МЕРЕЙТОЙ ИЕСІНЕ ҚҰРМЕТ

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, “Құрмет” орденінің иегері Бақытбек Алпысбаевтың жетпіс жылдық мерейтойына орай Н.Бекежанов атындағы драма театрда мерекелік кеш өтті. Мерейтой иесін құттықтауға Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі, Мемле­кеттік сыйлықтардың лауреаты, Қазақстан Театрлар Ассоцациясының президенті Асанәлі Әшімов, Халықаралық “Алаш”, “Платиналы Тарлан” сыйлықтарының иегері, ақын, драматург Иран Ғайып келді.

Өнерімен ғана емес, қарапайымдылығымен жалпақ жұртты өзіне еліткен Бақытбек Алпысбаев сахнаға көтерілісімен-ақ, көпшілік қошеметіне бөленді. Ары қарай аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев мерейтой иесіне деген жылы лебізін білдіріп, актердің театр өнеріне қосқан үлесін әңгімеледі. Мерекелік кештің құрметті қонағы, қазақ киносының мэтрі Асанәлі Әшімовті де мерейлі жасымен құттықтады.

– Өнер атаулының ішінде театрдың орны ерекше. Ол ықылым заманнан бері рухани-эстетикалық өсу құралы болып келеді. Аталған салаға бар өмірін арнап, көрермен құрметіне бөленгендер аз емес. Соның ішінде Бақытбек Алпысбаевтың өнері жайлы әңгіме бөлек. Ол театр жұмысына ыждағаттылықпен қарады. Содан болса керек, ол сомдаған 200-ден астам рөлдің әрбірі сәтті шықты, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, қатысушылар әртістің еңбек жолын, актерлік шеберлігінің ұшқырлығы жайында баяндайтын бейнебаянды тамашалады. Кеш соңында мерейтой иесі жиналған қауымға ризашылығын білдіріп, өнер туралы ішкі толғамдарымен бөлісті. Жұртшылыққа басын иіп, алғысын айтты.

Расында, Бақытбек Алпысбаевтың өмірі өнермен өрілді. Бүгінде актер абырой мен атақтың асқар биігінде. Оған көрсетіліп жатқан құрмет шексіз. Мерейтойға орай  облыс басшылығы құрмет грамотасын да табыстап, ерекше ілтипат көрсетті. Бірақ, сахна майталманы үшін ең үлкен құрмет – халықтың ыстық ықыласы болып қала береді.

М.СНАДИН,

Б.Есжанов (сурет).

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 қазан 2017 г. 683 0