ТЕАТРДАН БАҚЫТЫН ТАПҚАН ТАЛАНТ

Театр – төрт құбыласы өнер атты әлемнің жыры мен сыры, әні мен сәнінен қаланған киелі шаңырақ. Оның әрбір сахналық қойылымынан өткен мен бүгіннің, тіпті келешектің иісі аңқиды. Ал актер – театрдың жүрегі.
Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының актері, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Бақытбек Алпысбаев туралы ой толғағанда өнер иесінің табиғи дарындылығы мен өлшеусіз еңбегін айналып өте алмаймыз. Сыр елінің ғана емес, бүкіл қазақтың мақтанышына айналған талантты тұлға бүгінде жетпістің төріне шығып отыр. Мерейтой иесінің өмірі мәнді де мағыналы, қай қырынан алсақ та көпке үлгілі.
Бақытбек Алпысбаев 1947 жылы 20 қыркүйекте бұрынғы Тереңөзек, қазіргі Сырдария ауданында дүниеге келген. 6-сыныпты Асқар Тоқмағамбетов, сол кездегі ХVІІІ партсъезд ауылындағы мектепте бітірді. Одан кейін орта білімді 1961 жылы Юрий Гагарин ғарышқа ұшқаннан кейін Қызылорда қаласының орталығында ашылған Гагарин атындағы №1 қазақ мектеп-интернатында жалғастырды.
– Тәрбиешіміз Қырғызбай Алпысбаев деген кісі-тұғын. Фамилиямыз бірдей болғанға мұғалімдер мені сол кісінің жақыны деп ойлап, қателіктерімді кешіріп жүріпті. Бір күні педсоветте ағайдан «осы анау бала сенің інің бе?» деп сұраған ғой. Бұл «ешкімім емес» деп жауап берген. Содан бастап аяушылық жоқ. Әр жиналыс сайын басымыз салбырап тұрғанымыз. 8-сыныпқа өткенімізде Қырғызбай ағайымыз өзі режиссер болып, оқушыларды тартып, авторлық пьесалар қоюға көшті. Интернатта өте белсенді едім. Концерт, кештерді жүргіземін. Өлең де оқимын. Қабілетім мен икемім барын байқап, ағай пьесаларды сахналау үшін мені де таңдап алды. Міне, сөйтіп, мамандығымды 8 сыныпта-ақ анықтап қойдым, – дейді театр тарланбозы.
«Театр актері болғым келеді» деген таңдауын шешесі әуелде құптамады. Өзінің інісі сияқты дәрігер болғанын қалады. «Оқуға түсуіңе көмектеседі ғой» деп әрі-бері айтып көрген. Бірақ бұл «апа-ау, күніне он операция жасап, оның тоғызы өліп, біреуі мүгедек болып жатса, менен қандай дәрігер шығады?!» дейді. Бар ойы – қайткен күнде де шешесін райынан қайтару. Ортаға нағашы туысы түсіп, «қайда оқығысы келсе, соған барсын, баланың жолын байлама» деп, әйтеуір, өйтіп-бүйтіп көндірді-ау.
Мектеп-интернатты бітірген соң бозбала Бақытбек қиялына қанат байлап, Алатау асты. М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының студиясына оқуға түсіп, оны екі жылдан кейін бітірді. Студияны бітіргесін басқа түлектердің арасынан ерекше көзге түсіп үлгерген жігітке «театр анасы» атанған Сәбира Майқанова мен қазақ театры мен киносының корифейі Асанәлі Әшімов қолқа салды. «Басқа балаларға қарағанда талантты екенсің» деп академтеатрға алып қалғысы келді. Әкесі қайтыс болған, анасы мен жасы кіші бауырларына қарайлайтын – өзі ғана. Жас түлектің елге қайтудан басқа амалы жоқ еді. Содан бері облыстық театрда.
Алғашқы ролі ойламаған жерден бұйырды. Актерлердің бірі ауырып қалып, «Айман-Шолпан» спектаклі тоқтап тұр екен. Келген бетте сондағы Арыстан батырдың ролін тапсырды. Өзі шынашақтай болса да, аяқастынан батырға айналып шыға келген сонда. Ал жиырма үш жасында Сәрсеков пен Жақыповтың «Бажалар мен балдыздар» деген комедиясындағы жасы алпысқа таяп қалған адамды ойнады.
– «Универмагтың» қойма меңгерушісі Жанай деген кейіпкерді Шәріп Мәрденов деген ағамыз ойнауы тиіс болатын. Оған дублер ретінде мені таңдап алды. Екеуміз де репетицияға бірдей қатысып жүрдік. Спектакльдің премьерасы өтетін кезде ол кісінің туысы қайтыс болып, аяқастынан жол жүріп кетті. Сөйтіп, сахнаға шал болып шықтым. Әйелімнің ролінде – Қазақстанның халық артисі Шолпан Бәкірова. Екеуміздің арамыз – қырық жас. Премьераны көрермен де, мамандар да жоғары бағалады, – дейді актер ағамыз.
1994-1996 жылдары Т.Жүр¬генов атындағы кино және театр инс¬титутының театр факультетін сырттай үздік дипломмен бітірді. Киелі қарашаңыраққа келгелі екі жүзден астам рольді сахнаға шығарды. Бақытбек ағаның ерекшелігі сол, роль таңдамайды. Әртүрлі жанрда ойнай алатын кең ауқымды артист. Образды ашуда талмай еңбектенеді.
–  Маған сеніп тапсырылған рольдердің қалай шыққанын халық бағалайды. Екі жүз роль менің екі жүз балам сияқты. «Мынауы сәтті, мынауы дұрыс болмады» деуге келмейді. Қай ана немесе әке «Пәленше балам жақсы, түгенше балам жаман» деп айтады?! Дегенмен, «Еңлік-Кебектегі» Жапал, «Біз үшеу едіктегі» Мұрат, «Күшігінен таланғандағы» Ақсақ Темір, «Жан пидадағы» Авдий Калистратовтың рольдері маған етене жақын. Өйткені олар адамның өсуіне, ашылуына көп септігін тигізеді. Мен қандай роль берілсе де, ешқашан «менің табиғатыма сәйкес келмейді» немесе «ойнай алмаймын» деп бас тартып көрген емеспін. Театрға мен үшін, мені іздеп арнайы келетін көрермен бар. Грим бөлмесіне келіп, рахметін айтып кетіп жатады. Осындай ілтипат сахнадағы ғұмырыңды ұзартады, қанаттандырады, – дейді актер.
Театр сыншысы Әшірбек Сығай: «Актер өнері – екінің біріне қонбайтын ерекше бақыт. Ол өзгенің өмірін жаңғырту жолында жүріп, өз өміріне тауқымет тауып алатын күрделі кәсіп. Әрбір сахналық бейне – актердің перзенті. Сол перзентті бағып-қағып, сахнаға шығарғанша актер «ата-ананың» ролінде. Өнер адамының көңілі қай кезде болмасын, көктем күніне өте-мөте ұқсас келеді. Көктем бірде шуақты, бірде жауынды, бірде дауылды. Артист – кейде сыршыл, кейде жыршыл, кейде жарқын, кейде тұйық, кейде мұңды», – деген екен. Сол сияқты Бақытбек аға өзінің «перзенттерін» аяқтандырғанға дейін тыным таппайды.
Рольді құр жаттап алып сахнаға шығатындардың қатарынан емес. Кітапханаға барады, көп ізденеді. Кейіпкерін зерттейді, оның жанын түсінуге талпынады. Әлі күнге солай. Бірде Қалтай Мұхамеджановтың «Біз періштеміз бе?» пьесасындағы Табан есімді тергеушіні ойнады. Өзі – Сәкен Сейфуллиннің мұртын бір талдап жұлған адам. 1953 жылы Сталин қайтыс болып, Сәкендер ақталған кезде Табан өзін-өзі атып өлтіреді. Осындай тарихи образдарды дайындаған кезде көз майын тауысып кітап ақтарудан жалыққан емес.
– Қазақтың маңдайына біткен Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сұлтанбек Қожанов секілді арыстардың не үшін қудаланғанын, не үшін атылып кеткенін зерттедім. Шынын айтқанда, олардың еш кінәсі жоқ. Жала жабылған. Бұлар – үштіктің құрбаны болған адамдар. Іздену арқылы кейіпкерімді тани түстім. «Қозы Көрпеш-Баян сұлуда» Жантықты да, Қарабайды да ойнадым. Екеуін екі режиссер қойды. Әсерленгенім сондай, грим сүртуге де шамам келмей, біразға дейін образдан шыға алмай жүргенім бар, – дейді Б.Алпысбаев.
Сахна саңлағы Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Оралбек Әбдімомынов, Тұрысжан Айнақұлов, Қазақстанның халық артистері Шолпан Бәкірова, Серік Шотықов, Жібек Бағысова секілді майталмандардан көп нәрсе үйренді. Олардан бөлек, Есмұхан Обаев, Төреш Тұңғышбаев, Тастан Өтебаев, Павел Ширшов, Жақып Әбілтаев, Жақып Омаров, Мұрат Ахманов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Маман Байсеркеновтермен қызметтес болды. Актер ретінде өсіп-жетілуіне, әсіресе, Қазақстанның халық артисі, марқұм Ерғали Оразымбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрдың көркемдік жеткшісі, режиссер Хұсейн Әмір-Темір өлшеусіз үлес қосты. Бақытбек аға сахнада Кәмила Әбжанова, Үмігүлсім Бегімова, Алмагүл Артықбаева, Зәлипа Төлепова, Бақытбек Темірбеков, Арай Көшімбаев, Ұғым Баймаханов секілді әріптестерімен бірге ойнағанда өзін еркін сезінетінін айтады.
Адам баласы өмірде екі нәрседен қателеспеу керек: бірі – жар, екіншісі – мамандық таңдаудан. Осы тұрғыдан алғанда ол өзін бақытты санайды. Өйткені, мамандығы арқылы өмірлік серігін тапты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, облыстық театрдың актрисасы Кәмила Әбжанова екеуі бүгінде екі ұл және алты немере тәрбиелеп отыр. Бақытбек ағаны театрдан бақытын тапқан жан деуге толық негіз бар. Оның жоғары деңгейлі шығармашылық еңбегі әрқашан еленіп жүр. 1990 жылы – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, 1998 жылы үздік актер атанды. Ширек ғасырға жуық уақыттан бері театрдың қоғамдық жұмысынан қол үзген емес. Он бес жылдай кәсіподақ ұйымын басқарды. 2004-2006 жылдар аралығында театрды басқарған кезде қызметкерлерді нақты іске жұмылдыра білді. Осы кезде өнер ұжымы Қостанай, Астана, Қазан, Алматы қалаларындағы театр фестивальдарына қатысып, олжалы оралды. Адал қызметі үшін 2005 жылы Президент Жарлығымен «Құрмет» орденін кеудесіне тақты.
Шеберлігі толысқан сахнагер ең басты құрмет – халықтың қошеметі деп біледі. Хас өнердің шебері оны әркез театрға келетін көрерменнің ыстық ықыласынан сезеді. Жап-жас болып театр табалдырығын аттап, елеулі еңбегімен, өнегелі өмірімен 70 жастың ауылына қадам басқан актер қазақ театр өнерінің дамуына әлі де үлес қоса беретініне сенеміз. Жетпіс – қарттық емес, қазына жас. Қазынаңыз сарқылмасын, қуатты болыңыз!

Назерке САНИЯЗОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 қазан 2017 г. 1 199 0