НАҚТЫ ЖҰМЫС ЖҮЙЕЛІ ЖОСПАРДАН БАСТАЛДЫ

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақ бас­шылығы тізгінін қолға алысымен негізгі мәсе­лелерді жүйелі түрде  жоспарлап алуды негіз­ге алды. Бұл орайда облыстың 2020 жылға дейінгі даму жоспары әзірленді. Облысқа келген арнайы сапары кезінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа хабардар етілген стратегиялық жоспар Елбасынан қолдау тапты.

Көп ұзамай облысқа ­Ресей ғалымы, академик, ­экономика ғы­лым­дарының докторы Абел Аган­бегян бастаған ғалымдар тобы кел­ді. Олар облыстың білікті мамандарымен, ғалымдарымен бірлесіп, алдымен аймақ экономикасына талдау жүргізді. Экономиканың құрылымдық ерекше­ліктеріне назар аударды. Ресейлік ғалымдар облыс әлеуетін жоғары бағалады. Әсіресе, өңдеу өнеркәсібінің мүмкін­діктеріне айрықша назар аударды. Бұл орайда шикі мұнайды, қарт Қаратаудың қойнауында жатқан қазба байлықтарды өңдеп, осының нәтижесінде қосымша құны жо­ғары өнімдер шығару мәселесіне айрықша мән берілді.

Академик Аганбегянның тіке­лей қатысуымен әзірленген об­лыс­тың Даму стратегиясы аймақ экономикасы үшін күрделі кезең­де іске асырылды. Оған ­себеп, елімізде қысқарған мұнай өнді­рісінің 60 пайызы Қызылорда облы­сына тиесілі еді. Соған қара­мастан, жүйелі әрі табанды түр­­де жүргізілген жұмыстардың арқа­сында жақсы нәтижелерге қол жетіп отыр. Қызылорда ­облысы ауыл шаруашылығын инвестиция­лау және өңдеу өнеркәсібінің қар­қыны бойынша елімізде көш басына шықты. Тұрғын үй құрылысы жедел қарқынмен дамуда. 

Халықтың 95 пайызы орталық­тандырылған көгілдір отынмен  қам­тылды. Академик аймаққа кел­ген бір сапарында ауыз су мәсе­лесі бойынша жалпы алғанда облыс оң көрсеткіштерге қол жет­кіз­генін және бұл өзгерістер елдегі рецессиялар, экономикалық күрделі кезеңдерде мүмкін болып отырғанын атап көрсетті.  Әрине, аталған ­реформаларды табысты жүзеге асыруда ­облыс басшылығының принциптік ұста­нымы мен белсенділігі маңызды роль атқарғаны айтылды. «Сіздер өз жетістіктеріңізбен батыл мақтана аласыздар. Айта кету керек, алда әлі де қыруар шаруа күтіп тұр,  бірақ болашаққа деген сенімнің іргетасы қазірден қаланды», - деп атап өтті сол сапарында А.Аганбегян. 

Әрине, стратегиялық жоспар­дың табыс­ты орындалуына әлем экономикасындағы құбыл­малы жағ­дайлар кері ықпал етпей қой­ған жоқ. Бірақ облыста өңдеу өнеркәсібінің даму қарқыны салыстырмалы түрде алғанда 2014-2016 жылдары әртүрлі салалар бойынша 3-8 есе артты. Әсіресе, «Байқоңыр» инвестициялық форумының нәти­желері айқын көрінді. Облыстың инфрақұрылымдарын жаңғыртуға шетелдік қаржы ұйымдарынан миллиардтаған теңгелер тартыл­ды. Су, кәріз жүйелерін, электр­мен жабдықтау ­салаларын жаңғыртуға қазіргі таңда мил­лиардтаған теңгелер тартылуда. Әртараптандыру, мал өнімдерін экспорттау бойынша көптеген шаралар жүзеге асырылуда. Бұл орайда қызылордалық кәсіпкерлерге Иран, Түркия, Біріккен Араб әмір­лігі, Қытай рыногы кеңінен ашылды.

Стратегиялық жоспарда көрініс тапқандай, облыста алтын, ванадий секілді бағалы тау-кен шикізатын өндіруде айтулы көрсеткіштерге қол жеткізіліп отыр. Ең бастысы, облыс бюджеті соңғы жылдары 1,5 есе артып, 200 млрд теңгеден асып түсті. Бұл сайып келгенде. жүйелі, жоспарлы жұмыстың нәтижесінде мүмкін болды.

Ж.ӘЛМАХАН.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 қазан 2017 г. 593 0