ЖОЛ – ТІРШІЛІК ТАМЫРЫ

Сыр өңірінің барлық аймағы тас жол мен темір жолдың бойында орналасқан. Облысымыздың қай ауданына барсаңыз да, осы жолдарды пайдалана аласыз

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы берген мәлі­метке сүйенсек, аймақта жергілікті және аудандық маңызы бар автомобиль жол­дарының ұзындығы 2338,8 шақырымды құрай­ды екен. Үстіміздегі жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердегі көшелерді жөндеп, инфрақұрылымын дамы­туға 8,716 млрд теңге бөлінді.

Тамыз айында жаңа ­автобус паркі жұмысын бастады. Ол қала көлемінде жолаушылар тасы­ма­лымен айналысатын үлкен сыйым­дылықтағы автобустарға ар­налған тұрақтар, жанармай бекеті, көлік жуу алаңымен жаб­дықталған.

Теміржол саласында да ауыз толтырып айтарлық жаңалықтар жеткілікті. Бүгінгі таңда облыс аумағынан 18 жұп жолаушы пойызы, оның ішінде мемлекетаралық бағыттағы 6 жұп пойызы өтеді. Облысымыздан өтетін магистральді темір жол желісінің ұзындығы 1055 шақырымды құрайды. Биылғы жылдың шілде айында «Қызылорда-Бесарық-Түркістан» бағытындағы жаңа пойыз жолға шықты. Екі вагоннан тұратын пойыз аптасына бес рет қатынайды. Ол оңтүстік бағыттағы аудан орталықтары мен стансаларына, бекеттеріне тоқтайды. Оның жүру бағытына Белкөл, Бірқазан, Сұлутөбе, Тартоғай, Бәйге­құм, Шиелі, Төменарық, Жаңақорған, Аққұм, Талап, Бесарық, Түркістан сынды елді мекендер кірген.

Бүгінгі күні «Қорқыт ата» әуежайы арқылы аптасына 28 тұрақты рейс орындалады. Биылғы жылдың 9 айында 80 мыңнан аса жолаушы  әуежай арқылы діттеген жерлеріне барған.

Үстіміздегі жылдың 9 айында 79 шақы­рым жол мен көше жөндеуден өтіп, 2 көпір пайдалануға берілді. Орайы келгенде қала­дағы Қорқыт ата көшесінің заманауи үлгіде жаңғырғанын атап өткен жөн. Қайта құрылымдаудан өткен бұл көшенің жолы тақтайдай тегіс. Оның үс­тіне қар мен жаң­бырдан пайда болған суға ар­налған суағар жасалынды.

Жол жөндеу жұмыс­тары әлі де жалғасады. Дәлел ретінде, қазіргі кезде қайта жаңғырудан өтіп жатқан Бейбарыс Сұлтан көшесін атап өтуге болады.

А.БЕК.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 қазан 2017 г. 564 0