Биыл аймақта Сыр салысының шығымы өте жақсы.
Биылғы егістікке сақадай сай әзірлікпен бел буып, білек түре кіріскен сырдариялықтар бүгінде егістік даласын еңбек дүбіріне бөлеген. Ауданның егінші-механизаторлары егіс дақылдарын уақытында егіп, суға мезгілінде толықтай бастырып, минералды тыңайтқышпен үстеп қоректендіру нәтижесінде Сыр маржанының шығымдылығы ойдағыдай. Күзгі қарекеттің қажетіне керек жанар-жағармай толық жеткілікті. Техникалық базасы, құрал-саймандары, көліктері сақадай сай шаруашылықтар шалымды жұмыстарымен науқанды еңсеріп барады.
Сырдария ауданы биыл 20819 гектар жерге Сыр салысын екті. Бүгінгі күнге осыншама алқаптың 15000 гектары дестеге салынып, 14000-нан аса гектары бастырылыпты. Әзірге 55000 центнер астық жиналып, орта өнім гектарына шаққанда 50 центнерден асып тұр.
Дала жұмыстары қызып, егін жинау науқаны аяқталар тұсқа да жақындап қалды. Егістік алқаптарындағы жайқалған күріш сабақтары орылып, жал-жал дестеге айналған. Ал «дала кемесі» атанған комбайндар масақты дәнге айналдырып, тасымал көліктерін тоқтатпауда. Сөйтіп, қырманды қызылға толтырып жатыр. Мұндай қызу еңбек «Қызылдихан» мен «БАҚ» шаруашылығында тіпті қарқынды жүруде.
Аудандағы ірі шаруашылықтардың қатарындағы қос шаруашылықта 1550 гектарға жуық күріш егілген. Оның ішінде, «Қызылдихан» ШҚ-на 850 гектар тиесілі. Қазіргі таңда оның 600 гектары жиналған. Бұл шаруашылықта 4 бригада жұмыс жасайды. Бүгінде Аманжол Бәйімбетов бригадасы 160 гектарға егілген күрішті жинап бітірген. Орташа өнім 72,6 центнерді құрап отыр. Мұнда 40 гектар жерден 75 центнерден өнім алған Ерболат Асанов пен 53 центнерден өнім жинаған Нұраддин Шілдебаевтың мерейі үстем. Ал Нұрлан Бисембаев бригадасы аудан бойынша озаттардың көшін бастаған секілді. Мәселен, бригада да 4 диқанның күріштігі орылып болған. Озаттар көшін былтырғы жылы аудан бойынша алғашқы болып омырауына «Ы.Жақаев» төсбелгісін таққан Жанкелді Смайлов бастап тұр. Тәжірибелі күрішші 32 гектардан 104 центнерден өнім алған. Одан кейін гектарына 98 центнерден астық жинаған Садық Маханов, 96,7 центнерден өнім түсірген Икрам Айтбаев, 94 центнерден астық алған Ғабит Үсенбаевтар озаттар қатарында.
«БАҚ» шаруа қожалығы да өздеріне тиесілі 700 гектар күріштің 500 гектарын орып, бастырды. Мұнда да ырыс-несібесін егіс алқаптарынан теруді мақсат еткен Бақыт Күшікбаев бригадасының диқаны Батырбек Сарыбаев көш бастап тұр. Ол 36 гектар күріштіктің әр гектарынан 95,5 центнерден өнім алып отыр. Ал Сұлтанбек Жұмаділов бригадасында күрішшілер Қуаныш Махатов, Сәрсенғали Байтохаев, Темірхан Сағымбаев және Айбек Әбдуахитов мол өнімге қол жеткізіп келеді. Жалпы, осы күні әзірге «Қызылдихан» ШҚ-ның орта өнімі 88 центнерді, «БАҚ» ШҚ-ның орта өнімі 67 центнерді құрап отыр. Әлі қамбаға құйылатын астық барын ескерсек, бұл көрсеткіш өсетіні анық.
Жер ана биыл да жомарттық жасап, Жалағаш ауданы бойынша егілген 22465 гектар күріш жайқалып, бітік өсті. Дихан қауымның жаз бойы төккен тер, еткен еңбегі еш кетпеді. Аудан бойынша бірқатар шаруашылықтар күріштерін орып та, бастырып та болып, жақсы нәтижеге қол жеткізуде.
Кешегі күнге дейін Ақсу ауыл округінен «Мираж» шаруа қожалығы 170 гектар күріштің әр гектарынан 55, «Ақсу» шаруа қожалығы 110 гектардан 60, Бұқарбай ауыл округінен «Байтабын» ЖШС 61,5, Мақпалкөл ауыл округінен «Құрманбай ата» шаруа қожалығы 425 гектар күріштің әр гектарынан 65, «Ақниет» ШҚ 190 гектар күріштің әр гектарынан 62, Мәдениет ауыл округінен «Жігер» қожалығы 349 гектар күріштің әр гектарынан 65 центнерден сапалы өнім алып, биік белестен көрінді. Сонымен бірге, «Жігер» ШҚ төрағасы Самат Сарбасов пайдаланылмай бос жатқан егістік жерлерді игеріп, игілігін көруде. Атап айтқанда, осы ауыл округіндегі «Дөйт», «Мирас», «Жомарт», «Тәуекел», «Жұлдыз», «Болашақ», «Өркен» шаруа қожалықтарының барлығы 367 гектар жерін инженерлік жүйеге келтіріп, күріш егіп, орып бастыру жұмыстарын аяқтап қалды. Сондай-ақ, «Таң ЛТД» ЖШС, «Манақ баба», «Егінші», Еңбек ауыл округінен «Атамекен» қожалығы егін жинау науқанын қарқынды жүргізіп, жоғары өнім алуды қамтамасыз етуде.
Қармақшы ауданының дихан-механизаторлары ауа райының қолайлы сәтін тиімді пайдаланып, қазан айының 5-не дейін ору, 10-на дейін бастыру жұмыстарын толық аяқтау үшін егіс алқабында еселі еңбек етуде.
Расында да, биылғы жылғы көктемгі егін егу маусымында қармақшылықтар 14209 гектар егістік алқапқа Сыр салысын, 1338 гектарға мақсары, ал 6455 гектарға егілген ескі және жаңа жоңышқаны ысырапсыз жинап алуда аянбай еңбек етуде. Сонымен қатар, 200 гектар алқапқа егілген бидайдың әр гектарынан 12 центнерден өнім жинады.
Ел ырзығын төкпей-шашпай жинауға аудан бойынша 90 комбайн, 65 жатка және 151 түрлі маркалы тракторлар мен 139 трактор тіркемесі және 60-тан астам автокөлік қатыстырылуда.
Облыс бойынша күріш көлемі жағынан ең үлкен шаруашылық «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 3200 гектар жерге «Ақмаржан» сепкен болатын. Күзгі науқанға шаруашылықтың 350 сала маманы, 15 комбайн, 10 жатка және 28 түрлі тасымал көліктері қызу жұмыс істеп жатыр.
Шаруашылықтың озат бригадаларының бірі Балтабай Сәметов басшылық жасайтын №3 егіс бригадасының диқан-механизаторлары 570 гектарға егілген күріштің «Лидер» сортын ысырапсыз жинауда еңбек етуде. Бригада сушысы, өткен жылы өзіне бекітілген күріштік алқаптан мол өнім алып, облыста озат диқандар қатарынан орын алған Алдаберген Сәркенов биылғы жылы да өзі баптаған 45 гектар күріштік алқаптың әр гектарынан мол өнім алып, жоғары көрсеткішке қол жеткіземін деген сенімде.
Иә, «Сыр күріші – ел ырысы» дегендей, бүгінде жаңажолдықтардың күріш алқабында ғана емес ауыл ішіндегі қырман басында да қызу жұмыстар атқаруда. Оның ішінде күндізгі ауысымда еңбек етіп жүрген қырманшы қыз-келіншектер Тазагүл Аймаханова, Маржан Қарабалаева, Нәбира Өтегенова мен Кенжегүл Медетбаевалар өздерінің үлгілі істерімен тау-тау болып үйілген Сыр маржанын арнайы күріш тазалау агрегатымен тазалауда көпке өнеге көрсетуде.
Иә, қырман астыққа толса, ол ел ырзығы. Несібесін жерден іздегендер тынымсыз тер төгіп, еңбектің жемісін көруде. Олар қамбаны қызылға толтырып, мол өніммен мерей биігінен көрінбек. Дала еңбеккерлерінің жанкешті жұмысының орны бөлек. Сондықтан нағыз еңбек адамдарының мәртебесі жоғарылайтынына, жұмсаған күштің, төккен тердің, еселі еңбектің зор нәтижесі болатынына сенімдіміз. Ендеше, еңбеккерлер мерейі үстем болып, қырман тасысын ағайын!
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.