«КӨГІЛДІР ОТЫННЫҢ» ИГІЛІГІН КӨРДІК

Бүгінде Сыр халқы «көгілдір отынның» игілігін көріп, жайлы тұрмысқа бой үйретіп үлгерді. Облыс тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету үшін аймақты газдандыру бағытындағы жұмыстар қызу  жүргізілуде. Қазірдің өзінде Қызылорда қаласы мен Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған сынды төрт аудан орталығына табиғи газ тартылды.
Мемлекет басшысы 2012 жылы: «Еліміздің орталық аймақтарын, Астананы «көгілдір отынмен» қамтамасыз ететін газ құбыры желісін жобалап, оны іске асыруға кірісу керек. Қазақстан – мұнай мен газ өндіретін мемлекет. Сондықтан, елімізді газдандыру үшін қандай қиындыққа болса да қарамай, бұл іске кірісуге тиіспіз», – деп міндет жүктеген болатын.
Елбасының қолдауымен басталған ірі стратегиялық маңызы бар «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбыры Сыр өңіріне үлкен мүмкіндік берді. Облыс аумағынан өтетін 846 шақырымдық газ құбыры аймақты газдандыруға жол ашты. Бұл – Мемлекет басшысының халыққа жасаған тікелей қамқорлығы.  
Қызылорда облысының бір ерекшелігі, бұл аймақтағы барлық аудандар темір жол мен автомобиль жолының бойында орналасқан. Анығын айтқанда, тіршілік тіні болған Сырдария өзенінің жағалауында бой көтерген. Ал, батыстан келетін жалпы ұзындығы 1143 шақырым болатын «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбыры Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағынан өтеді. Бұл стратегиялық маңызды жобаның басты мақсаты – тұрғындар тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік облыстарын түгел газдандыру. Сыр өңірі – соның ең маңызды бөлігінің бірі. Тағы бір артықшылығы, жалпы,  облыстағы барлық елді мекендердің 85 пайызы осы «Бейнеу-Бозой» газ магистралінің бойында орналасқан. Мұның өзі бұл аймақты газдандыру мәселесі таяу уақытта оң шешімін табуына игі  әсерін тигізеді дейді мамандар.
Бұл жоба біздің республиканың ғана емес, бүкіл Еуразиялық континенттің транзиттік әлеуетін арттырады десек, артық айтқандық емес. Мемлекет басшысының газдандыру көлемін ұлғайту, энергия ресурстарын тасымалдауды әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын «ҚазТрансГаз» компаниясы жоспарлы түрде жүзеге асырып келеді.
Бүгінде отандық газ тасымалдау саласы нағыз техникалық жаңғыруды бастан өткеріп жатыр. Осы жылдың алғашқы жартысында Қазақстанда газ инфрақұрылымының жоғары технологиялық екі нысаны салынды. Олар – Ақтөбе облысындағы «Бозой» мен Қызылорда облысындағы «Қараөзек» компрессорлық станциялары. Екі жобаны да елді отандық газбен қамтамасыз етуді, стратегиялық «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральді газ құбырының тасымалдау мүмкіндігін арттыруды мақсат еткен ұлттық оператор – «ҚазТрансГаз» компаниясы жүзеге асырды.
Газ тұтыну көлемі күрт артатын жылу маусымы кезінде оңтүстік өңірлер газ тапшылығын сезініп келсе, енді аталған станциялардың жұмысы арқасында бұл мәселе толығымен шешілді деуге негіз бар. «Қараөзек» компрессорлық станциясының жобасын әзірлеген кезде Астана қаласын, еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін газдандыру қажеттігі де қаперге алынған.
Облысымыздағы «көгілдір отынның» игілігін көріп отырғандар бұрынғыдай от жағып, күл шығарудан құтылғандарын айтуда.
Қызылорда қаласының тұрғыны Жаухар Омарова: «Қазір, құдайға шүкір, жағдай жақсы. Үйге газ қосқалы бері пешке от жақпайтын болдық. Бұрын қыстың аязды күнінде бүрсеңдеп отын пұтап, үйді жылытқанша біршама уақыт кететін еді. Оның үстіне ол жаққан оттың қуаты ұзаққа жетпейді. Үнемі қадағалап, қайта-қайта көмір салумен әлек болатынбыз. Қазір күл шығармаған соң үй де таза, жылы жерде отырғаннан кейін көңіл де көтеріңкі», – деді ағынан жарылып.
Аймақты табиғи газбен қамту жұмыстары әлі де жүргізілуде. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы, газ инфрақұрылымын дамыту және қауіпті өндірістік нысандарды мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы Мадияр Садуахасұлының айтуынша, Сырдария өзенінің сол жағалауына газ таратушы желілерді салу жобасының жоба-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік-сараптаманың оң қорытындысы алынған. Сондай-ақ, Қармақшы ауданы Жосалы кентінде АГТС орнатумен қоса «Бейнеу-Шымкент» магистральді газ құбырынан бұрма-газ құбырының құрылысын жүргізу үшін 2017 жылға республикалық бюджеттен 500,0 млн теңге, облыстық бюджеттен 55,6 млн теңге қаралды. Қазіргі таңда, мердігер мекемемен келісім-шарт жасалып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Оған қоса, 2018-2020 жылдарға Жосалы, Сексеуіл, Қамыстыбас, Шоқай, Ақеспе, Ақсуат, Бесарық, Тереңөзек АГТС-терінің құрылысы мен Жалағаш, Жосалы, Жақсықылыш, Тереңөзек елді мекендерінің кварталішілік газ құбырларының құрылысы республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін 16,4 млрд теңгеге тиісті министрлікке бюджеттік өтінімдер жолданды.

Азиз БАТЫРБЕКОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қазан 2017 г. 552 0