ҚАМҚОРЛЫҚ ҚҰШАҒЫНДАҒЫ АЙМАҚ

Елбасының көреген саясатын қызылордалықтар, сірә, ұмытпас болар. Бір ғана Арал теңізінің тағдыры емес, тұтас облыстың сақталып қалуы да үлкен қамқорлық еді. Міне, сол қамқорлықтың қазір нәтижесі көрініп келеді. Аймақ жан-жақты дамудың жолына түсті. Тіпті, жекелеген сала бойынша жетістігіміз елімізде алдыңғы үштіктен ойып орын алды. Ал, «Сыр – Алаштың анасы» деген сенімі мен аманаты облыс үшін қастерлі ұғымға айналды.
Иә, тектілік – қасиет, қазақтың киесі. Сыр бойы қаншама сырды бойына бүккен, өткені де, бүгіні де терең тебіреніске, тағылымға толы тарихын дәуірлер шежіресі дәріптей алады. Мұнда үш астананың тарихы бар: Оғыз мемлекетінің бас қаласы – Жанкент, Ақ Орда мен Қазақ хандығының орталығы – Сығанақ, Қазақ Кеңестік Автономиялық Республикасының астанасы –Қызылорда текті топырақтың тынысын кеңейте түседі.
Жер кіндігі – жұмақ өлкеде Қорқыт саялап, желмаямен желіп Асан қайғы жерұйықты тапқан, бертінде жеті қат көкке жол салған ғарыш айлағы салынды.
Тарихи және мәдени мұрасы мол, көне көмбенің көзі көп өңірде өнеге де жетерлік. Тауы да бар, құмы да бар, суы да бар аймақтың алқасы табиғи ресурсқа бай, әртараптанған экономиканың әлеуеті уақытпен бірге өсіп келеді.
Облыстың орналасу реттілігі де өте ыңғайлы, үш артерияның бойында: су, жол, теміржол байланысы барлық ауданды қақ жарып, кесіп өтеді. Автокөлік  пен теміржол тасымалы толық шешілген. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі 800 шақырымнан астам жолды қамтиды. «Қорқыт ата» әуежайы халықаралық әуе кеңістігінде өз жолын қалыптастырған. Табиғи газ игілігі кезеңімен шешіліп келеді.
Тұран даласы табиғаттың тұнған тылсымы дерсін.  Қызылқұм, Қарақұм, Бетпақ шөлі, Қаратау етегі, Арал теңізінің жағалауы флора мен фаунаның тұтас жиынтығына айналды. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген құлан, арқар, қарақұйрық, ақбөкен, дуадақ, тырна секілді  аң-құс атыраптың сәні, табиғат тартуы.  Елбасының тікелей бастамасымен басталған САРАТС жобасы теңізді толтырып қана қоймай, тұтастай түлеп, Аралдың сапалы балығын экспортқа шығаруға мүмкіндік ашты.
Өңірде аграрлық саламен қабат өндірістің дамуы үлкен серпіліске ие. Мұнай, уран, мырыш өндірісі елеулі жетістікке жеткен. Облыста шикізатқа тәуелділікті төмендету үшін металлургиялық кластерді және басқа да индустриалды жобаларды дамыту қолға алынды. Соның бірі «Шыны зауыты». Ал, өндіріс бағытындағы «Шалқия Цинк» ЖШС, «Қазгермұнай» ЖШС, «Қызылқұм» ЖШС, «РУ-6» кен басқармасы да саланың туын тік ұстап келеді.
Қызылорда қаласында қазіргі таңда жаңадан 11 шағын аудан ашылды. Бүгінгі күні 263 800 шаршы метрді құрайтын 80 көпқабатты үйдің құрылысы жүруде. Бұл халықтың  ең басты әлеуметтік мәселесі шешілуіне мол мүмкіндік берді. Өз кезегінде бала туу санының артуына, сөйтіп, аймақ халқы 800 мың, орташа өмір сүру деңгейі 72 жас болуына жол ашты. Жетпіске тарта өзге ұлт өкілі бір шаңырақтың астында тату өмір кешуде.
Қызылорда облысының жер аумағы 228,1 мың шақырым, солтүстігінде Ақтөбе, Қарағанды, шығысы мен оңтүстігінде Оңтүстік Қазақстан облыстарымен, Өзбекстанмен шектеседі. Жеті әкімшілік ауданы, үш қаласы бар.
Облыс орталығы жаңарған, келбетті қалаға айналды. Кең көшелер, сәулетті ғимараттар, көрікті орындар орын тепкен. Қызылорда – еліміздегі ең ірі индустриалдық, бизнес, мәдени, білім мен ғылым, достық орталығы. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне сырбойылықтар «Қорқыт ата» мемориалдық кешені мен «Байқоңыр» ғарыш айлағын туристік нысан ретінде қосты. Ежелден халқы дәстүрге берік, сертке мығым биігімен бағаланған, сұлу Сыр-Ананың сағасы, тарихы терең Тұран ойпатының төрі қонақжай қасиетімен  құнды. Жалпы, Қызылорда облысының өсіп-өркендеуіне, өндіріс саласының дамуына үнемі қамқорлық көрсететін Елбасының шапағатына ел әрдайым құрметпен қарайды.
Қ.ҚҰРБАН.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 қазан 2017 г. 567 0