« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жұмыс сапарымен Сыр өңіріне келді. Мемлекет басшысын облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Байқоңыр әуежайында күтіп алды. Елбасы алдымен «Байқоңыр» кешені мен жұлдызды қаланың даму жоспарымен танысты.
«Бәйтерек» жобасы ғарышты игеру жолы
Мемлекет басшысына Қазақстан мен Ресей арасында қабылданған «Байқоңыр» кешеніндегі одан әрі ынтымақтастық тұжырымдамасының іске асырылу барысы көрсетілді. Сондай-ақ, Президент «Бәйтерек» бірлескен жобасына қатысты атқарылып жатқан жұмыстармен де танысты. Қазіргі таңда қазақстандық кешенді өнеркәсіп пен жоғары технологияға бағытталған орталық ретінде дамыту көзделіп отыр. Ал осы бағыттағы басты шараның бірі – «Бәйтерек» жаңа зымыран кешенін салу. Бұл жаңа бастамаға Қазақстанмен бірге Ресей тарапы да мүдделі. Бірлескен жоба аясында салынатын кешеннің ұшырылу аймағын Қазақстан тарапы дайындаса, зымыранды құрастыру Ресей жағының еншісінде. Осылайша қос тараптың күшімен айлақтың жаңа тынысы ашылмақ.
– Ресеймен жасалған уағдаластықтар аясында кешенді дамытудың стратегиялық бағыттары айқындалды. Арнайы құрылған үкіметаралық комиссия мен үкіметтеріміз тиісті жұмысты үйлестіруде. Нақты шаралар қабылданып жатыр. Бірлескен кәсіпорындар құрып, тікұшақ пен ұшақ жөндейтін және шағын ұшақ құрастыратын ірі тораптық орталық ашу жоспарланып отыр. Осылайша қаланы өнеркәсіп пен жағары технология орталығы ретінде дамыту көзделіп отыр. Ал, «Бәйтерек» жобасына келетін болсақ, оны іске асыруды жеделдету және жаңа зымыранды іске қосу мерзімі 2025 жылдан 2022 жалға дейін ауысты. Біз ресеймен бірлесіп ғарыштық державаға айналуымыз керек, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Сонымен қатар, «Бәйтерек» жобасының аясында Байқоңыр қаласын да жан-жақты дамыту көзделіп отыр. Мемлекет басшысына жұлдызды қаланы дамыту перспективалары мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған іс-шаралар жөнінде баяндалды. Қазіргі таңда қалада әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету назарға алынып отыр. Соңғы он шақты жылдың көлемінде мұнда бірде-бір тұрғын үй бой көтермеген екен. Қазіргі таңда 5 көпқабатты үй құрылысын жүргізу көзделіп отыр. Сондай-ақ, қала іргесіндегі газды тұрғындар игілігіне жарату жұмыстары биылдан басталмақ. Алғашқы кезектегі 6 нысан әзірленіп, келер айда көгілдір отынға қосу қолға алынады. Сонымен қатар, Қазақстан тарапы өз қамқорлығына алған 6 мектеп пен балабақша да табиғи отынға қол жеткізеді. Елбасы, сонымен қатар, қаланың болашағы зор екенін және өңірдің экологиялық қауіпсіздігін арттырудың маңыздылығын да атап өтті.
– Қажетті инфрақұрылым дамып келеді. Қала газбен қамтамасыз етіліп, тұрғын-үй кешендері мен әлеуметтік нысандар салынатын болады. Сондай-ақ, жергілікті халықты жұмыспен қамту үшін бірлескен кәсіпорындар құру қажет, – деді Мемлекет басшысы.
«Қорқыт ата» кешені туристік нысанға айналды
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың облыстағы жұмыс сапары одан әрі Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата» мемориалды кешенінде жалғасты. Елбасы сәулетті кешенді аралап, музейдегі жаңартылған жәдігерлермен танысты.
Түбі бір түркі әлемінің рухани тәлімгері, ғұлама ойшыл Қорқыт бабамыздың құрметіне қойылған ескерткіш 1980 жылы бой көтерді. Ал 2014 жылы Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша мемориалдық кешен қайта жаңғыртылып, оның жанынан қосымша «Қорқыт ата зиярат ету орталығы» салынды. Мәдени кешен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бойында орналасқан. Бұл туристер ағымының, әсіресе, «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі кезінде шетелдік қонақтар қатарының артуына ықпал жасады. Ұлы жолдың бойындағы мемориалдық кешен мен «Байқоңыр» ғарыш айлағына биылғы жаз бойы 13 мыңнан астам турист арнайы келген. Жалпы, жаңа келбетке енгелі мұнда тоқтайтын, арнайы келетін туристер қатары уақыт санап артып келеді. Осылайша, мәдени кешеннің тарихи-тағылымдық, танымдық мәні бұрынғыдан да арта түсті.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ел тарихына қатысты құндылықтарымызды қайта жаңғырту қажеттіліктері айтылды. Баба мұрасын ЮНЕСКО-ның әлемдік рухани құндылықтар тізбесіне енгізу жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде тарихи орындарды түгендеп, көпшілікке насихаттау да көрсетілген. Осы орайда, түркі халықтарының барлығына ортақ тұлға – Қорқыт ата мұрасын халық қазынасына айналдырудың да маңызы ерекше. Бүгінде бұл бағытта ауқымды мәдени шаралар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, жуырда ғана бұл киелі мекенде 4-ші мәрте «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» Халықаралық музыкалық өнер фестивалі өтті. Оған әлемнің 10 елінен ғалымдар мен өнерпаздар келді. Өнер фестивалінде ұлы ұзан күйлерін әлемнің әр түкпіріндегі түркітілдес елдерден келген ұрпақтары жалғады. Қорқыт бабамыз іздеген мәңгілік әуен, бәлкім, осы болар...
Мемлекет басшысына мемориалдық кешенді тамашалау барысында мұнда жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесі баяндалды. Алдағы уақытта бұл жұмыстар одан әрі жетілдіріліп, қасиетті мекенді танымал туризм нысанына айналдыру міндеті тұр.
Елордаға қарап бой түзеген қала
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қызылорда қаласында алдымен Сырдария өзенінің сол жағалауындағы шығыстық үлгіде жаңғыруды көздеген жаңа қала жобасымен танысты.
Сырдарияның арғы беті мен бергі бетін байланыстыратын жаңа көпірге келген Елбасы осында құрылысшылармен жүздесті. Президент «Мына көпірді жолын кең әрі үлкен етіп, жақсы салған екенсіңдер» деді риза кейіппен. Сор топыраққа айналған жерден қала салу үлкен еңбекті қажет ететінін атап өтті.
«Урбостиль» ЖШС директоры Любовь Нысанбаева Мемлекет басшысына жаңа қаланың сызбалық нұсқасын таныстырды.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сырдария өзенінің сол жағалауынан бой көтеретін қала жайлы айтып, жүргізіліп жатқан құрылыстың маңызына тоқталды. Сонымен қатар, бұл жерге салынатын ғимараттардың макеті арқылы жаңа қаланың болашақ келбеті көрсетілді.
Аймақ басшысы қаланың Бас жоспарына сәйкес, сол жағалаудың 1532 гектарын игеру көзделіп отырғанын, оның Елордаға қарап бой түзеп келе жатқанын жеткізді.
Негізінен сол жағалаудағы аумақ 15 ауданнан құралады. Атап айтқанда, тұрғындарға арналған 11 аудан, 1 индустриалдық аймақ және 3 ірі парк пен бульвар қарастырылып отыр. 2013 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 132,9 млн теңгеге Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 1532 гектар аумаққа инженерлік-геологиялық және геодезиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. 2014 жылы осы аумақтың түбегейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Аталған жоба облыс әкімдігінің қаулысымен бекітілді. Сол жағалауды кешенді игерудің алғашқы кезеңі 2017-2024 жылдар аралығына белгіленген. Десе де, бұл бағыттағы жұмыстар мерзімінен бұрын басталды. Дәлел ретінде өткен жылы пайдалануға берілген Сырдария өзенінің екі жағалауын байланыстыратын көпірді айтып өтуге болады. Биыл да бұл жұмыстар өз жалғасын тапты. Ағымдағы жылдың мамыр айында Сырдария өзенінің сол жағалауынан 5 қабатты 18 тұрғын үй мен 320 орындық балабақшаның іргетасы қаланды. Ең бастысы, бұл нысандар құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен салынады. Ал, жоба құны 742 млн теңгені құрайтын 320 орындық балабақшаның құрылысы «Абу-Сер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынуда. Бүгінде бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының нұсқасы бойынша облыстық музейдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Өздеріңізге белгілі, Қызылордада, дәл осы Қазақ Орталық Атқару комитетінде 1925 жылы бұрын «қырғыз-қайсақ» атанып келген ұлтымыз «Қазақ» деген түпкі атын ресми иеленіп, тарихи шешім қабылданған болатын. Оның бір жағы мұражай да, екінші жағы Рухани жаңғыру орталығы болады.
Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жобалық үлгі мен сызбалық нұсқаны пайдаланып, аталған аймаққа салынатын ғимараттар жайлы айтып, Қызылордадағы басқа да құрылыс жұмыстарына тоқталды.
– Жыл басынан бері Қызылорда қаласында барлығы 230 мың шаршы метр болатын 2 мың 971 пәтерлік 61 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде жеке инвесторлардың өз қаржысы есебінен 957 пәтерлік 24 көпқабатты тұрғын үй, мемлекеттік бағдарламалар арқылы 2 мың 14 пәтерлі 37 көпқабатты тұрғын үйлер салынуда. Бүгінгі күні соның ішінен 24 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілсе, халық қаражаты есебінен жалпы ауданы 180 мың шаршы метрді құрайтын 1280 жеке тұрғын үй құрылысы салынды, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Елбасы сол жағалауда атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, құрылысшылармен кездесті.
– Құрылысты салу үшін әртүрлі сәулет тәсілдерін пайдаланып, сапалы әрі көрікті етіп салу керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мен Қызылордаға келгенде өңірдің жағдайы қиын еді. Оған қаржы салғанша, басқа жерге көшірген дұрыс па деп те ойладым. Бірақ адамдар «ата-баба мекенінен қайда кетеміз?» деді. Біз қолымыздан келгеннің бәрін істедік. Қазір көріп тұрғандарыңыздай, халықтың жағдайы жақсы, – деді Елбасы.
Бұл жерде «Сәт-Сервис» ЖШС директоры Роза Иманова сөз сөйлеп, құрылысшылардың атынан ризашылығын білдірді.
– Аса құрметті Елбасы, сарабдал саясат ұстанып, еліміздің дамуына жарқын жол ашқаныңыз үшін сізге шексіз ризамыз. Туған елімізді гүлдендіру жолында аянбай еңбектенетінімізді жеткізгіміз келеді, – деді ол.
Ал, қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов «Болашақ» университетінің қалашығы салынатынын айтып берді.
– Сол жағалауда «Болашақ» университетінің бүтін бір қалашығы бой көтереді. Атап айтқанда, 12 қабатты әкімшілік ғимарат, оқу корпустары, Студенттер сарайы, клиникалық құралдармен жабдықталған медициналық колледждің және «Болашақ» колледжінің ғимараты, балабақша, дендросаябақ пен мегаорталық орналасатын болады. Бұл жобалардың барлығы жүзеге асқан жағдайда «Болашақ» университетінің қалашығы сол жағалаудың көрікті жерінің біріне айналады. Болашақ – жастардың қолында. Қазір жастарға үлкен мүмкіндік жасалып отыр. Еліміздің келешек тірегі болатын жастарға қамқорлық танытқаныңыз үшін сізге рахмет, – деді қоғам қайраткері.
Мемлекет басшысы Астана секілді сол жағалауға құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан құрылысшыларға алғыс айтып, табысты болыңдар деген лебізін білдірді. Осындай жылы жүздесу барысында облыс басшысы Сыр елінің Астанадан үлгі алатынын жеткізді.
Сол жағалаудағы құрылыс жұмыстары мұнымен толастап қалмасы анық. Келер жылы осы аумақта 100 келушіге арналған емханамен қоса 300 төсектік көпсалалы облыстық аурухана, 600 орындық мектеп, Неке сарайы және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 500 келушіге арналған емхана құрылысын жүргізу де жоспарда бар. Сондай-ақ, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында, «Шіркейлі» каналы үстінен өтетін көпір, қала орталығындағы жаңа көпірден бастап «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолына дейінгі аралықты жалғайтын 5 шақырымдық магистральді көше және ұзындығы 7,8 шақырым болатын Сырдария өзенінің сол жағалау бойынан автомобиль жолының құрылысы жүргізіледі.
Елбасы кездесуде облыста құрылыс жұмыстары аса жоғары қарқынмен жүргізіліп жатқанын айрықша атап өтті.
Шыны зауыты – Орта Азияда баламасы жоқ өндіріс
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жұмыс сапары Қызылорда қаласының Титов қыстағындағы индустриялық аймақта салынып жатқан шыны зауытында жалғасты.
Қуаты жылына 197 мың тонна өнім шығаруға жететін зауыт құрылысы 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде қолға алынған болатын. Бастамашысы «Orda Glass LTD» ЖШС болып саналатын жоба құны – 36,7 млрд теңге. Биылғы 15 мамырда Пекин қаласында өткен «Бір белдеу, бір жол» Халықаралық форумындағы Қазақстан мен Қытай мемлекеттері басшыларының кездесуі аясында қытайлық «Чайна Триумф» компаниясы мен «Orda Glass LTD» серіктестігі арасында меморандум жасалды. Ал 28 шілдеде құрылыс-монтаж шараларын бірлесе атқару жөніндегі келісімге қол қойылды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құрылыс нысанындағы қызу жұмыс барысымен танысып, аталған индустриялық жобаның ел экономикасы үшін болашағы зор екенін жеткізді. Сонымен бірге, аумағы 4 футбол стадионы болытын зауыттың ауқымына ерекше мән берді.
– Қызылордада бұрын-соңды мұндай жоба болған емес. Халыққа жұмыс болсын деп, басқа жерде салынатын зауытты осында әкелдім. Әртүрлі әңгімелер болды. Ол жерде ауа райы қолайсыз, жазы ыстық, қысы суық деді. Міне, құрылыс аяқталуға жақын. Шыны шығару – индустрияның алдыңғы қатарлы өндірісі. Зауыт іске қосылған жағдайда бұл жерде бір ғана облыстың емес, бүкіл Қазақстанның сұранысына жауап беретін көлемде өнім өндіріледі, – деді Мемлекет басшысы.
Зауытты алдағы 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығында іске қосу жоспарланып отыр. «Orda Glass LTD» ЖШС құрылыс жөніндегі директоры Бегалы Тоқаевтың айтуынша, қазір мұнда АҚШ, Финляндия және Қытайдан қажетті жабдықтың 96 пайызы жеткізілді. Мамандар металл бөлшектерін құрастырып жатыр. Ресей, Өзбекстан мен Түркия ықтимал өнім пайдаланушылар қатарында. Отандық мамандар қытайлық әріптестерімен бірге күн батареялары, смартфондар мен планшеттерге арнап өте нәзік шыны шығаратын зауыттың екінші кезеңін жалғастырмақ. Мұнда 300 жаңа жұмыс орны ашылады.
Құрылыс басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жергілікті бизнес қауымдастығының, ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен пікір алмасты. «Таң LTD» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев күріш өсіру ісіндегі жаңалықтармен бөлісті.
– Сырбойылық диқандар жаңа тұқымға, жаңа техникаға қол жеткізіп отыр. Біздің басты мақсатымыз – ауыл шаруашылығын қайта өңдеу секторына көшіру арқылы өнімімізді экспортқа шығару. Бұған бізде барлық мүмкіндік бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын облыстан мұнай, тұз бен шағын көлемде күріш, балық сыртқа шығарылатын. Тек соңғы төрт жылдың ішінде күріш экспорты 28 пайызға, балық экспорты 8 еседен жоғары көрсеткішке артты, – деді шаруашылық жетекшісі.
Кездесуде облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпкерлерді қолдау шараларына тоқталды. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша облыста бүгінде пилоттық режимде Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарының тұрғындары оқытылуда.
– Жыл соңына дейін алты лекпен 937 адамды оқыту жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін оқытудың 4-легі аяқталып, 667 қызылордалық оқып шықты. «Бастау-Бизнес» жобасы «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты бойынша халықты кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған. Жобаға ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікпен айналысуға әлеуеті бар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз азаматтар қатыса алады, – деді Ғ.Жақсылықов.
«Бизнес-кеңесші» оқу курсына қатысуға өтінім берушілердің саны басым. Мәселен, қазірдің өзінде 1452 адам осы жоба бойынша біліктілігін жетілдірген. Негізгі жоспар жыл соңына дейін 800 адамды оқыту болатын. Дегенмен, әлі де ниеттілер көп. Қазіргі күні Қызылордада кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр. Бизнесмендер орталықтан әртүрлі бағыттар бойынша консалтингтік және ақпараттық қызметтер ала алады. Ал ісін енді ғана бастаған кәсіпкерлер бизнес негіздерін оқып үйренеді. Сонымен қатар мұнда менеджмент технологиялары, бухгалтерлік есеп жүргізу, қаржы және салық есебі, кедендік рәсімдер туралы кеңес алуға мүмкіндік бар.
Шағын және орта бизнестің дамуы – кез келген ел экономикасының негізі екенін атап өткен ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев:
– Аймақ экономикасы көтерілсе, халықтың да жағдайы жақсарып, қоғамның даму қарқыны жоғарылайды, – деді.
Жастар – жарқын болашағымыз
Елбасы Қызылордадағы “Арай” спорттық-сауықтыру кешенінде сырбойылық жастармен кездесті. Кездесуге бокстан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев, ауыр атлетикадан Азия ойындарының чемпионы Әсем Садықова, каратэ-додан Әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай, тағы басқа спортшылар жиналды. Сонымен бірге «Нұрсұлтан» есімін иеленген үздік оқушылар да Елбасымен жүздесуге облыс аудандарынан арнайы келді.
Аралдық Нұрсұлтан Жақсыкелдиев 2-сыныпта оқиды. Ол Мемлекет басшысына:
– Мен болашақта космонавт болғым келеді. Өйткені Президенттің өзінің самолеті бар. Ал мен әжемді, бірге оқитын достарымды және көрші балаларды самолетпен қыдыртқым келеді. Әсіресе, Сіз салған Астананы көргім келеді. Өйткені бәрі сол қаланы мақтайды, – деп балалық арманын айтты.
Тәуелсіз елдің азат ойлы өренінің асқақ арманын тыңдаған Елбасы кішкентай аттасының басынан сипап, ата-анасымен бірге Астанаға қыдырып қайтуға шақырды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев алдағы уақытта Нұрсұлтан мен оның жақындарының еліміздің бас қаласына барып-келуіне жағдай жасалатынын жеткізді.
Елбасымен кездесуге Мәскеуден К.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің 3-курс студенті Наргиз Кашапова да келді. Талапты жас болашақта жерге орналастыру және кадастр маманы болмақ. Ол 12 жасынан бастап балалар үйінде тәрбиеленген. Қызылордада 2015 жылы балалар үйі жабылып, «Атамекен» балалар ауылына айналғанда 11-сыныпты аяқтап қалған еді. Сол жылы қаламызға келіп емтихан қабылдаған Ресей университеттерінің сынағына қатысып бағын сынап көрді. Барлық емтихандардан жақсы нәтиже көрсетіп, Санкт-Петербург, Мәскеу, Қазандағы жоғары оқу орындарының грантына ие болды. Әйткенмен, Наргиздің өз таңдауы Мәскеуге түсті.
– Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Менің Мәскеуден келгеніме бір-екі күн болды. Ондағы өзім құралпылас жастардың Сізге деген сәлемін ала келдім. Мәскеудегі дос-құрбыларым Сіздің жас ұрпаққа артқан сеніміңізді ақтап, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосуға дайын, – деді Н.Кашапова.
Елбасы Ресейдің техникалық жоғары оқу орындарында білім алып жүрген барша қызылордалық жастардың сәлемін жеткізген Наргизге мейірімін төгіп, құшағына қысты. Тәуелсіз елдің болашағы – жастардың, жас мамандардың талабына, армандарына жету жолындағы ынта-жігерлеріне ризашылық білдірді.
Соңғы 4 жылда қызылордалық түлектер өнер мен мәдениет, білім мен ғылымның орталығы – Мәскеу мен Петерборда Ресей Үкіметінің гранты негізінде оқи бастады.
Бүгінде аймақ экономикасының сұранысына сай мамандықтар бойынша Ресейдің Мәскеу Ұлттық технологиялық зерттеу университетінде, К.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінде, Санкт-Петербург мемлекеттік өндірістік технология және дизайн университетінде 500-ден астам студент оқып жатыр. Бұл түлектер аймақтың ІТ, тау-кен, металлургия, мұнай, күрделі қосылымдар, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, тағы басқа салаларда еңбек етеді.
Алдағы уақытта М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің физика-математика мамандығына 20 грант бөлінбек. Оған қоса, ресейлік университеттерді бітіретін сырбойылық студенттердің ең үздіктеріне Сколково ғылым және технология институтының магистратурасына 20 грант тағайындалады.
Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін кәсіби мамандық алған жастарды жұмысқа орналастыру ісі қазірден бастап жүйеленуде. Оларға өндірісте, мемлекеттік органдарда жұмыс істеуге жол ашып, өз бизнесін өркендетуге ниетті жастардың талабына қолдау көрсетілетін болады.
Елбасы Аралдың Қосжар ауылынан келген Ерсұлтан Бақтыбаевты да тыңдады.
– Құрметті Нұрсұлтан ата! 2005 жылы біздің ауылға келгенде «Балама Сіздің атыңызды қояйын» деп қолқа салған атама «Нұрсұлтан бар ғой, балаңыз Ерсұлтан болсын!» деп менің атымды өзіңіз қойған екенсіз. Мен Сіз берген есімге лайықты болып, елімнің ержүрек Ерсұлтаны болғым келеді. Сізге мың да бір рахмет! – деді ол.
Ерсұлтанның еске түсірген кездесуі осыдан 12 жыл бұрын 2005 жылдың 27 сәуірінде Елбасының Аралға сапары барысында болған еді. Сол сапарда Қосжан ауылының тұрғыны Бақтыбай Шораев Елбасына:
– Нұреке, Сіздің келуіңіз қарсаңында қуанышты болып жатырмыз. Немеремнің есімін өзіңізге қойдырсам деген ниетпен келдім, – деген еді.
– Өзіңіздің жас шамаңыз қандай? – деді Президент.
– Қырқыншы жылғымын.
– Бір жылдың төлі екенбіз. Құрдастың немересінің есімі Ерсұлтан болсын! – деген сол жолы Елбасы. Міне, сол Ерсұлтан бүгінде өз мектебінің үздік оқушысы. Есімін мақтан тұтады. Ауылының, елінің арқасүйер азаматы болсам деп алдына мақсат қойған.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы спортшылардың ой-пікірлерін ден қойып тыңдады. Арқаларынан қағып, ақ батасын берді. Алдағы жарыстарда еліміздің Көк Байрағын жоғары көтеріп, жеңіспен оралуларына тілек қосты.
Одан әрі Елбасы «Арай» спорттық-сауықтыру кешенін аралап көрді. Бұл нысанда қазір аквапарк, аттракционды саябақ, клуб-мейрамхана, балалардың ойын алаңы, фитнес клуб пен жаттығу залы, сұлулық салоны, картинг жолдары, жедел тамақтану дәмханалары, түрік моншасы келушілерге өз қызметтерін ұсынады. Мұндай кешен бұрын Қызылордада болмаған. Аквапарктің су аттракциондары тек балалардың ғана емес, үлкендердің де демалысын өткізетін орынға айналды.
Осы күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың облысқа жұмыс сапары қорытындыланды.
Мәди ҚҰРМАНӘЛІ,
Азиз БАТЫРБЕКОВ,
Назерке САНИЯЗОВА,
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |