СЫРДАҒЫ СЕРПІН

Тарихқа көз жүгіртейік. Тәуелсіздіктің алғашқы сындарлы кезеңінде Елбасының алдында екі Жарлықтың жобасы жатқанын білеміз. Біріншісі – Қызылорда облысын  тарату, екіншісі Арал ауданы тұрғындарын басқа аймаққа көшіру туралы болатын. Бұл шындығында қиын кезең еді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев кең-байтақ шекарамызды шегендеп, 2500 пайызға өскен инфляцияны жеңумен, тоқтап қалған өндірісті жандандырумен, құлдыраған ауылмен, жарығы сөнген қалалармен айналысып жатқанына қарамастан, Алаштың анасы – Сырға сенім ұялатып, айдыны қайтқан Аралға араша болды.

1992 жылы Елбасы Біріккен Ұлттар ұйымының мінберінде Арал теңізінің тағдырын қозғады. Қызылорда қаласында теңізбен шекаралас жатқан бес мемлекет басшысын жиып арнайы мәжіліс өткізді. Адамзат баласына ортақ мәселені шешудің жолын қарастырды. Сөйтіп Арал теңізін құтқару қоры құрылды. «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасы өмірге келді.  Ғасыр жобасының алғашқы кезеңі бойынша тартылып қалған теңіздің табанына су келді. Кіші Арал теңізі пайда болды. Теңіздің кеуіп қалған ұлтанынан ұшқан тұздар азайып, экологиялық ахуал жақсарды.  Байырғы балық кәсіпшілігі қайта оралды.  Қиын кезеңде басқа аймақтарға көшкен ел ата қонысқа қайта орала бастады. Қазір қызылордалықтар Мемлекет басшысына осынау маңызды жобаны жүзеге асырғаны үшін шексіз алғысын білдіреді.

Экологиялық апат аймағындағы тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету туралы заң Елбасының тікелей пәрменімен қабылданды. Мемлекет басшысы Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткен кезінде жариялаған өз Үндеуінде ең алдымен Арал мәселесін көтерген болатын. Ал 2005 жылы облысқа арнайы іссапармен келгенде «Ең таза су – аралдықтарда» деп таза ауыз су құбырын өз қолымен қосып бергені аудан тұрғындарының әлі көз алдында.

Елбасы аймақтың дамуына ұдайы қамқорлық жасап келеді. Мұнайлы өлкенің қазынасы ортаймасын деген мақсатта Қарағанды облысынан жалға алынған жердің мерзімін ұзартты. «Жезқазған-Сексеуіл-Бейнеу» теміржол желілерінің құрылысы жүргізіліп, Сексеуіл арқылы өтетін теміржол бойында көптеген нысандар ашылды.  Жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылды.

Қызылордалықтар әсіресе Елбасының Сыр өңірін газдандыруға қатысты  жобаларын аса ризашылықпен қабыл алды. Бұл жоба қазір жалғасын табуда. Аймақтың елді мекендерінің 85 пайызы «көгілдір ­отынмен» қамтамасыз етіліп отыр. Елбасының «Мен Аралға көмек­тессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын!» деген тарихи сөзі бүгінде аймақ халқының жүрегінде мәңгі жатталып қалды. Мемлекет басшысы өзінің ерлікке пара-пар ісімен Қазақстанда, әлемде «Арал өлді» деген тіркесті түгелімен өзгертті.

Елбасының тікелей қамқорлығы арқасында Сыр өңірінде қол жеткен жетістіктерді бүгінгі таңда былайша бағамдауға болады. Соңғы жылдары облыс бюджеті екі есеге дейін өсті. Әлемдік мұнай рыногында күрделі жағдай қалыптасқанына қарамастан, аймақта күрделі істер жүзеге асырылуда. Әсіресе Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясында өңірде негізгі секторларды қайта жаңғырту, еңбек өнімділігін арттыру бойынша қыруар шаруалар жүзеге асырылуда. Үстіміздегі жылдың басында өңдеу секторындағы өндіріс көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 9,4 пайызға өсті. Ғажабы сол, оның өсімі 2013 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артты. Салыстырмалы түрде айтқанда, аталған кезеңде Қазақстан Республикасы бойынша бұл саланың өсім қарқыны 8 пайызды төңіректейді.  Айта кетерлігі сол, шикізаттық емес сектордың жалпы ішкі өнім құрылымындағы үлесі соңғы төрт жылда 3 есеге өсті.

Бір ғана «Аралтұз» акционерлік қоғамында жаңа ­технологияны енгізу арқасында өнім экспорты 40 есеге ұлғайды. Соңғы екі жыл ішінде кәсіпорын Ресейдің ас тұзы  рыногының 12 пайызын жаулап алды.

Облыс өңірінде қосымша құны жоғары өнімдерді өндіруге айрықша мән берілуде. Молибден өндірісін салып, оны Жапонияға экспорттау, сирек кездесетін бағалы металдарды өңдеу қолға алынуда. Осыған сәйкес болашақта Сыр өндірісінің әлеуметі біршама артатын болады. Болашақта Сыр өңірінің  шикізаттық емес секторын жандандыру бағытындағы мүм­кін­діктері барынша іске қосылады.

Бүгінде Сыр аймағының тұрғындары Мемлекет ­басшысына Тәуелсіздік жылда­рындағы осыншама жасаған қамқор­лығы үшін аса риза­шылығын білдіреді.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қазан 2017 г. 535 0