ВОЛЕЙБОЛДАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАУ АЛДЫ

Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде волейболдан жасөспірімдер арасында ХІХ халықаралық турнир шымылдығын ашты. Биылғы жылғы байрақты бәсекеге еліміздің 8 облысынан және Өзбекстан, Ресей елдерінен 22 команда бақ сынауда.
Халықаралық турнирге аймық басшысы Қырымбек Көшербаев арнайы қатысып, ақжарма тілегін білдірді.
– Жасөспірімдерді жеңіс шыңына жетелейтін халықаралық турнирдің ашылуымен құттықтаймын. Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында Қазақстан халқының денсаулығын нығайту бағытында берген тапсырмалары мен нақты істері нәтижесінде елімізде дене шынықтыру мен спорт саласы қарқынды дамуда. Оның ішінде өскелең ұрпақтың патриоттық рухын көтеретін тағылым мен тәрбие шарасына айналған, бұқаралық спорт түрі -  волейбол. Биыл еліміздің ерлер командасының Индонезияда Азия чемпионатынан күміс жүлдені иеленуі, әйелдер командасының келер жылы Жапонияда өтетін Әлем чемпионатына жолдама алуы - осының бір дәлелі.
Қазақстандағы алғашқы жарыс 1926 жылы Қызылорда да ұйымдастырылды. Қазақстан волейболы 20 ғасырдың 60-жылдары жақсы дамыды. Бұл спорт шебері, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Октябрь Жарылғаповтың есімімен тікелей байланысты. Ол құрған «Буревестник» командасы 1969 жылы КСРО-ның, 1970-71 жылдары Еуропа чемпионаттарының кубогын жеңіп алды.
Бүгінгі таңда облысымызда осы  спорт түрімен 25 393 адам шұғылданса, оның ішінде 14 балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде 1143 бала тәрбиеленуде. Қызылорда облысының жасөспірімдер құрама командасы Тараз және Түркістан қалаларында өткен ҚР чемпионатының 2 мәрте жеңімпазы және жүлдегері атанды. Сондай-ақ, осы жарыстың 11 дүркін жеңімпазы. Дәстүрлі жарысқа айналған дүбірлі дода дарындыларға жол ашатын, бұқараның спортқа деген ықылас-ынтасын арттыратын сайыс боларына сенеміз. Ендеше, бүгінгі жарыста командаларға спорттық көңіл-күй, батылдық, сарқылмайтын күш қуат және жеңіске деген ұмтылыс пен жігер тілеймін!, – деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Жарысқа қатысушылар бұл шараның шеберлерді шыңдау алаңынаайналғанын атап өтуде. Осыған сәйкес қатысушылар  арасынан волейболдан  ұлттық  құрама  сапына шақырту алатын  спортшылардың  да  саны  артқан.
Турнирдің Тереңөзек кентінде өтуі тегін емес дейді ұйымдастырушылар. Өйткені осы жерден талай спортшы үлкен жарыстарға қадам басқан. Биылғы бәсекеден де олар мол нәтиже күтеді. Жарысқа өз саңлақтарын алып келген Ресейдің Орынбор губерниясынан келген құрама бапкері Евгений Климов мұндай жарыстардың жасөспірімдерге берері мол екендігін айтады. Шәкірттеріміз әріптестермен тәжірибе алмасып шеберлігін ұштауына мүмкіндік туғанын жеткізді.
Командалар төрт топқа бөлініп ойнайды. 2003-2004 жылдары туған жасөспірімдер сайыс көрігін үш күн бойы. Доданың ақтық ойындары сенбі күні өтеді. Жеңімпаздар мен жүлдегер командалар кубок және бағалы  сыйлықтармен марапатталады.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Сырдария ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қыркүйек 2017 г. 623 0