ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ ИГІЛІГІ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы Қазақ елін өсу мен өркендеудің дара даңғылына баcтап, сара соқпағына салып келеді. Экономиканы әртараптандыруды, әлем нарығындағы қазақстандық үлесті көбейтуді, сонымен қатар еліміздегі шағын және орта бизнестің мүмкіндігін мультипликациялауды көздеген бағдарлама бүгінде шикізат экспортының әлеуетін арттыруға да басымдық беріп отыр. Индустрияландыру бағдарламасының мақсаты елдегі өндірістің бәсекеге қабілеттілігін дамыта отырып, өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысын жаңғырту болып табылады. Ал өнеркәсіпті дамыту мен жаңғыртудан не күтіледі? Ең алдымен – бұл жоғары еңбек өнімділігі, энергетикадағы тиімділіктің жоғары дәрежесіне қол жеткізіп, шикізатты барынша тереңдете өңдеу, экономиканың барлық салаларында жаңа жұмыс орындарын ашуға сеп болып, өңірлердегі кәсіпкерлікке серпін жасауы қажет. Мұншама ауқымды міндеттердің жүзеге асуы, сөзсіз, халықтың әл-ауқатын, әлеуетін көтермек. Сонымен бірге, индустрияландырудың діттеген тағы бір маңызды бағыты – жаңа өнімдер, оның ішінде экспортқа бағдарланатын қазақстандық тауарлар шығару.
Елбасының биылғы жыл басында халыққа жариялаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауынан туындайтын міндеттердің бірі – «Басым салаларда бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамыту үшін индустрияландыруды жалғастыру» болып табылады. Осы ретте, бұл бағыттағы жұмыстар облыс көлемінде индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында құны 610 млрд теңгені құрайтын, іске қосылғанда 6,2 мың адамды жұмыспен қамтитын 24 жоба жүзеге асырылуда.
Жалпы алғанда, бағдарламаның бірінші бесжылдығы аясында 17 жоба іске қосылған болса, екінші бесжылдық аясында іске асырылатын 24 жобадан бүгінгі күні 3 жоба іске қосылды. Сыр елінде кейінгі жылдары индустрияландыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жобалар қазірдің өзінде ел игілігі үшін жұмыс істеп жатыр. Аймақта жүзеге асырылған 25 жобаның бүгінгі таңда 15-нің өндірістік көлемі 90 пайыздан 100 пайызға дейін орындалуда, 4 жоба бойынша 50-ден 90 пайызға дейін, 2 жоба бойынша 50 пайызға дейін жүктелген. 2017 жылдың 7 айында барлық іске қосылған жобалар арқылы 10,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнім көлемі 12,1 пайызды құрады.
Атап өту қажет, индустриялық жобалар бұрын 8 елге өнімдерін экспортқа шығарса, 2017 жылдан бастап 10 елге өнімдерін экспортқа шығара бастады. 2017 жылдың 7 айында индустриялық жобалар арқылы экспортталған өнім көлемі былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 81,2 пайыз артты. Бір ғана мысал, бағдарлама аясында 2 бірдей испандық цехты іске қосқан «Аралтұз» АҚ 2016 жылы шет елдерге 60 пайыз өнімін экспорттады. Тек соңғы 2 жылда Ресей нарығында ас тұзы бойынша 12 пайыз үлесті иеленді.
Өнеркәсіп саласында үстіміздегі жылы 23 жобаның іске қосылуы жоспарланған, оның ішінде 10 кәсіпорын индустриялық аймақта орналасқан. 2017 жылдың І жартыжылдығында 7 шағын және орта кәсіпорын ашылып, 73 жұмыс орны құрылуда. Ағымдағы жылдың ІІ жартыжылдығында 551 жұмыс орны құрылатын 16 кәсіпорынның іске қосылуы жоспарланған. Бүгінгі күні облыста 6 индустриялық аймақ жұмыс жасауда.
Өңдеу өнеркәсібі саласында 2017 жылдың 7 айында 57,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 3 пайызға артқан. Шикізаттық емес сектордың жалпы ішкі өнім құрылымындағы үлесі 4 жылда 3 есе өскенін атап өтеміз. Инвестиция көлемі 7 айда 19 пайызға өсіп, 92 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіштер облыс экономикасында әртараптандыру бағыты қарқынды деңгейде жүргізілуде екенін көрсетуде.
Алдағы уақытта облыс көлеміндегі жұмыстар Мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттер шеңберінде өз жалғасын табатын болады.
Қызылорда облысының әкімі аймақтағы инвестицияларды тартудың басты көзі металлургиялық сала екенін үнемі айтып келеді. Ол үшін ең алдымен металлургиялық кластер құруды жолға қою керек. Сыр өңірі әлеуетті минералды шикізатты қазбаларға бай аймақ саналады. Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесі көрсеткендей, облыста қосалқы пайдалы қазбалар көп таралған. Республикадағы ванадийдің 65 пайызы, цинктің 15,1 пайызы, уранның 13,7 пайызы, қорғасынның 9,6 пайызы, алтынның 0,5 пайызы, күмістің 0,8 пайызы, мұнайдың 2,5 пайызы, газдың 1,8 пайызы біздің облыс аумағында орналасқан.
Сыр өңірі экономикасы негізінен құрылыс материалдарын шығару, тамақ өнімдерін өндіру және қара металлургия саласына маманданған болатын. Ал бүгінгі таңда Қызылорда облысының Индустрияландыру картасына енгізілетін жобаларды іріктеуде 14 салаға басымдық берілуде. Бұл ретте, аймақтардың мамандануы да ескерілуде.
Олар – қара металлургия, түсті металлургия, мұнай өндеу, мұнай-газ химия, тамақ өнімдерін өндіру, агрохимия, өнеркәсіпке арналған химикаттар өндіру, автокөліктер өндіру, электр машина және электр құрал-жабдықтар, ауыл шаруашылығы техникаларын өндіру, теміржол техникаларын өндіру, тау-кен өнеркәсібіне арналған құрал-жабдықтар өндіру, мұнай өндіру және мұнай өңдеу өнеркәсібіне арналған машиналарды шығару, құрылыс материалдарын шығару болып бөлінеді.
Индустрияландыру картасын жасақтаудың қабылданған жаңа тәсілдеріне сәйкес, Индустрияландыру картасын өзектендіру жұмыстары (облыс әкімдігінің 2015 жылғы 26 қаңтардағы қаулысы) жүргізілді. Нәтижесінде 2010-2014 жылдары іске асырылған 15 жоба өңірлік Индустрияландыру картасынан шығарылды. Жаңа жобалармен өңірлік Индустрияландыру картасы толықтырылды, яғни құны 6,3 млрд теңге құрайтын 11 жоба жаңадан енгізілді. Нәтижесінде Қазақстанның Индустрияландыру картасы аясында облыста жалпы құны 139,2 млрд теңге құрайтын 22 жоба іске асырылуда. Жобаларды жүзеге асыру барысында құрылыс кезінде уақытша 1738 жұмыс орны және іске қосылғанда 2178 жұмыс орны құрылатын болады. Оның ішінде Өңірлік картада құны 87,1 млрд теңге құрайтын 21 жоба бар. Республикалық картада құны 52,1 млрд теңге құрайтын 1 жоба бар («Қызылорда қаласында қуаттылығы жылына 197 100 тонна табақша шыны шығару және өңдеу зауыты құрылысы» жобасы, жұмыс орны – 300 адам).
«Orda glass ltd» ЖШС-ның шыны зауыты құрылысы. Жоба құны 36,7 млрд теңге. Зауыт пайдалануға берілгеннен кейін 226 жұмыс орнымен қамтуды жоспарлауда. Жоба қуаттылығы жылына 197 100 тонна құрайтын табақты шыныны өндіруді және өңдеуді көздейді. Жоба Индустрияландыру картасына енгізілген.
«ТРИМО» ЖШС-ның үшоксид молибденін өндіру зауытының жұмыс барысы. Жоба ИИДМБ екінші бесжылдығының аясында жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, жоба өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген. Аталған жоба қуаттылығы жылына 500 тонна үшоксид молибденін өндіретін экспортқа бағытталған жоба болып табылады. Жоба құны 871,1 млн теңге. Зауыт пайдалануға берілгеннен кейін 50 жұмыс орнымен қамтуды жоспарлауда.
Күкірт қышқылын өндіретін «СКЗ-U» ЖШС. Кәсіпорында 270-тей адам жұмыс жасайды. Жоба ҮИИДМБ-ның бірінші бес жылдығында жүзеге асырылған. Оның қуаты ¬жылына 500 тонна күкірт қышқылын және 18 мВт электрэнергиясын өндіреді. Ағымдағы жылдың І жартыжылдығында күкірт қышқылының өндіріс көлемі 275,6 мың тоннаны құрады.
Арал ауданында салынатын «Кальцийленген сода өндіру зауытының» жобасы. Жобаның қуаттылығы жылына 300 мың тонна кальцийленген сода өндіру. Келешекте қуаттылығын 400 мың. тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Жобаның құны 87,5 млрд теңге. Аталған жоба Индустрияландыру картасына енгізілген. Пайдалануға берілгеннен кейін зауыт 700 жаңа жұмыс орнын ашады.
Индустрияландыру бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аймақтың өңдеу секторындағы өндіріс көлемі 9,4 пайызға өсті (ҚР - 6,8 пайыз). Бұл республиканың орташа көрсеткішінен жоғары.Тек соңғы 4 жылда өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 51,2 пайызға өсті (ҚР - 7,7 пайызға), ал оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 3 есе өсті. Яғни, барлық күрделі жағдайларға қарамастан, облысымыздың экономикасы әртараптандырылуда, оның құрылымы өзгеруде.
Технологиялық алға басудың да маңызы аз емес. Мемлекет басшысының технологиялық дамуды жеделдету жөніндегі тапсырмасы бойынша облыста 6 кәсіпорын индустрияландыру картасы аясында газды пайдаға жарататын жаңа технологиялық қондырғылар енгізді («Қазгермұнай» БК» ЖШС, «KazFrac» ЖШС), электр энергиясын өндіретін («ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Кристалл менеджмент» ЖШС), күкірт қышқылын шығаратын («СКЗ-Ю» ЖШС) және сүт өңдейтін («РЗА» АҚ) жаңа технологиялық қондырғыларды іске қосты. Мәселен, «Арал тұз» АҚ кәсіпорны испандық жаңа технология бойынша жұмыс атқаруда. «Шалқия» кенішінде руданы вертикальді-конвейерлік тәсілмен шығаратын және байытатын инновациялық шешім қолданылуда.
Алдағы кезеңде де аймақта индустрияландыру, экономиканы әртараптандыру бағыттары бойынша Елбасы ұсынған институттық реформалар мемлекетті дамытуда жаңа мүмкіншіліктер мен бағыттарға ие, сол себепті ұсынған стратегиялық мақсаттардың тиімді орындалуын қамтамасыз ету бағытында  жүргізіліп келген жұмыстардың жалғасын тауып, соны іс-қимылдың нәтижесінде жаңа биіктерге жете беретін боламыз.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 қазан 2017 г. 1 252 0