« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында елімізді жарқын болашаққа бастайтын мәселелер көтерілген. Оны Мәңгілік еліміздің мақсат-мұратын жүзеге асырудың түп негіздерін, рухани жаңғыруымыздың негізгі бағыттарын айқындап берген ұлт жадының тұжырымдамасы деуге болады. Осы орайда, Мемлекет басшысы көтерген бастамалардың негізінде аймағымызда атқарылып жатқан жұмыстарды білу мақсатында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық офисінің басшысы Жарылқағанов Әлімжан Мұратбайұлымен сұхбаттасқан едік.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарық көргелі бері біршама уақыт өтті. Жалпы, содан бері облысымызда қандай жұмыстар атқарылды?
– Мақалада көтерілген әрбір мәселе әр қазақтың, қазақстандықтың жүрегіне жол тапқан кемел ойдан туған кемеңгер шешім екені даусыз. Бүгінгі күні өңірімізде 4 кіші бағдарламадан тұратын «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ілгерілету және үйлестіру бойынша облыстық жұмыс тобы, Сарапшылар кеңесі және Жобалық топ пен хатшылық құрамы бекітілді. Аталған топқа өңірдің зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар, ардагерлер, БАҚ өкілдері, партия жетекшілері енгізілді. Сондай-ақ, облыс әкімінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық офисі құрылып, бүгінгі күні аталған бағыттағы жұмыстарды жүргізуде.
Сонымен қатар, бағдарламаны ілгерілету мақсатында және қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруді насихаттайтын облыстық ақпараттық-насихаттық топ құрылды. Аталған топ мүшелері Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда кездесулер өткізіп, аймақ тұрғындары арасында кең ауқымды түсіндірме жұмыстарын жүргізді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру негізінен өңірлік Жобалық офистің үйлестіруімен, ұзақ мерзімді жобалар мен ірі көлемді шаралар аясында жүзеге асырылады.
Бүгінгі күні өңірімізде 4 кіші бағдарламаға негізделген Астана қаласындағы Орталық жобалық офиспен келісілген 63 жоба жүзеге асырылуда.
– Сөз арасында кіші бағдарламалар туралы айттыңыз. Ол қандай бағдарламалар? Осы жағын толықтырып өтсеңіз...
– Жалпы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы 4 кіші бағдарламадан тұрады. Соның бірі «Тәрбие және білім» деп аталады. Оның өңірлік жұмысшы органы облыстық білім басқармасы. Кіші бағдарламаның өзі бірнеше базалық бағыттардан тұрады. Аталған бағыттарды ілгерілету бойынша бүгінгі күні өңірімізде мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, алдағы уақытта «Өлкетану» базалық бағытын жүзеге асыруға бағытталған «Мәдени-генетикалық код: тарих, дәстүр және әдет-ғұрыптар» атты жас тарихшылардың съезі, «Саналы Азамат» базалық бағытын жүзеге асыруға бағытталған «Менің бастамам – менің Отаныма» атты шығармашылық жобалар байқауы, «Шығармашылыққа алғашқы қадам» атты инновациялық идеялар конкурсы мен «Кәсіби білім және бизнес: серіктестер диалогы» тақырыбындағы облыстық еңбек форумын жүзеге асыру жоспарлануда.
Бұдан бөлек «Атамекен» кіші бағдарламасының «Азаматтық бастамалар картасы» және «Жомарт жүрек» базалық бағыттары бойынша бірнеше ірі жобалар жүзеге асырылуда. Олардың ішінде «Ұлы дала елі» тарихи-танымдық экспедициясы, «Жомарт жүрек» базалық бағытын жүзеге асыруға бағытталған «Қайырымдылық жасаушылар» форумы, «Туған жерге тағзым» акцияларын ерекше атап өтуге болады.
– Елбасы мақаласында көтерілген мәселелердің бірі киелі жерлер мен тарихи орындарға байланысты екені белгілі. Алашқа ана атанған аймақта қасиетті мекендер баршылық. Бұл бағыт бойынша қандай жұмыстар атқарылуда?
– Осы ретте, бағдарламаның «Рухани қазына» кіші бағдарламасы осы бағыттағы жұмыстарды қолдауға, өңіріміздің рухани құндылықтарын, тарихи орындарымызды насихаттап, дәріптеуге бағытталған. Бүгінгі күні Сыр өлкесінің озық мәдениетінің дәлелі болған сақтардың ордасы ортағасырлық Шірік-Рабат, оғыздардың астанасы атанған Жанкент, қыпшақтардың және қазақ хандығының бірінші астанасы Сығанақ қалашықтарына археологиялық қазба жұмыстары сәтті жүргізілді. Қазақстанның киелі жерлерінің картасына республикалық маңызы бар Шірік-Рабат, Жанкент, Жент, Сығанақ, Оқшы ата, Қорасан ата, Төлегетай-Қылышты ата, Бегім ана, Қорқыт ата, Христос Спаситель сынды 10 ескерткіш енгізілді. Тарихшылар мен археологтардан, ғалымдар мен өлкетанушылардан арнайы жұмысшы тобы құрылып, қосымша Сыр өңірінің киелі орындары анықталатын болады. Қасиетті нысандарды анықтау барысында табиғи ландшафтық қасиетті орындар, археологиялық және архитектуралық ескерткіштер, Қазақ хандығының астаналары мен қалалары, зиярат етуге арналған діни-ғұрыптық нысандар, тарихи тұлғаларға қатысты қастерлі жерлер, саяси-тарихи оқиғаларға байланысты киелі орындар зерттеледі.
– Атқарылған жұмыстардың ішінде қайсысына айрықша тоқталар едіңіз?..
- Қармақшы ауданындағы «Қорқыт Ата» мемориалдық кешені жанынан ашылған Этноауылдың жұмысын ерекше атап өтуге болады. Онда шетелдік туристерді қазақ халқының тыныс-тіршілігімен және мәдениетімен, салт-дәстүрімен таныстырып қана қоймай, оны шетелге кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстарды жүруде. Сыр өңірінің өнері өз жерімізде ғана дамып қоймай, Ресей, Түркияға, Лондон, АҚШ-тың Нью-Йорк, Вашингтон қалаларына, Әзірбайжан, Өзбекстан Республикаларына танылуда. Биыл облысымыздың өнер ұжымдары Баку, Шеки қалаларында өнер көрсетіп қайтты. «Тарих толқынында» жобасы аясында Қармақшы ауданындағы ортағасырлық Сортөбе, Шірік-Рабат қалашықтарына мектеп оқушылары мен журналистердің танымдық экскурсиялары, баспасөз турлары ұйымдастырылды.
– Тарихи жәдігерлерді қалпына келтіру мақсатында не істелді?
– Облыс орталығындағы тарихи-өлкетану музейі жаңғыртылып, экспозициясы заманауи үлгіде жаңартылса, Елбасының тапсырмасына сәйкес Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата ескерткіш кешені толық реконструкциядан өткізілді. «Рухани қазына» кіші бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында «Сыр – алаштың анасы» тақырыбымен өңірдегі тарихи мәдени орындарға экспедиция ұйымдастырылды. Аталған экспедицияны Қызылорда облысының әкімдігімен бірлесіп «National Digital History» порталының өкілдері өткізіп, экспедицияны порталдың редакторы Алтынбек Құмырзақ басқарды.
Бұл бағыттағы шаралар алдағы уақытта да жүзеге асырылатын болады. Оның бірден-бір дәлелі ретінде, «Қазақстанның мәдени жетістікері» базалық жобасын жүзеге асыруға бағытталған түркі тілдес елдердің «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалін атап өтуге болады. Бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстарға бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуеті де белсенді пайдаланылуда, одан тәуелсіз БАҚ-тарда сырт қалып отырған жоқ.
Мемлекеттік ақпараттық саясатты сапалы әрі жемісті жүргізу мақсатында облыстық, қалалық және аудандық БАҚ-ты бір орталыққа біріктіріп құрылған медиа-холдинг бұл жұмысты жоғары деңгейде атқаруда. Осындай атқарылған ауқымды істердің арқасында еліміз экономикалық тұрғыдан ғана емес рухани-мәдени жағынан да дамуда. Бір сөзбен айтқанда, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өткенімізді оралтып, бүгінімізді бағалауға, тарихымызды келешек ұрпаққа аманат етуге мүмкіндік береді. Өйткені, бұл бағдарлама елімізді кемел келешекке бастайды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген Азиз БАТЫРБЕКОВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |