ЖАЛЫНДЫ ЖАСТАР АЛҒА БАСТАР

Мемлекет болашағын жастарға қарап бағамдау ежелден бар. Елдің ертеңгі иесі саналатын жас өрендер отансүйгіш, белсенді, бәсекеге қабілетті болса, келе­шектің кемел болары сөзсіз. 2050 жылға қарай дамыған 30 елдің қатарына кіруді мақсат еткен Елбасы Жолдауында да жастарға артылар жауапкершілік жүгі мол. Жоғарыда айтқанымыздай, жастар – ел болашағын жарқын етер шырағдан. Қозғаушы күш білімді, әлеуметтік белсенді болуы тиіс. Әрине, белсенділік жөнінен Сыр жас­тары ешкімге дес бермейді. Олардың бағамды бағыты талайды тамсандырады. Тірлігі мығым, бағдары байыпты. Облыстағы жастар саясатының даму қарқынына тоқталатын болсақ.

Жас­тармен тікелей жұмыс жүргізетін “Жастар ресурстық орталығы” КММ-ның идеяларды жүзеге асырып, жас таланттарды қолдаудан кенде емес. Орталық бүгінде 2020 жылға дейінгі модель тұжырымдамасы аясында жұмыс жүргізеді. Мұнда дебат, жас тілшілер, еріктілер клубы, жайдарман үйірмелеріне қатысуға мүмкіндік бар. Қаладағы және аудандардағы “Жастар ресурстық орталығындағы” мамандар да нәтижелі қызмет атқаруда. Ал еңбекті ту етіп, қаланың көркеюіне титтей де болсын септігін тигізуді міндет санайтын жастар жайлы әңгіме бөлек. Қазіргі таңда “Жас құрылысшылар”, “Жасыл ел” секілді еңбек жасақтарында қызмет ететіндердің санынан жаңылуға болады. Жасақ жетекшісі Сәдірбек Жұмабековтың айтуынша, еңбек майданында шыңдалып, құрылыстың басы-қасында жүрген жастардың басым бөлігі жалақысы жоғары жұмыстарға  ауысып жататын көрінеді.

Бұдан бөлек, елімізде жастарды жалпы қоғамдық үдерістерге қосу мақсатында ынталандыру шаралары іске асырылып, оларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік деңгейде жағдай жасалуда. Жастарды кәсіпке баулу мәселесі де шет қалмаған. Тек осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалана білу қажет. Себебі, еліміздің басты капиталы – мұнайы, қазба байлығы емес, оның туын тіктеп, керегесін кеңейтетін дарынды да білімді жастары және олардың алдында жаңа белесті бағындыру міндеті тұр. Облыс жастары алдағы уақытта да осы үдеден шығады деген үміт басым, сенім мол.

М.СНАДИН.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 қазан 2017 г. 754 0