« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қызылорда қаласындағы өнеркәсіппен айналысатын кәсіпкерлік нысандардың жұмысымен танысу мақсатында баспасөз туры ұйымдастырылды. Алдымен журналистер Тасбөгет кентінде орналасқан «Нұр Строй ЛТД» ЖШС-ның жұмысын көрді. Зауыт өндірістік, ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы құрылысына арналған өнімдер мен электр желісіне темір-бетон бағаналары, жол, тротуар тақталары және бетонның сан түрлі өнімін шығарып келеді.
Бүгінде кәсіпорын 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмыспен қамту орталығы арқылы келген жастар тұрақты жұмысқа орналасып, біліктіліктерін арттыруда. «Нұр Строй ЛТД» ЖШС директоры Нұрлыбек Қалекеев темір-бетон өнімін өндіретін зауыттың бүгінгі тыныс-тіршілігін толығымен баяндап берді.
– Зауыт жұмысы жылдан жылға жанданып келеді. Тапсырыс көлемі ұлғайған. Өзге облыстарға да өз өнімдерімізді жөнелтіп жатырмыз. Атап айтар болсақ, Орал, Ақтөбе, Жезқазған, Қостанай, Тараз, Шымкент және Түркістан қаласынан келген тапсырыстар орындалды. Жұмысшылар үшін де барлық жағдай жасалған. Асхана, тасымал көлігі қызметкерлерге оңтайлы шешілген. Сыйақы үлестіріліп тұрады. Мұнда өнімнің 276 түрі шығарылады,-деді.
Кәсіпорында ауыр заттарды көтеруге арналған 24 кран болса, жүргізушілер кілең әйелдер. Солардың бірі – Сәулекүл Дүйсенова. Ол 17 жасынан бастап мекемеде еңбек етіп келеді. Бүгінде инженер- технолог. Білікті маман әрбір тапсырыстың өлшеміне жауапты. Қазіргі кезде зейнет жасына жеткен Сәулекүл көпжылдық тәжірибесін жастармен бөлісіп, үйретеді.
Мұнан кейін журналистер жақында ғана іске қосылған «НефтьПромСнаб» ЖШС-ның шыныпластикалық құбырларды өндіретін зауыттың жұмысымен танысты. Зауыт директоры Қазбек Қуанышбаев жоғары қысымды шыныпластикалық құбырлардың дайындалу барысын көрсетті. Жалпы бұл құбырлар мұнай және газ саласына пайдаланылады. Өнімді шығаратын аппарат Қытай елінен арнайы алынған. Соңғы үлгідегі автоматты құрылғы барлық қызметті өзі атқарады. Алдымен жіп арқылы өріліп, кейін кептіріліп, қырқылады. Ал, шыныпластикалық құбырдың дайындалуында қолданатын заттар Ресей, Оңтүстік Корей елдерінен алынады. Негізінен кәсіпкер жұмысын бастау үшін «Жол картасы - 2020» бағдарламасы мен «Даму» қорының қолдауы арқылы жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Зауыт басшысының айтуынша, жылына 120-130 мың метр шыныпластикалық құбыр шығаруды жоспарлап отыр екен. Бүгінде кәсіпорында 20- дан астам адам еңбек етеді. Бұған дейін тек Қытай елінен тасымалданатын өнім енді Қызылорда қаласында шығарылады. Бұл – қуанарлық жайт.
Соңғы нысан «Қызылорда құрылыс материалдары» ЖШС-ның пенобетон шығаратын базасымен танысу болды. Компанияның негізгі қызметі инновациялық технологияларды дайындау және облыста өндіріске жоғары технологиялы, тиімді және экологиялық қауіпсіз зерттемелерді енгізу болып табылады. Өткен жылы аталған кәсіпорын «көбікті бетон әзірлеуге арналған көбікті түзуші өндірісі» жобасы арқылы «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ тарапынан 32 млн теңге инновациялық гранттың иегері атанған. Кәсіпорын директоры Юн Вячеслав жұмыстың жүйелі жүргізіліп жатқанын айтып берді.
Жалпы, пресс-тур барысында түйген түйін: соңғы жылдары облыста өндірістік сала қарқынды дамып келеді. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктерді тиімді пайдаланып, жұмыс ауқымын жылдан жылға кеңейтуде. Сонымен бірге жастарды жұмыспен қамтудың озық үлгісі бар.
Сара АДАЙБАЕВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |