ҒАРЫШҚА БАРАР ЖОЛ

Адамзат баласының ұзын-сонар тарихындағы ең табысты жетістіктерінің бірі ретінде ғарыш әлемін игеруді атап өтуге болады. Бұл тарихи оқиға басқа емес, дәл осы Қазақ елінен, Сыр жерінен бастау алған.
Жер кіндігі саналатын «Байқоңыр» – Қармақшы ауданының аумағында орналасқан ғарыш алаңы. Оның іргесі 1955 жылы қаланған. Ғарыш алаңын салу үшін бұл жердің елді мекендерден қашық болуы, экватор жазықтығына жақындығы, ракета ұшырудың қауіпсіздігі, қайтып оралатын ғарыштық нысандар үшін қолайлы қону аймақтарының болуы сынды басқа да жер жағдайлары ескерілген. «Байқоңырдың» басты және көмекші объектілері мен қызмет ету орындары кең аймаққа орналасқан. Олар бір-бірімен автомобиль жолдары және теміржол арқылы байланысқан.
«Байқоңырдың» ұшу трассасы Арал теңізінен Камчатка түбегіне дейін созылып жатыр. 1957 жылдың 4 қазанында «Байқоңырдан» тұңғыш ғарыш ракетасы сәтті ұшырылды. Ол дүние жүзіндегі ең бірінші Жердің жасанды серігін орбитаға шығарды. Биыл бұл ғаламдық жаңалыққа 60 жыл толып отыр.
Бұл жерден 1961 жылы адамзат тарихын¬дағы тұңғыш косманавт Юрий Гагарин аспан әлеміне көтерілген. Еліміз тәуелсіздік алар тұста 1991 жылдың 2 қазанында  «Союз ТМ-13» кемесімен Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшты. Ғарыш кемесі жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті. Онда ол өзге де ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал  аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаңның пайда болу үдерісі, сол зиянды аэрозолдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Сондай-ақ, Қазақстан аумағындағы атмосфераны және жер бетін зерттеу, жұлдызды аспан астрофизикалық  бақылау жұмыстары да ойдағыдай өтті.
Тоқтар ағамыздан кейін Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов аспан әлемін бағындырды.
Ғарышқа жол салған «Байқоңырдың» бүгінде екінші тынысы ашылды деуге де болады. Қазір «Байқоңырды» ғарышқа бағытталған моноқала есебінде ғана емес, өнеркәсіп пен жоғары технология орталығы ретінде дамыту қолға алынды. Айлақтан «Бәйтерек» жаңа зымыран кешенін салу көзделіп отыр. Бұл байыпты бастамаға Қазақстанмен бірге Ресей тарапы да мүдделі. Еншілес екі мемлекет дамудың жаңа жобасын жасап, тиісті шараларды бастап та кеткен.
Қазақстан-Ресей Үкіметаралық комиссиясының отырысы «Байқоңырды» дамытудың бірлескен жобасы туралы келісімге келгенін атап өту керек. Жобаның жүзеге асуымен жалға беру жағдайында қаладағы инженерлік нысандарды және әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту көзделіп отыр.  
«Байқоңыр» кешеніндегі жаңалауға жататын қондырғылар мен инженерлік инфрақұрылымдар Ресей Федерациясының жалға алуынан шығарылып, облыстық әкімдіктің иелігіне жеті жылға, оны әрі қарай ұзарту құқығымен берілетін болады.
Барлық жұмыстар атқарылып болғаннан кейін РФ-дан жалға алудан шығарылған мүліктер оларға қайтадан беріледі. Жаңа тұрғын үйлер құрылысына қатысты да жағымды жаңалық бар. Соңғы отыз жыл көлемінде қалада жаңа құрылыстар басталатын болады. Қазақстан жағы бұл жерде жаңа микроаудан тұрғызады, ондағы бес үйде 250 байқоңырлық  отбасы қоныстанады.

А.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 қазан 2017 г. 915 0