«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына қатысушылардың табыс тарихын ақпарат құралдарында жан-жақты көрсете білу де аса маңызды. Мұндай пікірді бүгін «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы бойынша жұмыс және сарапшылық топтың кезекті отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы бұл жоба өнерімен, білімімен қоғамға сіңірген еңбегімен, ерекше қасиеттерімен дараланған азаматтарға үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Осыған орай жаңа есімдерді анықтауда жұртшылық та жоғары белсенділік танытуда. Өздеріңізге мәлім, биылғы жылғы 7 маусымнан бастап 15 қыркүйекке дейін еліміздің түпікір-түпкірінен жобаға қатысушылардан өтініш қабылданды», - деді министр.
Оның айтуынша, осы уақыт ішінде el.kz порталында 2 212 кандидат тіркелді. Қазіргі күні оларды іріктеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Сонымен қатар қатысушыларды іріктеуден бөлек, олардың табыстарының тарихын ақпарат құралдарында жан-жақты көрсете білу де аса маңызды. Сонда ғана бұл шара тәрбиелік әрі идеологиялық тұрғыда өз жемісін бермек. Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Қазақстан халқы Ассамбелясы бұл бағытты іске асыру бойынша да жүйелі шараларды қолға алуда. Атап айтқанда, 100 жаңа есім атануға үміткер азаматтар туралы деректі фильмдер циклі түсірілуде», - деді Дәурен Абаев.
Отырысқа қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай 100 жаңа есімге ұсынылып отырған кандидаттар алдағы уақытта жан-жақты талқыға түсетіндігін баса айтты.
«15 қыркүйекте өтініштерді қабылдауды аяқтадық. Енді алдағы уақыттағы жұмыстардың алгоритмі жасалатын болады. Ең бастысы бұл жұмыстарға Ассамблея мүшелері белсене қатысты. Соның ішінде 500 адамның өмірбаяны тіркелді. Жалпы аймақтардан 900-ге тарта ұсыныс жасалды», - деді Дархан Мыңбай.