ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ТҰМАРЫ

Тәуелсіздік алған алғашқы уақыттан бастап Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында көптеген ауқымды жұмыстар қолға алынды. Елімізде қаншама өнер жәдігерлері қалпына келтіріліп, түгелденді. Сыр бойындағы ескі қалаларға археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Тарихи-мәдени, сәулеттік ескерт­кіштер есепке алынды. Оларды қайта жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылуда.

Осындай кешенді шаралардың бірі күллі түркі әлеміне ортақ тарихи тұлға, кемеңгер ойшыл, ғажайып музыкант Қорқыт  бабаның  құнды мұраларын түгендеп, Қармақшыдағы абыз ескерткішін қайта жаңғыртуға бағытталды. Мемориалды кешен – қазақстандықтардың ғана емес, шетелдіктердің де қызығушылығын туғызатын қасиетті орын. Нысан құрылысы 1980 жылы архитектор Б.Ибраев пен физик-акустик С.Исатаевтың жобасымен басталған. 1997 жылы ескерткішті қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, амфитеатр, қылует және қошқар мүсінінен тұратын тұтас сәулеттік ансамбль жасалды. 2000 жылы кешен жанынан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде «Қорқыт ата» музейі ашылды. Онда ұлы ойшыл өмір сүрген дәуірдің тарихы мен мәдениеті жайлы ауқымды мәлімет қоры бар.

2014 жылы Елбасы тапсырмасымен кешен­нің аумағы кеңейтіліп, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. ­Басты ескерткіш – қобыз 8 метрден 12,1 метрге биік­теді. Жаңадан әкімшілік ғимараты салынып, қызметкерлер қатары артты. Бұл «Қорқыт ата» кешенінің бүгінгі архитектуралық кесенесін әлемге таныту, оны дүниежүзілік туристік орталыққа айналдыра отырып, әлемнің әр түкпірінен Сыр еліне келген қонақтарға түркі өркениетін кеңінен насихаттау мақсатында жасалды.

Қайта жаңғыртуға дейін кешенге 12-13 мыңға жуық адам келіп тұрса, 2014 жылдан бастап бұл көрсеткіш 20 мыңға дейін жеткен. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолы ашылғаннан кейін көлікпен келушілер саны артты. «Қорқыт ата» кешені «ЕХРО-2017» халықаралық көрмесіне келетін меймандар аялдайтын нысандардың қатарына енгені белгілі. Ауқымды шара аясында онда музей қорында сақталған этнографиялық экспонаттар көрмесі ұйымдастырылып, кешен жанынан этноауыл құрылып, халық назарына ұсынылды.

Қорқыт мұрасы – баға жетпес рухани қазына. Соңғы уақытта түркі тұтастығы, әр халықтың рухани мирасын түгелдеу, ғылыми айналымға қосу ісіне жіті көңіл бөлініп келеді. Сыр өңірінде Қорқыт ата есімін ұлықтау, ғасырдан ғасырға аманаттау дәстүрі ізгі жолынан жаңылған емес. Бүгінге дейін Қорқыт және «Қорқыт ата кітабы» туралы 800-ден астам зерттеулер жарық көрді. Өткен ғасырда тарихи, философиялық, филологиялық, руха­нияттық тұрғыдан қарастырылып, жан-жақты дамыды. Осы тақырыпты зерттеген орыс және шет ел оқымыстыларының саны 50-ден асып жығылады.

Қорқыт атаның рухани мұрасы қазақ мен­талитетінің қалыптасуына барынша әсерін тигізді. Сондықтан ұлт оқымыстылары қорқы­тану проблемасына ерекше көңіл бөліп, зер­делі жұмыстар жасалды. Ұлттық көзқарас тұрғысынан қарастырылған кітаптар, ғылыми очерк, мақалалар баспалардан жарық көрді. ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары тізіміне Қорқыт ата мұра­ларын енгізу үшін жұмыстар жүргізілді. Қазір ұлттық өтінім толығымен аяқталып, ЮНЕСКО-ның штаб пәтеріне ұсынылды.

Жуырда ғана Сыр елінде үш жылда бір мәрте ұйымдастырылатын, тілі ұқсас, ділі ортақ мемлекеттердің салт-дәстүрін, қайталанбас өнерінің озық үлгілерін жұрт­шылыққа таныстыруды мақсат еткен «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фестивалі өтті. Елбасы­ның бастамалары арқасында қазір туыстас елдер арасында ынтымақтастық нығайып, достық байланыс орнаған. Ұлы ойшыл Қорқыт бабаның туған жеріндегі ауқымды шара – осының дәлелі. Фестиваль аясында болған «Қорқыт ата мұрасы: эпикалық мәдениет, халық аңыз әңгімелері және әуендері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған фольклортанушы ғалымдар тәжірибе алмасып, нақты мәселелерге тоқталды. Ұтымды ұсыныстарымен бөлісті. Осы күндері түбі бір түркі елдерінің өнерпаздары бабадан қалған бағзы өнердің туын көкке көтерді. Фестиваль Алтай асып, төрт құрлықтың түкпір-түкпіріне тарыдай шашылған түркі халықтарының басын дәстүрлі музыка біріктіретінін тағы бір дәлелдеді.

Түркі тайпаларының тарих қой­науындағы ірі тұлғаларының бірі – Қорқыт ата халқымыздың рухани мәдениетінің ділдік дәстүрінің белгілі бір бағытта өрбуіне үлкен ықпал еткен ғұлама. Оның көтерген рухани мәселелері, жеке басының өмір салты талай ұрпаққа өнеге болар деңгейде.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 қазан 2017 г. 603 0