде Арал қаласындағы №83 орта мектеп мұғалімі Назгүл Махамбетжанова үздік шығып, бас жүлдеге тігілген су жаңа автокөлікті иеленді. Бірінші орын иегері №14 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі Гүлнұр Қарабаева – 500 мың теңге, екінші орыннан көрінген №13 орта мектеп мұғалімі Асыл Махмутова – 300 мың теңге, үшінші орын алған №58, № 177 орта мектептің химия пәні мұғалімдері Ырыс Құрманбаева мен Ақсұлу Мергенбаеваға 200 мың теңге табысталды. Сонымен қатар, «Химик-әдіскер» номинациясы бойынша №220 орта мектептің мұғалімі Нұрталап Қанатов, «Химик-практик» номинациясымен  №59 орта мектеп мұғалімі Гүлжазира Кірмаңдаева, «Жас химик» номинациясы бойынша №262 мектеп-гимназиясының мұғалімі Қазына Дәрімбетова лайықты танылып, номинация иегерлеріне 100 мың теңгеден ынталандыру сыйлықтары берілді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге тағайындалған қаржылай сыйлық мөлшері өткен жылдармен салыстырғанда біршама ұлғайғанын, мұғалімдер арасында өткізілетін пәндік олимпиада жеңімпаздарына автокөлік пен қомақты қаражат тағайындау тек Арал ауданында ғана қалыптасқан үрдіс екенін атап кеткен жөн.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Арал ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 қазан 2017 г. 1 873 0