Әлемде мұхит пен мұхитты, өзен мен өзенді қосқан мысалдар бар. Бірақ, жоғалып кеткен теңізді қайта тірілткен жобалар болған емес. Арал теңізінің қайта оралуы әлем жұртшылығын таңқалдырып, оны ғасыр жобасы атады. Елбасының бастамасымен қолға алынған жобаның қазір халық игілігін көруде.
Тарихқа сәл шегініс жасасақ, буыны бекіме¬ген жас мемлекеттің басқа да қиындықтары көп болғанына қарамастан, ел Президентінің халықты осынау қасіреттен құтқаруға белсене кірісуі үлкен ерлік еді. Соның нәтижесінде Кіші Аралды сақтап қалудың идеясы САРАТС жобасы дүниеге келді. «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасына Қазақстан Дүниежүзілік Банкпен бірлесіп 86 млн АҚШ доллар бөлді. Жобаның алғашқы кезеңінде теңізді бөліп тұратын 14 шақырым «Көкарал» бөгеті тұрғызылып, «Ақлақ» су тоспасы салынды. Сырдария өзенінің арнасы реттеліп, «Қараөзек», «Әйтек» тоспалары қайта жаңғыртылды. Кіші Арал суы бұрынғы жағалауына жетіп, теңіз акваториясы бес есе ұлғайды. Аймақтың ауа райы өзгеріп, климаттық табиғи болмысы қалыптасты. Теңіздің тұздылығы бірнеше есе төмендеді. Кіші Аралға балықтың 20-дан астам түрі қайта оралып, бүгінгі күндері алғашқы 400 тоннадан қазір 8000 тоннаға дейін балық ауланады. Аймақта 8 балық зауыты жұмыс істейді. Сала өнімдерінің тең жарымға жуығы Еуропа және ТМД елдеріне экспортталып отыр.
САРАТС жобасының екінші кезеңінің жүзеге асырылуы ол Кіші Аралды кемелдендіре түседі. Балық шаруашылығы одан әрі өркендеп, оны аулау көлемі 30 мың тоннаға жетеді деп болжануда. Қазір САРАТС жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру қолға алынуда. Бұл кезде теңіз Арал қаласына жақындап, оның акваториясы байырғы деңгейіне жақындамақ.