« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Патриотизм Отанға, туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады. Ол үшін туған топырақ тарихын зерделеу қажет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жуырда жарияланған мақаласында да ел тарихынан сыр шертер тарихи кітаптар мен жазбаларды көбейту, мұражайлар мен зерттеу орталықтарының қорын байытып, өлкетану бағытындағы “Туған жер” бағдарламасын қолға алу ұсынылды. Оны барша қазақстандық қолдап-қуаттады.
Біздің облыста аталған бағдарлама шеңберінде “Жезқазған қаласының мәдени күндері” өткізіліп жатыр. Енді қызылордалықтар Қ.Сәтбаевтай ғұламаның табаны тиген, жетіқат жер астынан кен шығарып, ел байлығын еселеген мекеннің тыныс-тіршілігіне терең бойлап, шығармашылық ұжымдардың өнерімен танысады.
Жуырда Жезқазған тарихи-археологиялық музейі, Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен балқыту ісі және Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейі ұйымдастырған көрме көптің көңілінен шықты. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің көркемсурет галереясында өткен шарада Ұлы Даланың рухани мәдениеті қайта жаңғырғандай болды. Көрме Ұлытау-Жезқазған өңірінің тарихи-мәдени ескерткіштерін қамтыған. Сондай-ақ, мұнда Бағаналының төрт босағасы атанған – Кәдір, Сандыбай, Бабыр, Шегір билердің, Жезқазған мұражайынан алынған атақты Күшікбай бидің, Бұзау болыстың, А.Иманов, Б.Бұлқышев, Ш.Ділдебаев секілді танымал тұлғалардың тұтынған бұйымдары қойылды. Көрмені тамашалау барысында біз музейдің алтын қорын академик Ә.Марғұланның өткізген тас мүсіні, Жошы ордасынан табылған мыс теңге, Ұлытау ауданындағы Шотқара қонысынан және Жаңарқа ауданындағы Қараағаш қорымынан табылған алтын жалатылған қола бұйымдар, зергерлік әшекейлер мен ат әбзелдері құрайтынын білдік.
– Музей қорындағы әртүрлі халықтардың дәстүрлі музыкалық аспаптары баға жетпес тарихи-мәдени мұра көзіне айналып отыр. Қазір қорда 50 мыңға тарта құнды жәдігер бар. Көпшілігі Ұлытау-Жезқазған өңіріндегі белгілі тұлғаларға қатысты. Этнографикалық, археологиялық, геологиялық, палеонтологиялық және нумизматикалық коллекциялар, қолөнер шеберлерінің туындылары келушілердің қызығушылығын арттырып келеді. Бұл жолы облыстарыңызға келіп, жергілікті халықты жауһар жәдігерлерімізбен таныстырғанымызға қуаныштымыз, – деді Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің басшысы Раушан Қапарова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, өткен күндерге сапар шегіп, тарихпен тікелей тілдестіретін көрме апта бойы жұмыс істейді. Бүгіннің өзінде Сарыарқаның інжу-маржаны атанған Жезқазған жайлы көне дерекке қанығушылар қатары қалың.
М.СНАДИН,
Н.НҰРЖАУБАЙ (сурет).
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |