АГРАРЛЫ АЙМАҚТАН ИНДУСТРИЯЛЫҚ ӨҢІРГЕ

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылғы халыққа жолдаған дәстүрлі Жолдауы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталғаны белгілі. Өйткені, Мемлекет басшысы Үкіметке  Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып, елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру туралы тапсырма берді. Соған орай, Үкімет алдына шикізаттық емес экспорт көлемін 2025 жылға қарай 2 есеге дейін арттыру міндетін белгіледі. Ал ол межеге қол жеткізу үшін басым салаларда бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамыту үшін индус­трия­ландыруды жалғастыра беруге тиіспіз.

Басты мақсат Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру арқылы халықтың әл-ауқатын жақсартып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жол ашып, бәсекеге қабілетті мемлекет қалыптастыру. Осы ретте еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына Қызылорда облысы өзіндік үлес қосып келе жатқан аймақ екенін ерекше атап өтуге ­болады. Өткен жылдары аймақта Индустрияландыру картасы шеңберінде бірнеше инвестициялық жоба жүзеге асқан болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс көлемінде индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында атқарылуда.

Бағдарлама аясында құны 610,1 млрд теңгені құрайтын, іске қосылғанда 6,3 мың адамды жұмыспен қамтитын 25 жоба жүзеге асырылуда.

Жалпы алғанда, бағдарламаның бірінші бесжылдығы аясында 17 жоба іске қосылған болса, екінші бесжылдық аясындағы 25 жобадан бүгінгі күні 3 жоба іске қосылды. Биылғы жылдың 8 айында Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған жобалар арқылы 13,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемі 13,5 пайызын құрады.

Мына бір жақсы жетістікке назар аудармай кете алмаймыз. Егер де индустриялық жобалар бұрын 8 елге өнімдерін экспортқа шығарса, 2017 жылдан бастап 11 елге өнімдерін экспорттай бастады. Ағымдағы жылдың 8 айында экспорт көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 23 пайызға артты (2017 жылдың 8 айы – 3,9 млрд тг, 2016 жылдың 8 айы – 3,25 млрд тг). Оған бір ғана мысал келтіре кетелік. «Аралтұз» АҚ индустрияландыру бағдарламасы аясында ас және техникалық тұз өндіретін екі испан цехын іске қосты. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін екі есеге арттыруға, 1200 астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтуға және қызметкерлердің еңбекақысын 60 пайыз ұлғайту мүмкіндігін берді. Тек соңғы 2 жылда Ресей нарығында ас тұзы бойынша 13 пайыз үлесті иеленді.

2017 жылдың 8 айында өнеркәсіп саласында 8 шағын және орта кәсіпорындар іске қосылып, 118 тұрақты жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін облыс көлемінде 377 жаңа жұмыс орны құрылатын 16 шағын және орта кәсіпорынның іске қосылуы жоспарланған.

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев аймақ­тағы инвестицияларды тартудың басты көзі металлургиялық сала екенін үнемі айтып келеді. Ол үшін ең алдымен метал­лургиялық кластер құруды жолға қою керек. Сыр өңірі әлеуетті минералды шикізатты қазбаларға бай аймақ сана­лады. Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесі көрсет­кендей, облыста қосалқы пайдалы қазбалар көп таралған. Республикадағы ванадийдің 65 пайызы, цинктің 15,1 пайызы, уранның 13,7 ­пайызы, қорғасынның 9,6 пайызы, алтынның 0,5 пайызы, күмістің 0,8 пайызы, мұнайдың 2,5 пайызы, газдың 1,8 пайызы біздің облыс аумағында орналасқан.

Облыс көлемінде «Баласауысқандық» және «Құрымсақ» кені­шінде ванадий кен орындары орналасқан. Аталған кеніш­тердегі ванадий қоры әлемдегі ірі бестікке кіреді. Осы орайда, облыс әкімінің тапсырмасымен, қазіргі таңда пайдалы қазбаларды тиімді пайдалану мақсатында, металлургиялық кластер құру тұжырымдамасы әзірленді. Тұжырымдамаға сәйкес инновациялық-сервистік инфрақұрылым құру, сондай-ақ жаңа мыс, темір-кен орындарында өндірістік қорларды айқындау жөнінде жұмыстар жүргізу болжанады. Қызылорда облысындағы металлургиялық кластерді негізгі екі бөлімге бөліп қарастыруға болады.

Бүгінгі күнде «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында қуаттылығы жылына 4 млн тонналық кен байыту комбинаты құрылысы» жобасы жүзеге асырылуда. Атап өту қажет, бұл жоба – тау-кен саласын дамытудың Жол картасына енген 3 ­басым жобаның бірі. Жоба Еуропа қайта құру және даму банкімен қаржыландырылады. Аталған банк пен жоба бастамашысы арасында құны 350 млн АҚШ долларын құрайтын тиісті келісімге қол қойылған. Кен байыту фабрикасын бір мезгілде жобалауды және салуды жүзеге асыратын бас мердігерді таңдау жұмыстары жүргізілуде. Комбинат бірінші кезеңде 2 млн тонна руда өңдесе, екінші кезеңде 4 млн тонна руда өңдейтін болады. (құны – 165 млрд теңге, жұмыс орны – 1540 адам)

Металлургия саласындағы басым жобаның бірі – бұл ­«Бала­сауысқандық» ванадий кенішін игеру жобасы. Жоба ­бойынша қазір тәжірибелік өндіріс іске қосылып, қазақстандық метаванад өнімі шетелдерге жолдануда. Мысалы, биылғы жылдың 8 айында «Фирма балауса» ЖШС Тайваньға құны 253,35 млн теңгені құрайтын 110 тонна метаванадат аммонийді экспорттады. 2016 жылы Лондон қаласында өткен Үкімет­аралық комиссия аясында қол қойылған екі жақты келісімге сәйкес, жыл соңына дейін ағылшын инвесторы 4,8 млрд теңге көлемінде жобаға инвестиция тартуды жоспарлаған.

Индустрияландыру бағдарламасымен қатар Қазақстан-Қытай бірлескен жобалар қатарында облыс бойынша 2 жоба іске асырылуда. Соның бірі – қуаты жылына 1 млн тонна болатын тампонажды цемент шығаратын облысымыздағы алғашқы зауыт жобасы. Зауытты орналастыру үшін мемлекеттік қолдау шарасы ретінде 50 га жер телімі берілді. Қытай тарапымен бірлесіп біріккен кәсіпорыны құрылды. Нәтижесінде Қытай инвесторлары зауыт құрылысын жалғастыру үшін есепті кезеңде 7,5 млн АҚШ доллары көлемінде бірінші транштық қаржы аударды. (қуаты – жылына 1 млн тонна тампонажды цемент, құны – 64 млрд теңге, жұмыс орны – 260 адам).

Индустрияландыру бағдарламасы аясында үстіміздегі жыл­дың шілде айында қуаттылығы жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасының құрылысы басталды. Сонымен қатар, импорт алмастыратын ірі жобаның бірі – кальцийленген сода шығару зауыты жобасы. Мемлекеттік қолдау шарасы ретінде 100 га жер телімі берілген. Жобаның қуаты 200 мың тоннадан 300 мың тоннаға ұлғаюына орай тиісті құжаттарға түзетулер енгізілді. Ішкі нарық қазір 100 пайыз содамен сырттан қамтылып отырғанын ескерсек, зауыт іске қосылғанда еліміздің қажеттілігінің 75 пайызын қамтамасыз ететін болады (құны – 87,5 млрд теңге, жұмыс орны – 700 адам).

Қазір 6 индустриялық аймақ жұмыс жасауда. Индустриялық аймақ жұмысын тиімді ету үшін басқарушы компания да құрылғанын атап өтеміз.

Атап айтқанда, шыны зауытына тартылған бас мердігер – «Чайна триумф» компаниясы шыны зауытының екінші кезеңі ретінде «Планшет, смартфон және күн панельдеріне арналған аса жұқа шыны өнімдерін шығару» жобасын іске асыруға ниет білдіріп отыр. Жобаның құны 200 млн АҚШ дол­ларын құрайды. Өндірілетін шыны қалыңдығы 0,15 мм болады. Негізінен күн тақтайшаларына, планшеттерге, смартфондарға және гаджеттерге пайдаланылады. Кәсіпорынның құрылысы барысында 500 адам, ал іске қосылғанда 150 адамға тұрақты жұмыс орны ашылатын болады.

Сонымен қатар, Шиелі ауданында құрылысы жүріп жатқан қуаты 1 млн тонналық тампонажды цемент зауыты бастамашысы «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС аталған 105 жобаның ішінен қазір 3-іне қызығушылық білдірді. Олар: ауаны мониторингтеу технологиясы, жоғары қысымды токты тасымалдау техноло­гия­сы, азот тотығының қалдықтарын төмендету технологиясы. Зауыт басында қазір құрылыс жұмыстары жүруіне орай алдағы уақытта компания басшылығы аталған 3 технологиядан біреуін таңдауды мақсат етіп отыр.

Атқарылған жұмыстар нәтижесінде үстіміздегі жылдың 8 айында өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өңдеу саласындағы өнім көлемі 4,5 пайыз артты және 67,2 млрд теңгені құраса, инвестиция көлемі 12,8 пайыз артып, 112,8 млрд теңгені құрады. Тек соңғы 4 жылда (2014-2016 жж.) шикізаттық емес секторда өндірілген өнім көлемі 51,2 пайыз артты (ҚР – 7,7 пайыз), ал осы саладағы еңбек өнімділігі шамамен 3 есеге өсті. Өңдеу өнеркәсібіндегі жалпы қосылған құны 32,7 пайызға өскен. Бұл көрсеткіштер облыс экономикасында әртараптандыру бағыты қарқынды деңгейде жүргізілуде екенін көрсетуде.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 қазан 2017 г. 472 0