ЛАТЫН ӘЛІПБИІ – рухани тәуелсіздігіміздің тұғыры

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық  мақаласында елімізді жарқын болашаққа бастайтын бірқатар бастамалармен қатар қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі көтерілген.

Президент мақаласы жарияланғаннан бастап әлі күнге дейін талқыланып жатыр. Парламентте де осы мәселеге байланысты келелі  жиын өтіп, онда әліпби жайы сөз болғаны белгілі. «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау кезінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек әліпби ауыстыру таза тілдік жайттарға қатысты туындап отырғанын жеткізсе, Ш.Шаяхметов атындағы республикалық орталықтың директоры Ербол Тілешов төл дыбыстарымызды диграфтар арқылы сақтауға болатынын мәлімдеді.

Шынтуайтына келгенде, латын қарпіне көшу жайы кеше басталған жоқ. Ол тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай күн тәртібіндегі мәселеге айналып келеді. 2006 жылы Елбасы Қазақстан халықтары Ассамблеясының ХІІ сессиясында: «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де, латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие және көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес» – деген еді. Ал, «Қазақстан-2050» стратегиясында латын әліпбиіне 2025 жылы толық көшетініміз жайлы кесімді сөз айтылды.

Болашаққа бағдар боларлық мақалаға рухани жаңғыру негіз етілген. Бұл мақала Мәңгілік еліміздің мақсат-мұратын жүзеге асыруға бағытталған.  Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Сондықтан, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтуіміз керек. Ұлттық салт-дәстүріміз, ана тіліміз, ән, жыр, күй, музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс. Елбасы «2025 жылға қарай іс-қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан, біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек» – деп атап көрсетті.

Қазақ әліпбиінің тарихына үңілсек, Ұлы Далада осы уақытқа дейін бірнеше жазу түрі қолданылыпты. ҮІ-ҮІІ ғасырлар – ерте орта ғасыр кезеңі. Бұл уақытта Еуразия құрлығында ғылымға «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы қолданылған. Мұны адамзат тарихындағы ең көне әліпбилердің бірі деп атауға да болады. V-ХV ғасырларда түркі тілі Еуразия құрлығының аса ауқымды бөлігінде ұлтаралық қатынас тілі болды. Ислам дінімен бірге араб әліпбиі қатар келді. Біртіндеп руникалық жазулар қолданыстан шыға бастады. Қазақстан аумағындағы халық ХХ ғасырға дейін араб әліпбиін пайдаланды. 1929 жылы КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Призидиумы латындандырылған жаңа әліпби «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Содан 1940 жылға дейін латын әліпбиі негізінде жасалған жазу қолданылды. Ал, 1940 жылы «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды. Содан бері Қазақстан азаматтары кириллица нұсқасындағы жазуды пайдаланып келеді.

Әліпби ауыстыру мәселесі заман талабынан туындап отыр. Елбасы мақаласында «2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет» деп алдағы міндеттер көрсетілген.  Осы ретте аймағымызда да қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруді насихаттайтын облыстық ақпараттық-насихаттық топ құрылғанын айта кеткен жөн. Аталған топ мүшелері Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда кездесулер өткізіп, аймақ тұрғындары арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

Дүйім жұрттың арасында латынға көшсек осы кезге дейін жеткен жетістігімізді, әдебиет пен ғылымдағы табысымызды жоғалтып аламыз ба деген қорқыныш  бар екені жасырын емес. Дегенмен, мұндай пікірге жөнсіз жол беруге болмайды. Жазушы Төлен Әбдікұлының «Егемен Қазақстан» республикалық газетінде жарияланған мақаласында жаңағыдай ойдың жетегінде жүргендерге былайша жауап береді. «Жетпіс жыл бойы жасалған мұрамыз далада қалып қоймай ма деген де пікірлер айтылуда. Оған – араб әрпінен латыншаға, одан кириллицаға көшкенде қай асыл мұрамыздан айырылдық деген қарсы сұрақпен жауап беруге болар еді», – дейді жазушы. Бұдан артық ешқандай дәлелдің қажеті жоқ деп ойлаймын. Сонда да кешегі «Қамшы» ақпарат агенттігінің жетекшісі, «Attila group» интернет компаниясының өкілі Біләл Қуаныштың: «Абай жолын» 3 секундта жаңа әліпби жүйесіне аударуға болады» – деген пікірін назарларыңызға қайта салып қоюды жөн көрдік. Ғылым мен техника дамыған бүгінгідей заманда бұл әбден мүмкін болатын шаруа. Оған біздің мемлекетіміздің қауқары да, шамасы да жетеді. Жаңа әліпбидің ең басты артықшылығы ретінде мемлекеттік тіліміз ендігі кезекте білім мен ғылымға, компьютер мен интернетке оңтайлана түсетіні қарастырылып отыр.  Біләл Қуаныштың ойынша осы айтылғандарға алдағы уақытта қолданысқа түсетін конвертер жүйесі кепілдік беретін көрінеді. Оның айтуынша, ұялы телефон пайдаланатын кез келген қазақстандық немесе интернетке қолы жететін 12 млн азаматымыз, сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен баспа орындары осы жүйе арқылы жаңа латын әліпбиін ешқандай қиындықсыз қабылдай алады екен.

 

Азиз БАТЫРБЕКОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 қазан 2017 г. 885 0