ҚЫСТЫҢ ҚАМЫ

Облыс орталығында жылу маусымына дайындық қарекеті аяқталуға жақын. Мұны өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз турында қалалық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Біржан Далабаев айтты.

Биыл жылу жүйелері мен қазандықтарын ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізу үшін 904 млн теңгеден астам қаржы қаралған. Жылу жүйесін қайта жаңғыртуға Еуропалық қайта құру және даму банкі мен «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК қаражат бөлді. Орталық осы күні 11,3 шақырымның 97 пайызын жөндеп бітті. Банк арқылы қаржыландырылатын, көлемі 7,8 шақырым болатын 4 жобаның жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Құрылыс-монтаж жұмысы 5 қазанға дейін аяқталып, сосын сынақтан өткізіледі.

– Қызылорда қаласындағы 650 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Барлығы жылу маусымына дайын. Дегенмен, дайындық барысында 55 үйде ақау анықталып, акт толтырылып, кемшіліктер жойылды. Кәріз және ауызсу жүйелерінің дайындығы да қатаң бақылауда, – деді Б.Далабаев.

«Шұғыла» шағын ауданындағы 3-үй тұрғындарының келісімімен қазір өжіредегі жылу жүйелері ауыстырылып жатыр. Ол 1 қазанда аяқталып, сынақтан өткізіледі. И.Панфилов атындағы №5 мектеп-лицейге биыл күрделі жөндеу жүргізілді. Директоры Ләззат Ізбасованың айтуынша, білім ошағы 1975 жылы салынған. Жылу құбырлары, басқа да біраз дүние ескірген. Солар жаңаланып қалды. Балалар қыстан қысылмай шығады деген сенім бар.

Бүгінгі күні қаладағы №21 жылу камерасының жылу құбырлары да ауыстырылып жатыр. «Жылу желілері» МКК директоры Бақытжан Молдиманов қажетті өнімнің Қарағанды зауытынан жеткізілгенін айтады.

– Бұрынғыларға қарағанда жылу үнемдегіш. Былтыр бұл жерде ақау шыққан болатын. Биыл барлығын толық жаңалауды жөн санадық, – дейді ол.


 

Н.САНИЯЗОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 қыркүйек 2017 г. 715 0