ЕГІН БІТІК, КӨҢІЛ ТОҚ

Сәрке батыр” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде күзгі жиын-терім науқаны аяқталуға жақынҚырман басындағы тау болып үйілген алтын күздің мол астығы берекенің бастауындай көз қуантып, көңіл сүйсіндіреді. 

«Бостай» дала қосында Ақсу ауылдық клубының өнерпаздары мен «Асыл әжелер» ән-би ансамблі қырман басындағы еңбеккерлерге арнап ән-жырдан шашу шашып, көрермендер көңілін бір серпілтіп тастады. Қырман басындағы молшылық шарасына қатысқан Ақсу ауылдық округінің әкімі Нұрлан Мұқашев, серіктестік төрағасы Талғат Бодыбай сөз сөйлеп, ала жаздай тер төккен еңбеккерлерге толағай табыс тіледі.

Биыл «Сәрке батыр» ЖШС 1500 гектар жерге күріш дақылын сеуіп, ел несібесіне егін бітік шығыпты. Серіктестік төрағасы Т.Бодыбайдың сөзінше, күріш жинау науқанына 3 «Магдон», 5 «Класс», 5 «Енесей» күріш жинау және бастыру комбайндары мен 3 «Беларус» тракторы және астық тасымалдайтын Камаз, ЗИЛ, ҚТЗ техникалары жұмылдырылған. Айта кетейік, әлемдік тәжірибеден өткен бұл шетелдік техникалардың еңбек өнімділігі өте жоғары.  Мәселен, «Магдон» жаткасы күніне 40-50 гектар күріш орса, «Класс» комбайны күніне 1500-2000 центнер астық бастыруда. Соның нәтижесінде биыл аталған шаруашылық күріш егу көлемін өткен жылмен салыстырғанда бірнеше гектарқа ұлғайтқан.

Ауыр техниканы жетік меңгерген күріш озаттары Жасұлан Бітіков, Марат Бархатов, Алмат Лесбаев бүгінгі күні 8000 центнер астық бастырса, Бауыржан Смайлов, Жасұлан Телібаев, Дулат Мығымбаев, Дәуір Әбсейтов, Сәбит Әбдікәрімов, Айхат Ембергенов, Болат Бархатов да озат комбайнерлер қатарында. Алқапты күтіп баптаған еңбеккерлердің қатарында Болат Шоңбаев, Байболат Шәймерденов, Еркебұлан Кенжебеков, Сәрсенбек Байғанаев, Нұрмұрат Қожақұлов, Әділ Мұнарбаевқа белгіленіп берілген егістіктерде өнім бітік шыққан.

Күрішті күтіп-баптаумен, оны ысырапсыз жиып, теруге 150 адам жұмысқа тартылған. Осыншама ауыл азаматтарын жұмыспен қамтыған серіктестік басшысы жұмысшыларды еңбекке ынталандыру мақсатында сыйақы да тағайындап, күзгі науқан аяқталған соң озат комбайнерлер мен ала жаздай алқап басында тер төккен дихандарды марапаттап тұрады. Ал, ұзақ жылдан бері осы серіктестікте еңбек етіп, егіннің қыр-сырын жетік меңгерген қырман шаруашылығының басшысы Қуаныш Ұзақбаевтың айтуынша, жиын-терім науқанын алдағы аптада толық аяқтауды жос­парланып отыр.

Бүгінгі таңда, егілген күріштің 94 пайызы орылып, қамбаға құйылды. Әр гектардан алынған өнім көлемі 50-55 центнерді құрап отыр.

Қазіргі кезде егіншілер жауын-шашын бол­май тұрып, жиын-терім науқанын толық аяқ­тау үшін егіс алқабында еселі еңбек етуде. Олардың жұмыстарына жігер беріп, қырман басын думанға бөлеген өнерпаздар 20-дан астам ән шырқады. Ансамбль құрамында жасы 70-тен асқан асыл әжелеріміз де бар. Олар шырқаған сазды әуендер қырман басын шаттыққа бөлеп, әсем дауыстары әуеде қалқыды.

 

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ,

Жалағаш ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 қазан 2017 г. 1 076 0