ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖАҢА САТЫҒА КӨТЕРІЛДІ

Қазақстанның бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына енуінің негізгі шарттарының бірі – денсаулық саласының дамуы және халық денсаулығының жақсаруы болып табылады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 5 институционалдық реформасының «100 нақты қадам – Қазақстан мемлекеттігін нығайтудың жаңа кезеңі» Жоспарының қабылдануы да осы сөзіміздің дәлелі. Осы Ұлт Жоспарының 80, 81, 82-қадамдарында денсаулық саласы дамуының маңызды бағыттары айқындалып, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, халық денсаулығына ортақ жауапкершілік және салауатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттау бағытындағы бастамалар нақтыланды.
Осы бағытта соңғы жылдары облыстың денсаулық сақтау саласында ілкімді істер мен өміршең жобалар жүзеге асырылып келеді. Мәселен, былтыр аталған салада ауқымды істерді атқару үшін 32 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Сонымен қатар, бір жылда 14 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Одан бөлек, былтыр маусым айынан бастап облыста офтальмохирургиялық орталық ашылып, аймақ тұрғындарына медициналық көмек көрсетуде. Оған жергілікті бюджеттен 90 млн теңгеге жоғары диагностикалық құрал-жабдықтар алынып, алдыңғы жылмен салыстырғанда өткен жылы жасалған ота саны 2 есеге өсті. Сондай-ақ, облыстық медицина орталығынан «ХХІ ғасырдың індеті» атанған қант диабеті немесе сусамыр дертіне шалдыққандарға арналып «Диабет орталығының» ашылғаны белгілі. Аталған орталық диабетпен ауыратын аймақ тұрғындарының жағдайын бақылап, медициналық көмек көрсету, аталған аурудың алдын алу бағытында жұмыстар атқарады. Мұнан басқа мемлекеттік бағдарламалар мен инновациялық жобалар аясында да игілікті шаралар атқарылуда. Қысқасы, медицина саласында ауыз толтырып айтарлық артықшылықтар жетерлік. Ал, толымды тірлікті тарқатар болсақ.
Бүгінде облыстағы барлық емхана бірыңғай ақпараттық платформа аясында қызмет көрсетуде. Тұрғындар үйден шықпай-ақ, дәрігердің қабылдауына жазыла алады. Жаңа қызмет түрі «Еmdeu.кz» сайты арқылы жүзеге асады. Халыққа қолжетімді қызмет тәулік бойы демалыссыз жұмыс істейді. Жаңа жүйе арқылы интернет желісін пайдаланып немесе телефон шалып, қажетті маманды үйге шақыртуға да болады. Бұл медициналық қызметтің сапасын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.
Халық денсаулығы қашан да маңызды мәселелер қатарында. Соның ішінде ұрпақ саулығы бірінші орында болуы тиіс. Мұны ұлт келешегіне жасалған қамқорлық деп түсіну керек. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев ана мен бала денсаулығына ерекше мән берілуі қажеттігін үнемі айтып келеді. Бүгінде өңір бұл бағытта бірқатар бас¬тама жасап, оң өзгерістерге қол жеткізді. Мысалы, былтыр аймақта республика бойынша бірінші болып босанғаннан кейінгі оңалту орталығы пайдалануға берілді. Ақ халаттылардың айтуынша, бұл нәрестенің денсаулығын ұдайы бақылауда ұстап, қадағалауға септігін тигізеді. Ана мен балаға жасалған қамқорлық арқасында былтыр бұл көрсеткіш 10,5 пайызға жақсарған. 2015 жылы аймақта анаға қатысты қайғылы жағдай 9 рет тіркелсе, былтыр 1 оқиға орын алған. Ал осы жылы сәби өлімі көрсеткіші өткен жылмен салыстырмалы 34,4 пайызға төмендесе, ана өлімі дерегі мүлдем тіркелмеген.
Сонымен қатар, жоғары мамандандырылған медициналық көмек ауқымын кеңейту де басты назарда. Оған республикалық бюджеттен қосымша 1,5 млрд теңге бөлінген. Тиісінше нәтижесі де жоғары. Жүрекке ашық ота жасау 20 пайызға, нейрохирургиялық операциялар саны – 27, ал эндопротездеу саны 2 есеге өскен. Одан бөлек Қазалы аудандық орталық аурухана базасында Арал, Қармақшы аудандары мен Байқоңыр қаласының тұрғындарына арналған үшінші ауданаралық нейроинсульттік орталық пен нейроинсульттік оңалту бөлімшесі ашылды. Сонымен бірге, №3 қалалық емхана жанынан да нейрооңалту орталығы іске қосылды. Аймақтың денсаулық сақтау жүйесіндегі жемісті шаралар нәтижесінде туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші 100 мың адамға шаққанда өткен жылмен салыстырғанда 5,6 пайызға, өлім-жітім 30,8 пайызға төмендеп, 1,8-ді құрады. Нәтижелі көрсеткішті қан айналымы жүйесі аурулары мен қатерлі ісіктің азаюынан да анық аңғаруға болады.
Медицина саласы салғырттықты көтермейді. Сәл ғана сәтсіздік адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Мұнда тек білік пен білімге ғана орын бар. Сондықтан адам өмірінің арашашысы ақ халаттыларға артылар жүктің салмағы да ауыр. Ал медицина қызметкерлері сол сенім үдесінен шыға білу үшін біліктіліктерін арттырып отыруы қажет. Бүгінде мамандар даярлауға ерекше мән беріліп отыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова осыған байланысты арнайы 3 жылдық жоспар әзірленгенін айтады. Дәрігерлердің алғашқы легі біліктілігін арттырып үлгерді. Оқуын аяқтаған клиникалық фармаколог-дәрігерлер жұмыстарына кірісіп кетті. Сондай-ақ, қайта даярлау курстары арқылы аса қажетті 135 дәрігер қайта оқытылды. Былтыр осындай шаралар арқасында неонатолог, травматолог, онколог секілді өте қажетті мамандардың орны толтырылды. Осылайша 81 жас маман салаға тартылып, оның 60 пайызы алғашқы емдеу ұйымдарына жіберілді. Нәтижесінде дәрігерлермен қамтылу көрсеткіші 87 пайыздан 95 пайызға дейін көтерілді. Биылғы алғашқы жартыжылдықта 34 қажетті маман қайта оқытылып, 828 дәрігер, 556 мейірбике біліктілігін арттырған. Бұл байыпты жұмыстар одан әрі жалғасын таппақ.
Айта кету керек, соңғы екі жыл қатарынан облыс үшін қажетті мамандарды резидентураға дайындау мақсатында облыс әкімінің гранты бөлініп келеді. Былтыр 11 резидентке грант бөлінсе, биыл оның саны 20-ға жетіп отыр.
Аймақтағы аудандар мен шалғай ауылдардағы медициналық көмек сапасын жақсарту да жоспардан тыс қалған емес. Ондағы материалдық-техникалық базаны нығайту, маман тапшылығын шешу секілді міндеттер кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Биыл Жаңақорған аудандық емханасы, Қазалы аудандық орталық ауруханасы салынып, қолданысқа берілді. Ал Арал ауданындағы аурухана құрылысы жалғасуда.
Денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша да жобалар жүзеге асуда. Бұл бағытта жалпы құны 4,6 млрд теңге болатын 6 нысан құрылысы жүргізілуде.
Денсаулық сақтау саласындағы серпінді істерді жандандыру мақсатында 2017-2019 жылдарға арналған объектілерді жаңғырту жоспары бекітілді. Осының аясында 79 денсаулық сақтау нысанын, оның ішінде 76-сы жеке инвестиция және жергілікті бюджеттен, 3-і республикалық бюджеттен қаржыландырылмақ.
Жалпы, Сыр медицинасының сырбойылықтар саулығын сақтауда қол жеткізген жетістері мол-ақ. Тұрғындар саулығын басты назарда ұстау одан әрі жалғаса бермек.

Айнұр БАТТАЛОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қазан 2017 г. 815 0