«РЗА»-ға ЕЛ РИЗА

Өзге аймақтар тәрізді Қазалы ауданында да жұмысы жанданып, шаруасын дөңгелентіп отырған іргелі ұжымдар бар. Солар­дың алдыңғы  легінде «Рза» акционерлік қоғамы  тұр.  Қызылорда облысы мен Қазалы ауданының құрметті азаматы, білікті кәсіпкер Самұрат Имандосов басқаратын аталған қоғамның  атақ-даңқы баршаға жақсы мәлім. Өзінің жұмысын ғасыр тоғысқан тұста бастаған рзалықтар арада өткен жылдарда небір асулардан өтті, талай биіктерді бағындырды. Әрине, табыс өзінен-өзі келмейтіні тағы рас. 

Ауданның экономикалық, әлеуметтік, материалдық және техникалық деңгейі осы кезеңдегідей қарқын алмаған шақта қыруар тұрғынды жұмыспен қамту оңайға түскен жоқ. Алайда қарсы кездескен кедергілерден өтуге өмірлік бай тәжірибесін, білік-парасатын қарсы қойған, ең бастысы діттеген межеге жету жолында табандылық танытқан Самұрат Жұманұлы бастаған ақционерлік қоғам қазіргі таңда облыс көлеміндегі қуатты техникалық және өндірістік базасы, кәсіби шеберліктері жоғары мамандары, бай материалдық ресурстары бар беделді мекемеге айналды. «Рза» акционерлік қоғамында нақты кезеңде 1200 адам тұрақты еңбек етеді. Сонымен қатар Қызылорда, Алматы, Астанада өкілдері жұмыс жасайды.

Ал қоғамға қарасты «Рза-Асыл түлік» жаупкершілігі шек­теу­лі серіктестігі Қазақстанның индустриалдық даму кар­тасының бел­сенді қатысушысы болып табылады. Енді бұл сөздің мәнісіне тереңірек тоқтала кетсек. Бағдарлама шеңберінде кәсіпорын мұнан біршама уақыт бұрын ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырған еді. Нәтижесінде экспортқа бағытталған сүт және ет өнімдерін өндіру бойынша типтік жобадағы тауарлы сүт фермасына қоса  ауысымына 30 тонна сүт өңдейтін сүт зауыты салынды. «Рза-Асыл түлік» серіктестігінің негізгі қызметі, аталуынан аңғарылып тұрғандай, асылтұқымды мал шаруашылығы, ет және сүт өндіру мен өткізу болып табылады. Осы мақсатта әу бас­та Венгриядан 660 бас голштино-фриз аталатын асылтұқымды қашарлар әкелінген болатын. Көпшіліктің ішінде кімдер жүр­мейді дейсіз? Алғашқыда «табиғаты өзгеше өңірге бейімделіп кетсе игі» деп күмәнмен қарағандар да кездесті. Алайда олар бекер күдіктенген екен. Жерсіну тұрмақ төлі есебінен көбейді. Қазіргі таңда асылтұқымды мүйізді ірі қара саны 1600 басқа жетті. Оған қоса  әрбір сауын сиырдан 8000 литр сүт сауылады.Осылайша жылына орта есеппен 5 500 тонна сүт өндіріледі. Кешенге қажетті құрал-жабдықтар Голландия, Ирландия, Германиядан   алынған. Озық технология өзін толық ақтап тұр. Өткен жылы 6150 тонна сүт өндірілген болатын. Бұл өнім Алматы, Астана, Көкшетау, Ақтөбе, Атырау, Ақтау қалаларындағы («Магнум», «Смол», «Анвар»  өзге де) ірі сауда орталықтарында сатылуда.

Сексенге тарта адам еңбек ететін «Рза-Сүт» жшс сүт өнімдерін өңдеу, сатумен шұғылданады. Тәулігіне 30 тонна сүт өңдейтін сүт зауытынан еуропаның ең озық технологиялық құрал-жабдықтарын кездестіресіз. Мұндағы дәмі тіл үйірген пас­терленген және ультрапастерленген сүт, айран,қаймақ,ірімшік, сары май, құрт өнімдеріне тұтынушылар дән риза.

Зауыт өнімдерінің қол жеткізген жетістіктері ауыз толтырып айтуға лайықты. Мәселен, 2011 жылы «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-конкурсының «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша  дипломмен марапатталды. Табыстарды одан әрі тізбектесек. Араға сәл уақыт салып «Халық тұтынатын тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» номинация­сы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атанды.

Қоғамдағы тағы бір ұжым «Рза-Агро» ЖШС ағымдағы жылы 4895 гектар жерге ауылшаруашылығы дақылдарын ексе, оның 2500 гектарын басты дақыл – күріш құрайды. Қазіргі таңда аудан бойынша егін жинау қарқын алуда. Ал «Рза-Агро»-ның егіс алқабындағы «Лидер»,  «Янтарь», ресейлік «Светлый», «Фаворит», отандық «КазЕР-6» тұқымының шығымы жан жадыратады. Егін жинауға қатысып жүрген техникалардың жұмысы өнімді.   Сондай-ақ серіктестік диқандары егілген бидайдың әр гектарынан 12,5 центнерден өнім иеленді. Мақсарыдан алынған өнім де бөтен болмаса, мал азығы да мол дайындалған.

 «Шаруасына ұқыпты  сында қысылмайды» деп тегін айтылмаса керек.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 қазан 2017 г. 963 0