« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Түркі халықтарының барлығына ортақ Қорқыт ата туралы аңыздардың негізгі өзегінде ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың айқасы, өлмес өмірді іздеу сияқты терең тағылымдар жатыр. Сондықтан тілі мен мәдени танымы бір туыстас халықтар Қорқыт ата тыныс тапқан мекенге тәу етуді армандайды.
Ұлы жолдың бойындағы мемориалдық кешен жаңа келбетке енгелі мұнда тоқтайтын, арнайы келетін туристер қатары көбейген. Жаз бойы ЕХРО халықаралық көрмесін тамашалаған 13 мыңнан астам турист Қорқыт баба кешені мен Байқоңыр айлағына да арнайы келген. Кешен аумағындағы этноауылда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, келушілер қолөнер шеберлері мен зергерлердің иірілген жіп, былғары, киіз және саздан, күмістен жасаған бұйымдарын көрді. Оған қоса ұлттық спорт түрлерін, қол күресі мен асық, тоғызқұмалақ шеберлерінің, көкпаршылардың жарысын қызықтап, қазақ ұлтының төрт түлік малы жайылған жайлауын тамашалады. Сонымен бірге, ұлттық тағамдар, нақтырақ айтқанда ірімшік, айран, шұбат, қымыз және басқа да сусындар мен қазы-қарта, жал-жая, бауырсақтан дәм татып, ризашылықтарын білдірді. Меймандар жүн түтіп, жіп иірген, табаға нан көміп, қол диірменмен бидай ұн тартқан әжелер мен қеліншіктердің іскерлігін көрді.
Соңғы үлгідегі құрылыс материалдарымен қайта жаңғыртылған кешенге қазіргі заманғы қонақ үй, мейрамхана, намаз оқу бөлмесі, сауна және бассейн кіреді. Елбасы тапсырмасымен үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында қайта қалпына келтірілген ескерткіштің тарихи, тағылымдық, танымдық мәні бұрынғыдан да арта түсті.
Қорқыт ата кешенінің басында ортасында дөңгелек алаңы бар амфитеатр салынған. Сатылай көтерілетін тұйық шеңбер көрермендерге арналған. Дүниенің төрт тарабына қараған қобыз бейнелі ескерткіштің ортасындағы кернеулерден Сырдың желі ескенде Қорқыттың күйі төгіледі. Жақында бұл жерде 4- мәрте «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық музыкалық өнер фестивалі өтті. Оған әлемнің 10 елінен өнерпаздар қатысты. Өнер фестивалі кезінде ұзан күйін әлемнің әр түпкіріндегі түркітілдес елдерден келген ұрпақтары жалғады. Қорқыт ата іздеген өнердің өнегесі арқылы мәңгі жасау деген осы болар, сірә.
Кешен басында 3 экспозициялық залдан тұратын музей бар. Онда ескі дәуірдің тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін құндылықтар мен жәдігерлер қойылған. Қордағы 700-ге жуық экспонат келушілердің қызығушылығын тудыратын мәнге ие.
Қасиетті мекенге, сәулет өнерінің үздік туындысына қызығушылар, Қорқыт ата туралы аңыздарды зерттеушілер кешен басынан жыл он екі ай бойы үзілмейді. Ұлы жолдың үстінде тұрғандықтан әрлі-берлі ағылған көліктер де мұнда тоқтамай өтпейді. Халықаралық көрмеге дайындық барысында туристер талғамынан шығу үшін кешен басындағы қызмет көрсету сапасын арттыруға барынша мән берілген еді. Алдағы уақытта бұл жұмыстарды одан әрі жетілдіріп, қасиетті мекенді танымал туризм нысанына айналдыру міндеті тұр.
Гүлжазира Жалғасова.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |