ТАБЫСТЫ ТӨРТ ЖЫЛ НЕМЕСЕ 11 ШАҒЫН АУДАН

Бүгінде Сыр өңірі ерекше қарқынмен дамып келеді. Әсіресе, соңғы төрт жылда толағай табыстарға қол жеткізілді. Облыстың жүрегі саналатын Қызылорда қаласы жаңаша кейіппен өркендеуде. Мұндағы құрылыс жұмыстары атқарылып жатқан көп тірліктің бірі ғана. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2014 жылы 264 пәтер берілсе, 2015 жылы 2652 отбасы баспаналы болған. Сондай-ақ, 2015 жылы көпқабатты 53 үй тапсырылса, өткен жылы 80 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Соңғы 4 жылда 11 шағын аудан бой көтерген. Өткен жылы Қызылордада бір мезетте 4115 пәтерден тұратын көпқабатты үйлер салынды. Соңғы үш жылда Қызылордада қала тұрғындарының игілігі үшін жалпы ауданы 376,3 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, 5 мыңға жуық жерлесіміз қоныс тойын тойлады.
Алашқа ана атанған аймақта бұл жұмыстар уақыт өткен сайын серпін алуда. Атап айтқанда, Қазалы ауданының Әйтеке би кентінде 150 төсектік орталық аудандық  аурухана салынуда. Құрылысы өткен жылы басталған нысанды  жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, Арал қаласында 150 төсектік орталық аудандық  аурухана құрылысы басталуда. Қызылорда қаласында облыстық архив құрылысы жүргізіліп, жыл соңына пайдалануға беру көзделіп отыр.
 «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 3 мектеп бой көтеруде. Үстіміздегі жылдың тамыз айында Жаңақорған ауданының Төменарық және Нәлібаев  ауылдарында 300 орындық мектептер ел игілігіне берілді. Мұнымен қоса республикалық бюджет қаржысы есебінен облыста Жаңақорған, Арал, Қазалы аудандарында 300 орын¬дық 4 мектептің құрылысы басталды. Өткен жылы облыста  апаттық жағдайдағы 12 мектептің құрылысы басталған болатын. Нысандарды биылғы жылы толығымен пайдалануға беру жоспарланып отыр.  Ағымдағы жылдың маусым айында Қармақшы ауданында «Айгөлек» және «Ертөстік» сынды екі бірдей балабақша игілікке берілді. Бұдан бөлек облыста 7 балабақша салынуда.
Сыр өңірінде спорт саласы да жақсы дамып келеді. Спортшылардың жеткен жетістігінің өзі бір төбе. Халық та саламатты өмір салтына ден қойған. Сәйкесінше спорт нысандары да бой көтеруде. Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған, Шиелі аудандарында барлығы 7 спорт кешені салынуда. Бұларды келер жылы пайдалануға беру жоспарланған.
Қызылорда қаласындағы Жаппасбай батыр көшесіндегі және Титов ауданындағы 14 үйдің құрылысы аяқталып, қазіргі уақытта пәтерлерге тұрғындар қоныстануда.
Мәдениет саласы бойынша да 3 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, Қазалыдағы 150 орындық клубты биылғы жылы пайдалануға беру жоспарланса, Жалағаш пен Шиелі аудандарындағы  мәдениет ошақтарының құрылысы келер жылы аяқталады деп күтілуде.
Қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік саласы бойынша 4 нысан бой көтеруде.
Осыншама жұмыс атқарылған Сыр аймағын алып құрылыс алаңы десек те болады. Облыстың қай ауданына барсаңыз да, толассыз соғылып жатқан ғимараттарды көресіз.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 қазан 2017 г. 719 0