« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Дерегі біздің дәуірімізден әрі тартатын – Сақтар мәдениеті көмбесінің бір бөлігі Сыр бойында жатқаны белгілі. Ашық аспан астында ата-баба аманатын арқалап, біздің дәуірімізге дейінгі ІV-VІІ ғасырларда ғұмыр кешкен Шірік Рабат, Бәбіш молда, Бұланды, Сығанақ тарихи-мәдени ескерткіштері бүгінде көздің қарашығындай мемлекет қарауында.
Өткен ғасырларға үңіліп, оны келер ұрпаққа ұлықтау, ғибраттау идеясы Елбасының «Мәдени мұрасымен», «Рухани жаңғыру» арқылы жалғасып жатыр. Мәселен, Қарақалпақстанмен шекаралас Шірік Рабат шәрі 12 гектар аумақты алып жатқан киелі мекен. Толстов келтірген деректемедегідей ұзындығы – 850, ені – 600 метр шеңберлі, қалыңдығы 5 метр шамасындағы алып қорғанмен қоршалған. Онда бірнеше жылдың басын қамтыған қазба жұмыстарының қорытындысынмен Шірік Рабаттың өмір сүру уақыты бірнеше кезеңнен құралғанын көрсетеді. Яғни, ең әуелі біздің дәуірімізге дейін V-VІІ ғасырлар болса, тіршілік орта ғасырда қайта жанданған. Екі қоныстанудың айғағы – бірінің үстіне бірі түскен қорғандардың қималық қабаттары арқылы айқындалған. Зерттеу барысында бұл орынның қала жұрты емес, Сақ патшаларының қорымы екені белгілі болған. Күзет мұнаралары мен обалар жауынгерлердің қорымды қағбадай қорғағанын көрсетеді. Ал халқы осы маңнан он шақырым қашықтықта орналасқан. Зерттеулер, жұртта қалған заттық айғақтар, каналдар, алқаптар сілемі – соның дәлелі болмақ.
Археологтар бұл өңірден бес жыл ішінде алты оба қазыпты. Некропольдік қыртыстың орта тұсына келіп, 9 метр тереңдікті үңгу кезінде зерттеушілер күрегіне ерекше жерлеу құрылысы ілігеді. Лақаттағы үш мәйіттің маңынан темір қылыш қалдығы, алтын жапсырмалар және керамикалық ыдыс табыла кетеді. Әзірге мәліметтің мәйегі ыдыс болып отыр. Себебі сыртындағы жазу – қаладағы алғашқы таңба. Ресейдің және отандық ғалымдардың жобалауынша, он бір әріптің мағынасы «Кир құдайының шапағатымен өмір сүрген адам» немесе «Жолың болсын, банар» дегенге саяды. Қалақпен қала қазған археологтардың тағы бір бейнеті қайтып, құм бетіне «АКАSІ» тақылеттес таңбасы бар екінші құмыра да шығыпты. Билеушілер бейіті деген тұжырымның негізі аталған жазбада жатқан секілді.
Тарихи жазбаларды сүзгілесек, Шірік Рабат екі мың жыл тіршілік кешкен екен. Зерттеушілердің қорытындысы бойынша, қабырғалы қала жау шабудың емес, жанай өтетін өзендердің өріс өзгертуімен тіршілігін тоқтатқан.
Археологтар тек Шірік Рабаттан ғана емес, одан қырық шақырым қашықтықта орналасқан Бәбіш молда мавзолейінен де құнды заттар тапқан. Әуелі ХVІІІ ғасырдың аяғында Түркістан әуесқой археологтары есепке алып, Толстов тобы зерттеген тарихи ғимараттың 4000-нан аса жәдігері Алматыдағы орталық мұражайға жеткізіліпті. Сақ дәуірінің өркениет ошағы, билеушілердің жайы болған мекен толық зерттелген.
– Сыр өңірінде 500-ге тарта ескерткіш бар делінеді. Бірақ олардың барлығы түгенделіп, есепке алынды деп айта алмаймыз. Соның ішінде жүзге тарта ескерткішін қойнына тыққан Қармақшы өңіріндегі Шірік Рабат қаласы, Бәбіш молда және Бұланды, Жаңақорған жеріндегі Сығанақ жәдігерлерін айрықша атаймыз, – дейді археолог-тарихшы Еркебұлан Елеуов.
Қызылорда облысындағы ірі тарихи нысандардың бірі – Сығанақ қаласының орны. Талай ғасырды бастан өткеріп, мемлекетке астана, елге пана, қоғамға рухани орталық болған Сығанақ шәрі орта ғасырдағы Орта Азиядағы ықпалды мемлекеттердің астанасы болған. Атап айтқанда, Қыпшақ хандығы, Ақ Орда, Қазақ хандығы тәрізді мемлекеттерге мұрагерлік жолмен астана болып келді. Ежелгі түрікше атауы «қамал, қорған» деген мағынаны беретін Сығанақ қаласы XI ғасырда Қыпшақ мемлекетінің саяси әрі мәдени орталығына айналған.
Сығанақ қаласы ХІ ғасырдың екінші жартысында қыпшақтардың Сыр бойына келуіне байланысты олардың орталық қаласына айналды. Егер осы кезбен есептесек, қаланың қазақ елінің астанасы болғанына 1000 жылдан асты деп айтуға болады.
Қазақ хандығының әлемге әйгілі бола бастағандығын Сығанақ қаласынан шыққан теңгелердің археологиялық зерттеу кезінде дүние жүзінің төрт бұрышынан табылғанын көреміз. Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының аға ғылыми қызметкері Р.Бурнашеваның зерттеуіне қарағанда, ХІV ғасырдың соңғы кезіндегі Сығанақтан шығарылған күміс және мыс теңгелер Сырдария мен Еділ бойындағы қалалардан табылған. Отырар қаласына жүргізіліп жатқан қазба зерттеу жұмысы кезінде Сығанақтың теңгеханасынан 1371-1372 жылдары шыққан 12 дана теңге табылған. Мұндай теңгелер Еділдің орта ағысындағы және Кама бойындағы қалалардан (1380-1400 жылдарға тән теңгелер) да табылған. Ал Қазан уезі Сосновка ауылының жанындағы №197 қоймадан Сығанақта 1375-1376 жылдары жасалған күміс теңгелер табылған. Алтын Орданың астанасы Сарай қаласына 1996-2000 жылдары жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының кезінде табылған теңгелердің ішінде Сығанақта шығарылған күміс теңгелер шыққан. Бірақ, жазуын оқу мүмкін болмаған. Мұндай дәлелдерді көптеп келтіруге болады. Теңгелердің әр жердегі қалалардан табылуы Сығанақ қаласының дүниенің төрт бұрышымен сауда қарым-қатынасын үзбей жүргізіп отырғанын байқатады.
Енді аталған құндылықтарымызды туризм тармағына түсіріп, келер буынға келелі нәрсе қалдыруды көздейтін сала мамандары «Рухани жаңғыруымыздың» бет-бейнесін жаңартатынына сеніміміз мол.
Н.САҒАТҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |