Сенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Ұстаздар мерекесіне орай бірқатар мұғалімдерді қабылдады. Оқушыны озық ойлы етуде, тәлім беруде тың әдістерді пайдаланып жүрген ізденімпаз мұғалімдерге жылы лебізін білдірді.
– Ұстаздық – ұлы мамандық. Елдің болашағы мұғалімдердің қолында деуге әбден болады. Себебі, ұрпақты қалай тәрбиелесек, мемлекет болашағы да сондай болмақ. Сондықтан сіздер арқалаған міндеттің жүгі ауыр. Бүгінде дүние дидары жиі өзгеріп, ақпарат алмасу жедел түрде жүріп жатыр. Балаларды заман көшіне лайықты етіп тәрбиелеуде ұстаздардың орны ерекше. Соған сай жаңашыл, үнемі ізденіс үстінде жүру қажет деп ойлаймын. Ел ертеңі үшін жасап жатқан еңбектеріңіз жана берсін. Шығармашылық табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді аймақ басшысы.
Бүгінде білім саласына көп көңіл бөлінуде. Елбасы аймақтар алдына 3 тапсырма қойған болатын. Ол – үш ауысымды, апаттық жағдайдағы мектептердің мәселесін шешу. Сонымен қатар, балабақшамен қамтылу деңгейін 100 пайызға жеткізу. Бүгінде аталған мәселелер Сыр өңірінде толық шешімін тапты. Одан бөлек мектептерде заман талабына сай білім беру жүйелі жүргізілуде. Мұның барлығы ұстаздардың өз міндеттерін мүлтіксіз атқаруға мүмкіндік береді.
Ұрпақ тәрбиесі үшін талмай еңбек етіп жүрген ұстаздың бірі – Аманжол Ахметуллаев. Ол Байқоңыр қаласындағы №273 қазақ орта мектебінің технология пәнінің мұғалімі. Сонымен қатар, зымыран моделін жасау үйірмесінің жетекшісі. Оқушыларға озық тәжірибелерді үйретуде. Ол мұғалімдер мерейін өсіретін осындай мерекелердің одан әрі шабыттандыратынын айтады.
Мерекелік шарада Қазалы ауданындағы №102 орта мектеп мұғалімі Тамаша Мұратбай ұстаздар атынан алғысын жеткізді.
– Бүгінде облыстағы мектептердің заман талабына сай жаңарып жатқанын көз көруде. Тіпті, шалғай ауылдарда да қаладағыдай еңселі білім ордалары салынып, пайдалануға берілді. Оған Бірлік ауылында биыл ашылған мектепті мысал етуге болады. Осындай игі істер біздің жаңа жетістіктерге жетуімізге жол ашады. Ұстаздарға деген құрметіңізге, білім саласына жасап жатқан қамқорлығыңызға рақмет айтамын, – деді.
Шара барысында мереке иелеріне сыйлықтар табысталды.
Мәди ҚҰРМАНӘЛІ.