СОЛ ЖАҒАЛАУ– ЖАҢА ҚАЛА КЕЛБЕТІ

Алашқа ана атанған Сыр өңірінің бас шаһары бүгінде адам танымастай өзгерген. Көркейген, сымбатына сымбат қосқан, ажары айшықтала түскен. Қала көшелері кеңейген, жолдары тақтайдай тегіс. Оның қос қапталы жарықтандырылған, сымбатын арттырар гүлдермен көмкерілген. Қала көшелеріндегі жолдың шетіне қиыршық таспен әдіптеп неше түрлі оюлар жасалған. Мұның барлығы көрген көздің жауын алары сөзсіз. Сырттан келген қонақтарды қызықтырып, таңдай қақтырары анық. Бұл секілді әсем өрнектерге қарап, Қызылорда сәні мен салтанаты жағынан өзге де қалалардан кем түспейтінін аңғаруға болады. Өйткені, бұл қала Елордаға қарап бой түзеуде.
Соңғы бес жылда облыста құрылыстың көлемі 3,5 есеге өссе, Қызылорда қаласында 8 есе артқан. Биылдың өзінде 61 көпқабатты үй салынуда. Осы жерде шығыстық үлгіде жаңғыртылатын Сырдарияның сол жағалауын ерекше атап өтуге болады. Бұл аймақты кешенді игерудің алғашқы кезеңі 2017-2024 жылдар аралығына белгіленген. Десе де, бұл бағыттағы жұмыстар мерзімінен бұрын басталды. Дәлел ретінде өткен жылы пайдалануға берілген Сырдария өзенінің екі жағалауын байланыстыратын көпірді атап өтуге болады. Қаланың бас жоспарына сәйкес, аталған аймақтың 1532 гектарын игеру көзделген. Негізінен, сол жағалаудағы аумақ 15 ауданнан құралады. Атап айтқанда, тұрғындарға арналған 11 аудан, 1 индустриалдық аймақ және 3 ірі  парк пен бульварлар қарастырылып отыр. 2013 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 132,9 млн теңгеге Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 1532 гектар аумаққа инженерлік-геологиялық және геодезиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. 2014 жылы осы аумақтың түбегейлі жоспарлау жобасы әзірленді. Аталған жоба облыс әкімдігінің қаулысымен бекітілді. Ағымдағы жылдың мамыр айында Сырдария өзенінің сол жағалауынан 5 қабатты 18 тұрғын үй мен 320 орындық балабақшаның іргетасы қаланды. Бұл нысандар құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен салынып жатқанын да айта кеткен жөн. Ал, жоба құны 742 млн теңгені құрайтын 320 орындық балабақшаның құрылысы «Абу-Сер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы мемлекеттік-жеке¬меншік әріптестік аясында салынуда.
Мамандардың пікіріне сүйенсек, 2018 жылы республикалық бюджет есебінен тағы бір 320 орындық балабақша, 600 орындық мектеп салу да жоспарда бар екен. Алдағы уақытта осы аумақтан Жастар орталығы, Неке сарайы, «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, онкологиялық орталықтың және Сыр елінің өткенінен сыр шертер Қазақ Орталық Атқару комитеті мұражайының ғимараттары бой көтермек. Осы ретте, жақында ғана «Болашақ» университетінің студенттер қалашығының құрылысы басталғанын айта кетуді жөн көрдік. Сол жағалауда «Болашақ» университетінің бүтін бір қалашығы бой көтереді. Атап айтқанда, 12 қабатты әкімшілік ғимарат, оқу корпустары, Студенттер сарайы, клиникалық құралдармен жабдықталған медициналық колледждің және «Болашақ» колледжінің ғимараты, балабақша, дендросаябақ пен мегаорталық орналасатын болады. Сондай-ақ, құрылысы жүріп жатқан Қазақ Орталық Атқару комитеті мұражайының ғимараты жыл соңына дейін пайдаланылуға беріледі деп күтілуде. Оның бір жағы мұражай да, екінші жағы Рухани жаңғыру орталығы болады.
Сол жағалауды жандандыру жұмыстары мұнымен тоқтап қалмасы анық. Қазіргі таңда осы аумақта салынуы жоспарланған ауысымына 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсектік көпсалалы аурухана құрылысының жоба-сметалық құжаттамасы әзірлену үстінде. Оның құрылысы келер жылы басталады деп күтілуде.
Сыр еліндегі ғажайыптар мұнымен бітпейді. Әрбір мүсінге мән бере қараған адам  өткен тарихқа үңіле алады. Бабалар жолымен жүріп, билер кеңескен ортаға келеді. Осылайша, Әйтеке, Төле, Қазыбек секілді қазақтың атақты үш биі бейнеленген ескерткішке жолығады. Сәл әрірек жүрсеңіз, қазақ отбасын көрсететін мүсінді композиция кездеседі. Мұндағы аялдамалардың өзі тарихтан сыр шертіп тұрғандай әсер қалдырады. Оларда  қазақтың небір батыр тұлғалары мен ақын-жазушылары, күйшілері мен жыршылары, жыраулары тұр. Олардың суреттері ілініп, қысқа ғұмырбаяндары берілген. Аялдамаларға келген әрбір адам қазақ халқының дара тұлғалы даналарының өмірімен таныса алады.

А.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ. 
 
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 қазан 2017 г. 842 0