« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2013 жылғы 22 қарашадағы Жарлығымен елімізде «Еңбек күні» мерекесі белгіленіп, ол қыркүйек айының соңғы жексенбісінде атап өтіліп келеді. Бұл мейрам Мемлекет басшысының «Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамын» құру туралы идеяларының шеңберінде өндіруші еңбекті күшейтуге және еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыруға, өндірістік қызметтерді ынталандыруға, жұмысшы мамандықтарды насихаттау мен көпжылдық еңбек дәстүрлерін нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар, жұртшылықты еңбек ұжымдарының тыныс-тіршілігімен таныстырып, озаттары мен үздіктерінің ізгі жолын, еңбек әулеттерінің өнегелі істерін көпке үлгі ету, сол арқылы адамдарды еңбекке баулып, ынтасын арттыру көзделген.
Сонан бері бұл мерекені елімізде, соның ішінде біздің облыста жыл сайын атап өту дәстүрге айналды. Сыр өңірінде атадан балаға отбасылық құндылықтарды жеткізіп, жоғары кәсіби мамандар әзірлеуге үлес қосып отырған еңбек әулеттері жетерлік. Әр жылы «Еңбек күні» мерекесі аясында оннан астам еңбек династиясы көпшілікке танылып, олардың үлгілі еңбек жолдары жұртшылыққа, әсіресе, жастарға насихатталуда. Мәселен, облыста өткен еңбек династияларының І форумында дәрігерлер әулеті, ұстаздар, диқан, өнерпаздар, суретшілер, әлеуметтік қызметкерлер, теміржолшылар, спортшылар, байланысшылар және ішкі істер саласы қызметкерлерінің әулеттері танылса, ІІ форумда бұлардың қатарына балықшылар әулеті қосылды. Ал, онан кейінгі өткізілген шарада құрылысшылар, электриктер, мұнайшылар династиясы таныстырылды. Ал, биылғы дәстүрлі форумда сушы, омарташы әулеттері жеңімпаздар қатарынан көрінді. Кәсіпті атадан балаға мирас етіп келе жатқан еңбекшілер әулетінің еңбек өтілдері де әртүрлі. Мәселен, еңбек әулеттерінің ІV форумының жеңімпазы қазалылық Шынтас Жәдиев бастаған ұстаздар әулетінің еңбек өтілі – 812 жыл. Ал, аралдық Серікбай Наурызбаевтың теміржолшылар әулетінің жалпы еңбек өтілі 236 жылды құрайды екен. Бақытын адал еңбектен тапқан осындай отбасылардың өнегелі істері қашанда үлгі. Жуырда өткен еңбек әулеттерінің ІV форумында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев: – «Еңбек адамды ер атандырады» деген асыл сөзді ата-бабамыз текке айтпаған. Сыр елінің 102 «Социалистік Еңбек Ерінің» есімі тарихта алтын әріппен жазылып қалды. Ал, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған Абзал Ералив пен Юрий Пя – тәуелсіз Қазақстанның төл мақтаныштары, біздің Сыр елінің түлектері,– деп атап айтқан болатын.
Иә, дала төсін дүбірге толтырып, еңбек көрігін қыздырған озат еңбекшілер қай кезде де болған және бола береді де. Тек солардың үлгілі еңбек жолын кейінгі ұрпаққа дәріптеп, өнегелі істерін насихаттау – бүгінгінің парызы. Бұл орайда «Еңбек күні» мерекесінің маңызы зор болмақ. Жалпы, тәуелсіз еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына сүбелі үлес қосып жүрген өз кәсібінің жанашырлары қандай құрметке де лайық.
Айнұр БАТТАЛОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |