«СЫБАҒАНЫҢ» СЫЙЫ, «ҚҰЛАННЫҢ» ҚҰТЫ

 Бүгінде Сыр өңірінде төрт түліктің ең көбейген кезі 1993 жылдан да асып түсті. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағ­дар­ламалары бойынша асылтұқымды мал өсіріп, халықты сапалы әрі отандық өнім­мен қамтып отырған шаруашылықтар кәсі­бін дөңгелентіп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауларында аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту үшін арнайы жобаны қолға алу қарастырылған болатын. Осы мақсатта ауыл шаруашылығына қаржылай көмек беретін «Сыбаға» бағдар­ламасы дүниеге келді. Ол мүйізді ірі қара малының экспорттық әлеуетін көтеруді көздейді. «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында берілетін бұл несиелерді еліміздегі қаржы институттары жүзеге асырып отыр. Мысалы, «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ-ның шарттарына сай ең жоғары несие көлемі 18 миллион теңге деп белгіленген болса, оны қайтарудың ең ұзақ мерзімі 84 айға дейін жетеді. Сондай-ақ алғашқы 3 жыл ішінде шаруаларға бірқатар жеңілдіктер де жасалады.

«Сыбағадан» өз сыбағасын алып, шаруа­шылығын дамытып отырған еңбек­қор жандар біздің өңірде де аз емес. Облыс­та 69 шаруа қожалығы 428,5 млн теңгеге 2504 бас сиыр сатып алып, жоспарды 119,2 пайызға артығымен орындады. Зеңгі баба тұқымын Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандары артығымен сатып алып, сиыр басын көбей­туді мақсат тұтқан.

Ал, «Құлан» бағдарламасы туралы айтар болсақ, жылқықұмар жұрт үшін жа­ғымды жаңалық еді. Жылқы шаруа­шы­лығын дамытуға арналған «Құлан» кредиттеу бағдарламасының басты мақсаты етті және етті-сүтті жылқы басын ұлғайту болса, қарапайым шаруаны жылқылардың аналық басын көбейтуден бөлек, асылтұқымды айғырларды сатып алу қатты қызық­ты­руда. Демек, облысымызда жыл­қы малын асылдандыруға барын салып жүрген отан­дас­тарымыздың қарасы көбеймесе, азаймайтыны анық. Бұл бағытта аймақта сатып алуы жоспарланған 500 бас бие орнына 509 бас бие алынған. 148,0 млн теңге қаржыға алынған жылқылардың басым бөлігін Қызыл­орда қаласы мен Қазалы ауда­нының шаруа­шылықтары бағымда ұстап отыр.

Қазір қой баққанға да мемлекет тарапынан қолдау бар. Уақ малдың асылын баптап, қой санын ұлғайтуға, ет өндіруге кіріскендер озып жатыр. Биылғы жылдың төрінде «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 10 шаруашылық 51,6 млн қаржыға 1513 бас қой алып, жоспарды 151,3 пайызға артығымен орындады. Жаңақорған, Шиелі аудандары мен Қызылорда қаласының шаруашылықтары қой тұқымын асылдандырып, марқасын экспортқа шығарып та үлгерді.  Демек, таяқ ұстаған шопандардың тірлігі одан әрі берекелі жалғасын табары сөзсіз.

Бүгінде облыстың агроөнеркәсіп кеше­ніне жасалып жатқан мемлекеттік қол­даулардың нәтижесінде ауыл шаруа­шы­лығының жалпы өнім көлемі соңғы 4 жылда 48 млрд теңгеден 80,6 млрд теңгеге дейін өсті. Ал саланың негізгі капиталына салынған инвестиция осы кезеңде 17,7 есеге артты.

Жыл сайын «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша жос­пар­дың артығымен орындалуы нәти­жесінде 2013 жылмен салыстырғанда облыс бойынша мүйізді ірі қара саны – 21,0, жылқы – 53,9, түйе – 34,6, қой 40,3 пайызға артты. Сонымен қатар, асыл тұқымды мал саны – 47,5, жылқы – 52,5, түйе – 20,6, қой 6,1 пайызға көбейген.

Аталған бағдарламалардың игілігін көріп отырған кооперациялар да бар. Қа­зір­гі таңда облыста 2503 жеке қосалқы шаруа­­шылықтың бірігуі мен 236 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған еді. Бүгінге дейін олардың 31-і 2443,0 млн теңге несие алып, барлығы 566 отбасылық мал бордақылау алаңы (11599 бас сиыр алынды), 278 шағын отбасылық сүт фермалары құрылды (2709 бас сиыр сатып алынды). Жалпы облыста агроөнеркәсіптік кешенін дамыту және экспорттық әлеуетін арттыру бағытында 2017-2020 жылдар аралығында 30 млрд теңге көлеміндегі 99 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.

Мемлекеттік қолдау Сыр өңіріндегі түлік басының көбеюіне айтарлықтай сеп болып отыр. Ендеше «Құлан», «Алтын асық» және «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламалары бойынша облысымызда мал шаруашылығын өркендетуге лайықталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары міндеттеріне сай кәсіпкерлікке өз үлесін қосып жүрген азаматтардың тірлігі бір төбе.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 қазан 2017 г. 700 0