ҚОРҚЫТ АТА МҰРАСЫ – ТҮРКІ РУХАНИЯТЫНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

Кеше Қызылорда қаласында облыс әкімдігі мен халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының, халықаралық Түркі академиясының қолдауымен «Қорқыт ата мұрасы: эпикалық мәдениет, халық аңыз әңгімелері және әуендері» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Конференцияға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, отандық, Түркия, АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Қырғызстан және Өзбекстан мемлекеттерінен түркітанушы, филолог, өнертанушы ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері, өнерпаздар қатысты. Басқосуға жиналған меймандар ең алдымен «Тұран таңбалары» атты этноархеологиялық көрмемен танысты.
Конференцияны Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізді.
– Ұлы өнерімен Ұлы Даланы тербеткен, мәңгілік өмірдің жоқшысы, күллі түркі әлемінің ортақ ұраны – Қорқыт атамызға арналған алқалы жиынның Сыр елінде өтуі тегін емес. Халықаралық деңгейдегі конференция түркі елдерінің өзара мәдени деңгейін, халықтық өнерді сақтаудағы тәжірибелерін зерделеуге мүмкіндік береді, – деді модератор өз алғысөзінде.
Конференцияны ашқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев күллі түркіге ортақ Қорқыт ата тыныс тапқан мекенге келген барша қонақтарға елдің ықыласын жеткізді. Сыр өңірі мен Қызылорда қаласының түркілер мен қазақ тарихындағы маңызды орнына тоқталды.
– Бұл фестиваль барша түркітілдес елдердің басын қосқан рухани көпір іспеттес. Елбасының бастамалары арқасында қазір туыстас елдер арасында ынтымақтастық нығайып, достық байланыс орнаған. Ұлы ойшыл Қорқыт бабаның туған жеріндегі фестиваль осының дәлелі.
Қорқыт атаның тыныс тапқан мекеніне және Байқоңыр ғарыш айлағына Астанадағы ЕХРО көрмесіне келген 13 мыңнан астам турист сапарлаған. Сыр өңірінде Қорқыт ата есімін ұлықтаудың, ғасырдан ғасырға аманаттаудың сан жылдан бері қалыптасқан, жалғасқан дәстүрі бар. ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары тізіміне Қорқыт ата мұраларын енгізу үшін жұмыстар жүргізілді. Қазір ұлттық өтінім толығымен аяқталып, ЮНЕСКО-ның штаб пәтеріне ұсынылды. Ұсынымның алдағы жылы оң шешім табатынына сенімдіміз,– деді аймақ басшысы.
Келесі құттықтау сөзді иеленген халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов бұл конференция – ғылымның сан саласындағы Қорқыт мұрасына қатысты соны зерттеулерді таныстыратын жиын екенін атап өтті.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы біздің елде ғана емес, түркі елдері арасында да ерекше қызығушылық тудырып, ірі басқосулардың арқауына айналды. Себебі әлемнің барлық елдерінде рухани арқау күрделі жағдайда. Қазіргі заманның сұраныстары мен қайшылықтары сан қилы екенін ескерсек, ұлт руханияты үшін аса маңызды тақырыпты қозғаған жиынымыздың нәтижелі өтетініне сенімдімін, – деді бас хатшы.
Конференцияда Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры, Әлем артисі Айман Мұсақожаева өзі басқаратын оқу орнындағы дәстүрлі музыканттарды дайындаудағы жетістіктерге тоқталды. Сонымен бірге университет жанындағы Қорқыт ата атындағы ғылыми-зерттеу институты атқарған жұмыстарды айтып өтті. Институтта дәстүрлі өнерді кешенді түрде зерттеп, насихаттау, халқымыздың руханиятын жан-жақты зерделеу фольклортану, әдебиеттану, мәдениеттану, өнертану салалары бойынша жүргізілуде. Тұтас ұлттық мәдениетті зерттеуді көздегендіктен, қазақ өнеріне қатысты мәліметтерді іздестіру және оны зерттеу республика бойынша ғана емес, сондай-ақ, алыс-жақын шет елдерді де қамтиды. Осындай еңбектің нәтижесінде медиатекаға тапсырылған музыкалық шығармалар оқу бағдарламаларында қолданылуда.
Конференцияның алғашқы баяндамасын Түркияның Хаджеттепе университетінің профессоры Озкул Чобаноглы «Қорқыт ата кітабындағы экономика және дүниетаным» тақырыбында жасады.
– Қорқыт ата мұрасын терең зерттеп, компьютер тілімен айтқанда, оны мәліметтер базасы деп атауға болады. Бүкіл түркі дүниесінің болмысы мен бітімін танытады.
Әлемдік шығыстану ғылымы көшпелілердің өмірі мен тұрмыс-тіршілігін толық зерттеп, сырын аша алмай отыр. Көшпелілер тек мал мен жанның ыңғайына қарай көшіп жүрмеген. Олар екі айдан кейін қай жерге қонатынын, жер жағдайын жіті зерттеген. Қазіргі кезде байланыста интернет желісі қандай маңызды болса, заманында Ұлы Жібек жолының да ролі осындай болған. Ұлы жолдың бойында тек сауда-саттық жасалған десек, қателесеміз, онда ой-пікірлер тоғысып, құндылықтар алмасып жатты, – деді Озкул бей.
Одан әрі Ресейден келген өнертану ғылымының докторы, профессор Игорь Мациевский этностық мәдениеттің тарихи стратиграфиясындағы дәстүрлі инструментализмнің орнын талдаған баяндама жасады.
Дәстүрлі инструментальды музыкалық мәдениет бұл музыкалық аспаптарды дайындау, акустикасын, пайдалану әдістемесін, функциясын, жанрын, формаларын, музыкалық стильдерін және онымен байланысты әндерді анықтау сияқты эволюциялық жолдан өткен. Көптеген халықтарды этникалық мәдениетімен табыстырған тарихи кезеңдерінің жалғыз ескерткіші – осы ескіден келе жатқан музыкалық аспаптары болып отыр.
Конференцияда ҰҒА корреспондент-мүшесі, өнертану ғылымының докторы Сара Күзембай ғылым саласындағы қорқыттану проблемаларына тоқталды. Қорқыт ата туралы ауызекі түрде сақталған миф-аңыздар мен көне оғыз эпосы тек қана түркітілдес халықтардың (әзербайжан, қарақалпақ, түрік, қазақ, ноғай, құмық, балқар-қарашай және армян) рухани байлығы емес, бүкіл дүниежүзілік әдеби жазба ескерткіші ретінде жоғары бағаланады. Ғалымның айтуынша, түрлі халықтар Қорқытты өз ұлтының перзенті ретінде санап, оны тек өз ұлтының кейіпкері ретінде мақтан ететіндіктен, бұл тақырыпты зерттеу өте қызық.
Бүгінге дейін Қорқыт және «Қорқыт ата кітабы» туралы 800-ден астам зерттеулер жарық көрді. Өткен ғасырда тарихи, философиялық, филологиялық, руханияттық жағынан қарастырылып, жан-жақты дамыды. Осы тақырыпты зерттеген орыс және шетел оқымыстыларының саны 50-ден асып жығылады.
Қорқыт атаның рухани мұрасы қазақ менталитетінің қалыптасуына барынша әсерін тигізді. Сондықтан да ұлт оқымыстылары қорқыттану проблемасына ерекше көңіл бөліп, зерделі жұмыстар жүргізді, ұлттық көзқараспен қарастырылған кітаптар, ғылыми очерк, мақалалар баспалардан жарық көрді.
АҚШ-тың Костал Каролина университетінің доценті, этномузыкатанушы Анна Олдфилд өзінің «Деде Коркыт және Әзербайжан агуштары» тақырыбындағы баяндамасында туыстас халықтың ұғымындағы, дүниетанымындағы Қорқыттың алатын орнына тоқталды.
Қазақ Ұлттық өнер университеті Қорқыт ата мұрасын зерттеу зертханасының меңгерушісі Әлқуат Қазақбай Қорқыт атаның өшпес мұралары – қобызы мен күйлерін терең зерттеген. Ол өз баяндамасында «Қорқыт атаның қоңыр күйлері бізге қалай жетті, бағзы заманнан бері үзілмей келе жатқан қобыз өнерін кімдер әкелді?» деген заңды сауалдарға жауап іздеген.
Қорқыт ата күйлерінің сарындарын жеткізген Қорқытты ұстаз тұтқан бақсылар. Сарындарын Қорқыт ата күйімен өрнектеген, емшілікпен айналысқан қазақ бақсылары да биік деңгейдегі қобызшылар болған. Аса дарын иесі болған қобызшы-бақсыларды қазақ ардақтай білген. Бақсылықты зерттеген дүние жүзі ғалымдары да олардың өнеріне таңғалып, бақсылық ойындарын көзімен көріп, құлағымен естіген күйлері мен сарындарын тілге тиек етіп, алған әсерлерін қағаз бетіне түсірген. Қобыз күйлері – жыраулық дәстүрмен, бақсы сарынымен, күйдің шығу тарихы туралы айтылатын аңызбен, соңынан күйдің өзі толығымен орындалатын ата жолы бар үлкен мектеп.
Қорқыт ата күйлерінің қазақта ғана, қазақ қобызшыларының орындауында сақталуының өзі үлкен құбылыс. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген «Қазақтың 1000 күйі» жинағына Қорқыт күйлері енгізілді. Осыдан біршама уақыт бұрын Халықаралық Түркі академиясының ұйымдастыруымен Париж қаласындағы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде халықаралық жиын өткен еді. Сахнада Қорқыт ата күйлері қобызбен орындалды. Сонымен бірге Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры, профессор Айман Мұсаходжаева тұңғыш рет қобызшылармен бірге қосылып қобыз күйін орындады. Қорқыт ата күйлері түпнұсқадан қайта нотаға түсіріліп, ЮНЕСКО-ға сыйға тартылды.
Елімізде халық орындаушылары жырау, жыршылар жөнінде филологиялық, фольклорлық, педагогикалық, музыкалық шығу тарихына арналған зерттеулер болғанымен, фольклорлық, эпикалық, музыкалық бай мұраны тудырушы және таратушы жырау, жыршылардың ізбасарларын, мұрагер ұрпақтарын кәсіби маман ретінде арнайы жоғары оқу орындарында даярлау мәселесі күні бүгінге дейін зерттеу объектісі болмай отыр. Бұл туралы Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры Алмас Алматов дәстүрлі халық орындаушылары, жырау, жыршыларды республиканың жоғары оқу орындарында кәсіби маман ретінде дайындау мәселесін талдаған баяндамасында айтты.
– Ұлттық тарихымыздың ұзақ жолынан өтіп, бүгінгі күнге тек орындаушы күйінде жеткен жыраулық, жыршылық өнерге ғылыми басшылық жасап, тарихи дәстүрлі келбетін сақтай отыра, педагогикалық, әдістемелік бағдарламасын жасау және жас өнерпазға жоғары білім беру – абыройлы міндетіміз, – деді А.Алматов.
Конференцияда Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры Саида Елеманова еліміздегі материалдық емес мұраның сақталуын Қорқыт ата мұраларымен байланыстырып айтып берді.
ЮНЕСКО конвенциясында материалдық емес мәдени мұраны сақтау үшін оны зерттей түсу керектігі, халыққа кеңінен таратуға жағдай жасау туралы айқындалған. Қазақстан осы конвенцияны ратификациялағандықтан, алдағы желтоқсан айында әлемдік ұйыммен арадағы келісімді қалай орындап жатқанымыз, яғни материалдық емес мұраларды сақтауда атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп беріледі. «Қорқыт ата мұралары» мультиұлттық номинациясына келсек, бізге қобыз шалу өнерін одан әрі дамыту керектігі байқалады. Қобыз шалу дәстүрі бақсылықпен жақын болғандықтан әлі де тереңдете зерттеуді қажет етеді.
Ғалым түркі халықтарының музыкалық дәстүріне арналған фестивальдар арқылы өзінің ұлы түркі мәдениетінің өкілі екенін мақтан тұтатын өнерпаздар, ортақ аудитория, дәстүрлі өнердің құндылықтарын қастерлейтін көрермен қалыптасқанын айтты.
Конференцияда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Қорқыттану және өлке тарихы ҒЗИ директоры, профессор Бағдат Кәрбозұлы өз баяндамасында Қорқыт ата жырлары мен қазақ эпостарының арасындағы тарихи-генетикалық байланысқа талдау жасады. Қазақтың батырлар жырында да Қорқыт ата жырларындағыдай ең алдымен белгілі бір рудың, батырдың ата-аналарын, олардың байлықтарын жырлау – кең таралған мотивтердің бірі. «Алпамыс», «Қобыланды» және «Қорқыт» жырларында баласыз қартайған ата-аналардың өз отбасы мен руының қорғансыз екеніне қайғырып, «есепсіз байлығының» баянсыздығына күйіну бар.
Мұнан әрі олардың қасиетті әулиелерге түнеп, олардан бала тілеп кетуі баяндалады. Ал Қорқыт ата жырындағы Дерсе хан ұлы Бұқаш хан туралы жырда осыған ұқсас мотив кездеседі. Бұдан өзге той жасау, құда түсу қалың мал беру, түс жору, құдалыққа анттасу сияқты ұқсастықтар көп кездеседі.
Қорқыт ата кітабы бойынша зерттеулер толастамақ емес. Қорқыттану және өлке тарихы ҒЗИ тарихшы, әдебиетші ғалымдары алдағы уақытта Қорқыт туралы барлық түркі тектес халықтардың аңыз-әңгімелерін, жырларын жинауды, оларды бір-бірімен және Қорқыт жырларымен салыстыру арқылы теориялық тұрғыдан тұжырымдар жасауды қолға алмақ.
Қорқыт ата атындағы университеттің кафедра меңгерушісі Ғабит Тұяқбаев «Қорқыт күйлері: аңыз бен ақиқат» тақырыбында баяндама жасап, «Ұшардың ұлуы», «Желмаяның желісі», «Әуіпбай, Әуіпбай», «Башпай», «Аққу», «Матаулы киіктің зары» деп аталатын күйлердің шығу тарихы туралы аңыздарға тоқталды.

***

Түс ауа конференция жұмысы қайта жалғасын тапты. “Түркі әлеміндегі этноаспаптану мәселелерін” қаузаған жиында отандық және шетелдік баяндамашылар орамды ойын ортаға салды. Музыкалық аспаптану ғылымының негізін қалаған көрнекті ғалым Болат Сарыбаев жайлы естелік айтып, ел қолында пайдаланылудан қалған көне музыкалық аспаптарды зерттеп-зерделеген, тауып, қайта жаңғыртқан новатор еңбегін сөз етті. “Түркітілдес халықтар фольклорындағы эпостық дәстүрлер”, “Заманауи музыкалық композициялардағы қазақ ұлт аспаптарының тембрлері” секілді тақырыптарда ғылыми мақала ұсынды.
Ұлыбританиядағы Хорниман мұражайының музыкалық аспаптар сақтаушысы Берли Маргареттің баяндамасын тыңдау барысында қатысушылар “Хорниманға” сапарлағандай болды. 350 мың экспонат пен 8 мыңға жуық музыкалық аспап орналастырылған мұражай елдегі көзтартар мәдени жерлердің бірі болса керек. Соның ішінде саз аспаптарының топтамасы көптің қызығушылығын тудырады екен. Әзербайжан өнертану ғылымының кандидаты, доцент Сурая Агаева музыкалық аспаптар қоғамдық және әлеуметтік қарым-қатынастың барлық жағын қамтитын мұра екенін, осы тұрғыдан алғанда, оның ұлт тарихына, өнері мен ұрпақ тәрбиесіне қызмет етушілік маңызы барынша айқындала түсу қажеттігін айтты. Қытай Халық Республикасынан келген Сяо Мей де үрмелі аспаптарды жүйелі зерттеу мәселесіне қатысты пікір білдірді. Музыка ғылымының профессоры дәстүрлі музыкалық аспаптардың қолданылу үрдісі Орта Азияның түп негізі болған ежелгі түрік этносы дәуірлерінен бастау алып, ғасырлар көшін бастағанына тоқталды. Мұнан соң жұртшылық Башқұртстан Республикасының халық әртісі Ишмурат Ильбаковтың баяндамасын ұйып тыңдады. Ильбаков түркі халықтарының арасында кеңінен тараған аспаптың ерекшелігі турасында әдемі әңгіме өрбітті. Өздеріңізге белгілі, қурай – Башқұрт халқының мақтанышы. Ол тек музыкалық аспап ретінде ғана емес, мемлекет символы ретінде аса беделді. Аспапты республиканың жалауы мен елтаңбасынан көре аласыз. Ежелгі заманнан бері ол қайғы-мұңнан айықтырып, рух-жігерді көтереді деп есептеледі. Дегенмен, қурай аспабында орындау өте күрделі. Өйткені қурайшы көмеймен айту дәстүрін меңгерсе ғана, қою да қоңыр үн аспаптың сұлу сазды әуенімен астасады. Башқұрттар қурай аспабында бұлай ойнау әдісін “Үзләу” деп атапты.
Сондай-ақ, спикерлер қай ғалымның болмасын атқарған еңбегі екі тұрғыдан көрінетінін жеткізді. Мәселен, бір ғалым зерттеу нысанасына теориялық тұрғыда ғана бойласа, екіншісі оны тәжірибе жүзінде іске асырып, жарқ еткізіп көрсете алады. Қазақтың көне музыкалық аспаптарын зерттеу ғылымының атасы – Болат Шамғалиұлы да осы екінші бағытта танылған. Бұл туралы музыка зерттеушісі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Жарқын Шәкәрім былай деп еске алды.
– Болат Сарыбаев – ұмыт қалған музыкалық аспаптарды қажымай-талмай іздеп тауып, қайтадан халыққа қайтарды. Ол осы музыкалық аспаптардың жыр-қиссаларда кездесетіндігін, шетел саяхатшыларының жазбаларында кейбір музыкалық аспаптардың атауы бар екенін дәлелдеп, аспаптық музыканы зерттеудің жол бастаушысы болды. Үш ішекті домбыраны дамытудың жолын ашып, ғылыми түрде зерттеген де осы профессор Болат Шамғалиұлы еді. Ол ХХ ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап домбыра мен қобыздан, сыбызғыдан басқа қазақтың отыздан астам түрлі музыкалық аспаптарын бір жүйеге келтірді. Олардың түркітілдес елдермен тарихи байланысы бар екенін айқындап, Қазақстан аймағында кездесетін музыкалық аспаптардың картасын жасады. Ол жіктеу бүгінде “Сарыбаев кестесі” және “Сарыбаевтың музыкалық картасы” деген атаумен тарих қатпарында қалды. Ғалым ашқан осы екі жаңалық аспаптану ғылымының бағдаршамы ретінде қалыптасты. Ендігі жерде қандай да бір көне аспап табылып, жаңадан жаңғырса, кестеге тіркеледі. Ал музыкалық аспаптың қай өңірде табылғаны жайлы дерек картада белгіленетін болады, – деді академик.
Конференция соңы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Базархан Қосбасаровтың ұлағатты ұстаз турасындағы естелігімен түйінделді. Профессор көрнекті музыканттың талантына, өнерге деген құштарлығына қарап, Дина Нұрпейісова оған өз домбырасын сыйға тартқанын, бұл күй анасының оған артқан сенімі екенін атап өтті
Үш күнге созылған ауқымды шара аясында әр елдің түкпір-түкпірінен жиналған фольклортанушы ғалымдар осылайша тәжірибе алмасып, нақты мәселелерге тоқталды. Ұтымды ұсыныстарымен бөлісті. Сөз соңында біз Өзбекстан, Әзербайжан мен Ресей елдерінен келген қонақтардың халықаралық музыкалық өнер фестивалінен алған әсерін назарларыңызға ұсынуды жөн деп таптық.

***

Бейсенбіде Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев фестиваль бабалардан жеткен ортақ тарих пен мәдениетті тереңінен зерделеуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Дәстүрлі шараның ұлттық болмысын ұлықтаған, ежелгі өнерді саф алтындай сақтаған Сыр өңірінде ұйымдастырылуы тегін емес. Дүниенің төрт бұрышын араласа да өлмейтін өмірді таппай, соңында «мәңгілік өмірдің кілті – өнерде» деп тұжырымдаған Қорқыттың қаны осы жерде тамған. Бабадан бастау алатын жыраулық дәстүр мектебін қалыптастырушы Шораяқтың Омары, Балқы Базар, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Тұрмағамбет, Нартай, Нұртуғандай дүлдүлдер – киелі топырақтың түлектері. Сырдың жыршы-жыраулары одан бері де әр жылдары Жапония, Америка, Франция, Голландия, Италия, Қытай, Монғол елдерінде өткен фольклорлық фестивальдер мен алқалы симпозиумдарда жыр төгіп, тыңдаушысын тамсандырып жүр. Фестивальді ұйымдастырудағы мақсат – түбі бір түркі халқының ұлттық фольклорлық-музыкалық өнерін дәріптеу. Сол арқылы өзара мәдени қарым-қатынас пен рухани байланысты нығайту, тілі ұқсас, ділі ортақ елдердің салт-дәстүрін, қайталанбас өнерінің озық үлгілерін жұртшылыққа таныстыру.
– Төл тарихымызды таразылап жатқан қазіргі кезеңде ғасырлар қойнауына дендей еніп, елдің өткені мен бүгінін байланыстыра отырып, замана лебін дөп басып беретін осындай фестивальдің халықаралық маңызы өте зор. Осы орайда, рухы биік, ұлттық тағылымы мол фестивальдің жаңа танымдық, насихаттық, әні мен сазы, мұрасы барша түркітілдес елдерді жарқын істерге, бірлікке, ынтымаққа жұмылдыра беретініне кәміл сенемін. Сан ғасырлар өтсе де, сыны мен сырын жоғалтпай, саф алтындай сақталып келген халықтық асыл мұрамыз – дәстүрлі музыканы келер ұрпаққа аманат ету – бүгінгі біздің басты міндетіміз, – деді аймақ басшысы.
Фольклорлық музыкалық шараны облыс әкімдігі халықаралық «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениетін дамыту ұйымымен бірге ұйымдастырып отыр. Ашылу салтанатында аймақ басшысы ұйымның бас хатшысы Дүйсен Қасейіновті 70 жасқа толу мерейтойымен құттықтап, оған күріштен жасалған портретін табыстады.
Фестивальға Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Башқұртстан, Татарстан, Саха Республикалары, Ұлыбритания, АҚШ-тан өкілдер қатысты. Ашылу салтанатында қазақстандық және шетелдік өнерпаздар дәстүрлі музыкалық шығармаларды әртүрлі ұлттық аспаптарда шырқады. Қазақстанның халық артисі Айман Мұсақожаева және жергілікті «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің бірлесе орындауында қобыз бен скрипканың үні үйлесім тауып, ерекше әсерге бөледі.

***

Халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фестивалі аясында Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының ұжымы көрерменге Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» пьесасын ұсынды.
Қорқыт – бүкіл түркі әлеміне ортақ, қазақ өркениетінде өзіндік орны бар тұлға. Оның мәңгілік өмірді, бақытты ғұмырды көксеп, желмаясымен дүниенің төрт бұрышын аралайтыны аңыздарда айтылады. Бірақ қайда барса да көр қазып жатқандарға тап болады. «Кімнің көрін қазып жатырсыңдар?» деп сұраса, олар «Қорқыттың көрі!» дегеннен әрі аспайды. Міне, осыдан кейін Қорқыттың ажалмен арпалысы басталады. Шын Құдай мен жалған «Құдайлардың» аражігін ажырата алмаған ол кейде тәңірден бас тартып, өмірден баз кешеді. Қанша қашса да, Әзірейілдің құрығынан қашып құтыла алмайды. Ертеректе жазылған шығарма болғанымен, бүгінгі күнмен үндестік тапқан.
Спектакльде Қорқыттың ролін Сырым Әбдіразақов, билеуші бекті Ұғым Баймаханов, Қорқыттың әйелі – Сарынның ролін Зәуре Көздібаева ойнады.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
Мөлдір СНАДИН,
Назерке САНИЯЗОВА.

Қатысушылар лебізі

Александр Ярешко, Саратов мемлекеттік консерваториясының кафедра меңгерушісі:

– Мен Сыр өңіріне алғаш рет табан тіредім. Осындай халықаралық музыка фестиваліне қатысқаныма қуаныштымын. Біз қазақ өнерпаздарымен үнемі әріптестік байланыстамыз. Түрлі шараларда бас қосып, тәжірибе алмасып, музыканы дәріптеп келеміз. Осы жолғы өнер мерекесінің орны ерекше. Жергілікті тұрғындардың ыстық ықыласы, өнерге деген құрметі бізді ерекше таңғалдырды. Сонымен бірге, фестивальдің ұйымдастырылуы өте жоғары деңгейде екенін атап өткім келеді.

Асқар Тұрғанбаев, Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі:

– ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы 2011 жылдан бастап осы фестивальді өткізуге тікелей қатысып келеді. Басты мақсатымыз – түбі бір туысқан елдердің музыкасын дәріптеу. Қорқыт ата – түркі халықтарының ортақ абызы, тұлғасы. Қазір әлемде оның аңыз және ақиқат бейнесі бар. Әр халықта Қорқыт туралы әңгімелердің түрлі нұсқасы сақталған. Соның ішінде қазақ халқының өзіндік ерекшелігі барын айта кеткен жөн. Мысалы, оның жерленген жері, сондай-ақ, күйлерінің шығу төркіні туралы аңыздар көптеп кездеседі. Алайда, барлығы мойындайтын бір ақиқат бар. Ол – абыздың Сыр бойында туғандығы. Міне, осындай мәдени мұраға бай өңірде баршаның басын қосатын фестивальдің өтуі тарихи, мәдени сабақтастық деуге болады. Қызылорда облысы баба мұрасын дәріптеуді дәстүрлі шараға айналдырды.

Маргарет Берли, Хорниман бағы мен мұражайының музыкалық аспаптарды сақтаушысы, Ұлыбритания:

– Біздің музейде 8 мыңнан астам музыкалық аспап бар. Мен онда 30 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеймін. Үндістан мен Иранның музыкалық аспаптар коллекциясы туралы тарихи фильм жасауға қатыстым. Азия халықтарының музыкалық аспаптарын зерттей бастадым.Сіздің қалада алғаш рет болуым. Өзімнің жаныма жақын, ұзақ жыл зерттеген тақырыбыма қатысты конференцияға шақырылғаныма, онда баяндама жасағаныма қуаныштымын.Фестиваль аса жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Конференцияда оған келген барлық ғалымның баяндамалары қызығушылығымды туғызды. Өзіме қажетті көп мәліметтерге қанықтым.

Сагынаалы Субаналиев, өнертану ғылымының кандидаты, профессор, Қырғызстан:

– Фестивальға шақыру алғанымда, жасым ұлғайған адам болған соң, ұзақ жол жүруді ауырсынып, уайымдадым. Мұнда ұйымдастырылған шаралардың жоғары деңгейін, тақырыптың ауқымын көріп, бекер келмегенімді ұқтым.Түстен кейінгі конференция тақырыбына арқау болған этноаспаптанушы Болат Сарыбаевпен таныс болдым. Ол өткен ғасырдағы қазақ музыка мәдениетінің нағыз жанашыры еді. Б.Сарыбаев – ескі музыкалық аспаптармен орындалатын қазақтың дәстүрлі ән-күйлеріне жаңа өмір сыйлаған адам. Тек этноаспаптарды жинаумен, зерттеумен, жаңғыртумен ғана айналысқан жоқ, сол этноаспаптардың музыкалық тәжірибеге оралуына өлшеусіз еңбек сіңірді.

Геннадий Макаров, өнертану ғылымының кандидаты, Татарстан:

– Халық аспаптарын өмір бойы зерттеп келе жатқан адаммын. Мұндай фестивальдарға үздіксіз қатысып жүрмін. Қызылордаға бұрын да жол түскен. Алдыңғы сапарымдағы қаланы бүгінгімен салыстыруға да келмейді. Қызылорда құрылыс қарқынымен тез өркендеп келе жатқан шаһарға айналыпты.Фестивальға қатысқан ғалымдардың, өнерпаздардың ұлттық музыкалық мәдениеттің түп-тамырын табуға деген ұмтылысы қуантады. Мұндайда мәдениеттер арасында диалог орнайды, ортақ тақырып, ортақ зерттеу нысаны пайда болады. Мәселен, мен өткен фестивальда танысқан қатысушылармен әлі күнге дейін хабарласып тұрамын. Бұл фестивальдің тектен-тек өтпегеніне дәлел бола алады.

 Ханзада Есенова, ҚР ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы комитет төрайымы:

– Бірінші кезекте, облыс әкімдігіне осындай ауқымды шараны ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіремін. Біздің ескіден жеткен мұраларымызды тек сақтап қана қоймай, әлем жұртшылығына танытуға лайықты. Бүгінгі халықаралық фестиваль түркітілдес халықтарға ортақ музыкалық мұраның байлығын, оған қоса ерекшелігін танытты.
Конференцияда баяндама жасаған ғалымдардың өз ісін, зерттеу нысанын соншалықты терең білетіні көрініп тұр. Сыр елінде бас қосқан ғалымдар мен өнерпаздар өздеріне керекті барлық мағлұматтармен алмасып, өз елдеріне мол рухани қазына жинап қайтқанына сенімдімін.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 қазан 2017 г. 4 430 0