Несібесін жерден айырып, ала жаздай маңдай тер төккен шіркейлілік еңбеккерлер табысты таразылайтын шақта қызу жұмысты жандандыруда. Олар күн қарасып тұрғанда астықты ысырапсыз жинап алып, құт қамбаны қызылға толтырудың қамымен қарбалас тірлік кешіп жүр. «Егін ырыс таңдамайды, еңбек таңдайды» деген қағиданы ұстанған еңбекшіл қауым таңның атысы кештің батысы «жерді баптай білдік, енді егінді қаптай білейік» деп жанталаса жұмыс жасауда.
Еңбек Қызыл Ту» орденді Шіркейлі ауылында аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі – «Мәді-Қажы» ЖШС біраз жылдан бері ата кәсіппен айналысып, ауыл халқын жұмыспен қамтып отыр. Қазіргі таңда серіктестікте 230 шіркейлілік ерінбей еңбек етіп, науқандық жұмыста нағыз еңбектің үлгісін көрсетуде. Үстіміздегі жылы шаруашылықты ұзақ жыл бойы басқарған Аппаз Камалатдин құрметті зейнет демалысына шығып, серіктестік тізгініне ауыл азаматы Сейіткамал Сұлтанов келген болатын. Жаңа басшы шаруашылықты маусымдық жұмыс қарсаңында қолға алып, қызу тірлікке араласып кетті. Ірі серіктестіктегі ілкімді істерді жалғастырып, үйлесімді жұмыстарды жандандыруда.
Ауылға науқандық жұмыстар барысымен танысуға барғанымызда шаруашылық төрағасының орынбасары Ғалымжан Сәрсеналиев атқарылып жатқан жұмыстарды айтып берді.
– «Егінші жылда арманда…» дегендей, биылғы жылы да жақсы нәтижеге қол жеткізуге үміттіміз. Ол үшін егін егу науқаны басталғаннан қажетті жұмыстар жасалып, диқандар бел жазбай еңбек етті. Жерді баптай білсең, егін де мол болмақ. Соған орай, бұл жылғы күріштің де шығымы жақсы. Оны жинау жұмыстары белаурдан асып, науқанды нәтижемен аяқтауға жақынбыз, — дейді ауыл халқына Қалтай атанып кеткен төрағаның орынбасары.
Биылғы жылы «Мәді-Қажы» ЖШС 2265 гектар жерге Сыр салысын еккен. Оның 244 гектар жеріне «янтарь» тұқымы себілсе, қалған жерге «лидер» тұқымы орналастырылған. Аталмыш көлемдегі егістік танаптарында 3 бригада еңбеккерлері маңдай терлерін төгіп, егін егу, оны күтіп-баптау және жинау жұмыстарын жүргізіп келеді. Қазіргі егін жинау науқанында жалпы 1850 гектар күріш орылса, 1600 гектар астық бастырылған. Осының нәтижесінде, 72 мыңнан аса алтын дән қамбаға түсіп, әзірге шаруашылық бойынша орташа көрсеткіш 51 центнерді құрап отыр.
Осы күні «Егіншіні кетпеннің жүзі асырайды» деп ала жаздай дала қосында тынымсыз тірлік қылған диқандар мерейі тасуда. Оспан Қожаханов басқаратын бригадаға 817 гектар күріштік жер тиесілі болса, сол бойынша күрішші Мұфтулла Қайрошов озаттар қатарында. Ол 73 гектар жерге күріш салып, 55 центнерден өнім алды. Ал 120 гектар жерден 51 центнерден өнім алған Нұрмағанбет Жұманазаров та жақсы нәтижеге қол жеткізіп отыр. Бригадир Әділ Накиев (700 гектар) бригадасында да күріштігін бастырып болған диқандар бар. Олардың алдын 120 гектардан 51 центнерден астық жинаған Мейрамбек Ибадуллаев бастап тұр. Онан кейін 93 гектарға егін егіп, 50 центнерден астық алған Ғани Бихожаев бар. Ал Манарбек Әлиевтің (748 гектар) бригадасында Манарбек Шакенов (54 ц.), Нартай Кенеғанов (50 ц.) озаттар қатарында. Бүгінгі күні дала еңбеккерлері диқан Мейрамбек Әбдікәрімовтың күріштігін орып, басуда. Әзірге 150 гектар күріштіктің 33 гектарынан 56 центнерден өнім алынған. Толық бітіргенде диқан үздіктер көшін бастамақ.
Егін жинау маусымында күріш ору үшін шаруашылықта 3 Магдон жаткасы бар. Оларды Қанат Құдайбергенов, Жасұлан Көпбергенов және Нұрлыбек Схановтар тізгіндеген. Ал астықты бастыруда 1 Класс, 1 Джон Дир және 3 Кейс комбайндарында Еркін Айтқожаев, Талғат Байсейітов, Оразбай Көпбергенов, Ділдәбек Әбдіхалықов және Сейілхан Сханов тынымсыз еңбек етуде. Бұлардың алғашқылары бүгінде 17-18 мың центнер күрішті бастырған. Сонымен қатар, күріш тасуға серіктестікте 7-8 тасымал көлігі бар. Олардың ішінде, бүгінде 13,5 мың центнер күріш тасуды қамтамасыз етіп жүрген Серікбол Төлегеновті ерекше атауға болады. Сондай-ақ, Зұлқарнай Байсейітов пен Еркебұлан Айтқожаев та үздіктер көшіне ілескен.
Егін танабынан екпінмен келген тасымалшылар қырманда Сыр салысынан тау тұрғызуда. Ал оның тазалық жұмыстарымен мұнда 30-дан аса жұмыскер екі ауысым бойынша айналысуда. Науқан кезінде күнделікті түн жарымға дейінгі жұмысты қырман меңгерушісі Зейнулла Қайрошов ұйымдастырып, қамбаға түскен астықтың ысырап болмауына зыр жүгіріп жүр.
Күзден береке күткен еңбекшіл қауым осындай қызу еңбек үстінде. Таң атса дала кемелеріне отыратын жандар науқанды тез бітіріп, қауырт еңбегінің нәтижесін көруге асығуда. Диқандар да төккен тердің зая кетпейтінініне сенімді. Сондықтан шіркейлілік еңбекшіл қауымның сенім үдесінен шығып, үздіктер қатарынан көрінуіне тілекшіміз.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ.
Сырдария ауданы.