Елбасы халыққа арнаған Жолдауында 2020 жылға қарай спортпен тұрақты шұғылданушы халық санын 30 пайызға жеткізу қажеттігін айтқан еді. Еліміздегі спорт саласына жасалған қамқорлықтың арқасында бүгінде бұл меже өз дәрежесінде орындалып келеді. Соның ішінде Сыр өңірінде де бұл бағыт жүйелі жүргізілуде. Саланың ауыз толтырып айтарлық жетістіктері мол.
Спорт саласының дамуы үшін бірінші кезекте нысандарының жеткілікті дәрежеде салынуы тиіс. Осы мақсатта облыста соңғы жылдары 9 спорт кешені бой көтерді. Сондай-ақ ауыл спортын гүлдендіруге де жеткілікті деңгейде көңіл бөлінуде. Мысалы, биыл осы мақсатта Жанқожа батыр, Мәдениет, Ақжарма, Еңбекші, Түгіскен ауылдарында және Сексеуіл, Төретам кенттерінде 7 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Келер жылы алыстағы ағайын да жаңа нысанның игілігін көреді.
Спортпен шұғылданушылар санын арттыру мақсатында «Мерей» шағын ауданында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды. Онда 1200 спортшы 17 спорт түрімен шұғылданатын болады. Сонымен қатар, қаланың шеткі аймақтары да назардан тыс қалған жоқ. Жастар дене шынықтыруға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Олимпиада комитетінің қолдауымен заман талабына сай 4 стрит воркаут алаңы салынды.
Сыр өңірінің спорт саласында соңғы жылдары қарқын алған тағы бір бағыт – спорт нұсқаушыларды көбейту. Бүгінде мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бюджеттен 113 млн теңге бөлініп, 138 елді мекенде 270 спорт нұсқаушы жұмыс жасауда. Олардың көмегімен 41 мыңға жуық тұрғын спортпен айналысуда.
Сыр спортына жасалған қамқорлықтың арқасында өңір саңлақтары түрлі додаларда жеңіс тұғырынан көрінді. Атап айтсақ, биыл Президент Н.Назарбаевтың жүлдесіне арналған «Қазақстан Барысы» турнирінде жерлесіміз Еламан Ерғалиев «Қазақстан Барысы» атанып, халық қуанышына бөленді. Сондай-ақ, жылдың басты жетістігі ретінде мәнерлеп сырғанаудан Элизабет Тұрсынбаеваның VІІІ қысқы Азия ойындарында қола медальді иеленуін айтуға болады. Одан бөлек Астана қаласында каратэ-додан өткен Азия чемпионатында Мөлдір Жаңбырбай 3-ші мәрте Азия чемпионы атанды. Ал Әсел Серікбайдың 3 дүркін, 2 дүркін Әлем чемпионы атануы мәртебемізді одан әрі асқақтатты. Жалпы, облыс спортшылары жыл басынан бері ҚР чемпионаттарында 649 медаль, Азия, Әлем чемпионаттарында 67 медаль иеленген. Бұл – зор жетістік.
Қазіргі таңда ауыл жастарының да спортқа деген қызығушылығы артқан. Бұл ауыл спортының да өркендеп келе жатқанын көрсетеді. Оған дәлел ретінде Ақтөбе қаласында өткен ҚР VI «Ақ бидай» ауыл спорт ойындарындағы облыс құрама командасының жетістігін айтуға болар. Осы додада жерлестеріміз 14 спорт түрінен сынға түсіп, жалпыкомандалық есепте 3-орынды жеңіп алды. Бұл осыған дейінгі ең жоғары көрсеткіш.
Сыр спортында бүгінде өзіндік мектеп қалыптасқан. Атап айтсақ, ауыр атлетика мен күрес өнерінен аймақтың әлеуеті зор. Сонымен қатар, қысқы спорт пен су спорты да қарқын алып келеді. Ұлттық ойындарымыздан да олжасыз емес. Бұл өңірдің спорт саласының бүгінгі таңдағы беделін көрсетсе керек.
Мәди ҚҰРМАНӘЛІ.