Тәуелсіздік алғалы бері қазақстандық жастар әлемнің әр қиырындағы жоғары оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болды. Олардың қатарында Сыр өңірінің асқақ арманға қол созған қыз-жігіттері де жетерлік. Соңғы 4 жылда қызылордалық жастардың талабы бұрынғыдан да шыңдала түсті. Өйткені біздің түлектер өнер мен мәдениет, білім мен ғылымның орталығы – Мәскеу мен Петерборда Ресей Үкіметінің гранты негізінде оқи бастады.
Бүгінде аймақ экономикасының сұранысына сай мамандықтар бойынша Ресейдің үш университетінде барлығы 390 студент оқып жатыр. Оның ішінде Мәскеу Ұлттық технологиялық зерттеу университетінде 19 мамандық бойынша – 204 студент, Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінде 22 мамандық бойынша – 98 студент, Санкт-Петербург мемлекеттік өндірістік технология және дизайн университетінде 10 мамандық бойынша 88 студент білім алуда.
Алдағы жылы Мәскеу Ұлттық технологиялық зерттеу университетін 61 бала, Санкт-Петербург мемлекеттік өндірістік технология және дизайн университетін 21 бала бітіреді. Биыл Мәскеу Ұлттық технологиялық зерттеу университетіне 14 бала, Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетіне 24 бала, Санкт-Петербург мемлекеттік өндірістік технология және дизайн университетіне 24 бала, барлығы 62 бала оқуға қабылданды. Мәскеу мен Петербордың маңдайалды университеттеріне оқуға аттанған студенттердің алғашқы легі алдағы жылы қолдарына диплом алмақ. Арманшыл жастардың қиялына қанат бітіріп, қолдау көрсеткен аймақ басшысының қамқорлығына жастар да, ата-аналар да дән риза. Олардың еңбек нарығының сұранысына сай техникалық мамандықтарды игеруі өздерінің де, елдің де игілігі.
Болашақта бұл түлектер аймақтың ІТ, тау-кен, металлургия, мұнай, күрделі қосылымдар, құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, тағы басқа салаларда аймақта индустриалды-инновациялық жобалардың сәтті іске асуына, экономикамыздың өркендеуіне өздерінің үлесін қосатын болады.
Жақында ресейлік оқу орындары студенттерінің аймақ басшысымен кездесуінде олардың бойынан білімге, ата-ананың үмітін ақтауға деген талпынысты байқадық. Болашаққа құрған жоспарлары туралы жанарларынан от жалындап отырып айтып берді. Бірі – оқу бітірген соң әрі қарай ғылым жолына түскісі келеді, енді бірі – өз бизнесін ашып, алған білімін кәдеге жаратудың тың тәсілін ойлап табуға ынталы.
Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін кәсіби мамандық алған жастарды жұмысқа орналастыру қазірден бастап жүйеленуде. Оларға өндірісте, мемлекеттік органдарда жұмыс істеу мүмкіндігі ұсынылмақ. Сондай-ақ өз ісін ашып, бизнесін өркендетуге ниетті жастарға да қолдау жасалмақ.
Бүгін бар нәрсе ертең жоқ болатын тым өзгермелі уақытта өмір сүріп жатқандықтан өмірдегі сан қилы құбылыстарға таңғалмаймыз. Бірақ, ешқашан өзгермейтін бір ақиқат бар. Ол – білім алу, оқу, үйрену әрқашан да трендте болады.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.