ҚАЗАЛЫДА ҰЛАҒАТЫ ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ

Бүгін Қазалы ауданындағы «Наурыз» мейрамханасында ұстаздар күніне арналған мерекелік шара өтті. Салтанатты кеште саналы шәкірт тәрбиелеп, сала жұмысына қомақты үлес қосқан қызметкерлер құрметке бөленді.

Жиынға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Совет Бабанаев ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтады: «Болашақ үшін маңызы зор – білім саласында аудан бойынша атқарылып жатқан шаралар өз нәтижесін бере бастады. Биылғы Ұлттық Бірыңғай Тестілеу кезінде түлектеріміз облыс бойынша ең жоғары көрсеткішке ие болды. 57 оқушы «Алтын белгі» белгісін, 7 оқушы Үздік аттестат иеленді. Әрине, ұстаздарымыз осы жолда қаншама тер төкті. Сондықтан, бүгінгі мерейлі мерекеде ұстаздар қауымына шынайы алғысымды білдіргім келеді».

Мерекелік шарада білім беру саласын дамытуға үлкен үлес қосқан педагогтар марапатталды. Әсем ән мен сырлы сазға толы салтанатты шарада білім саласы ардагерлері де назардан тыс қалмады. Бұл күні аудандағы бірқатар ардагер-ұстаздарғада құрмет көрсетілді.

Айта кетейік, аудан бойынша білім саласына аса қомақты инвестициялар салынуда. Осыдан екі жыл бұрын ауданның білім саласына 5 млрд. 848 млн. теңге бөлінсе, биыл бұл қаржы 9 млрд. 264 млн теңгеге жетті. Өткен жылдың өзінде соңғы апаттық жағдайдағы 5 мектеп құрылысы басталып, Бірлік, Лахалы, Майдакөл ауылдарында және Шилі елді-мекенінде 50 орындық мектеп 20 орындық балабақшасымен пайдалануға берілді. Жақын арада Шәкен ауылындағы жаңа мектеп іске қосылмақ. Аудан орталығындағы 5 квартал аймағынан да 300 орындық мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр. Осымен, апаттық мектептердің проблемасы Қазалы ауданында толығымен  шешіледі.

Бұдан бөлек, биыл 50 жылдық тарихы бар Қ.И.Сәтбаев атындағы №216 мектептің қосымша құрылысы жүргізіліп, жаңа корпуста спорт зал, асхана, шеберхана салынды. Мұның барлығы ұстаздар мен оқушыларға ыңғайлы орта мен лайықты білім алу үшін жасалып жатқан жұмыстар.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 қазан 2017 г. 883 0