« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Бейсенбіде Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев фестиваль бабалардан жеткен ортақ тарих пен мәдениетті тереңінен зерделеуге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Дәстүрлі шараның ұлттық болмысын ұлықтаған, ежелгі өнерді саф алтындай сақтаған Сыр өңірінде ұйымдастырылуы тегін емес. Дүниенің төрт бұрышын араласа да өлмейтін өмірді таппай, соңында «мәңгілік өмірдің кілті – өнерде» деп тұжырымдаған Қорқыттың қаны осы жерде тамған. Бабадан бастау алатын жыраулық дәстүр мектебін қалыптастырушы Шораяқтың Омары, Балқы Базар, Қарасақал Ерімбет, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Тұрмағамбет, Нартай, Нұртуғандай дүлдүлдер – киелі топырақтың түлектері. Сырдың жыршы-жыраулары одан бері де әр жылдары Жапония, Америка, Франция, Голландия, Италия, Қытай, Монғол елдерінде өткен фольклорлық фестивальдер мен алқалы симпозиумдарда жыр төгіп, тыңдаушысын тамсандырып жүр. Фестивальді ұйымдастырудағы мақсат – түбі бір түркі халқының ұлттық фольклорлық-музыкалық өнерін дәріптеу. Сол арқылы өзара мәдени қарым-қатынас пен рухани байланысты нығайту, тілі ұқсас, ділі ортақ елдердің салт-дәстүрін, қайталанбас өнерінің озық үлгілерін жұртшылыққа таныстыру.
– Төл тарихымызды таразылап жатқан қазіргі кезеңде ғасырлар қойнауына дендей еніп, елдің өткені мен бүгінін байланыстыра отырып, замана лебін дөп басып беретін осындай фестивальдің халықаралық маңызы өте зор. Осы орайда, рухы биік, ұлттық тағылымы мол фестивальдің жаңа танымдық, насихаттық, әні мен сазы, мұрасы барша түркі тілдес елдерді жарқын істерге, бірлікке, ынтымаққа жұмылдыра беретініне кәміл сенемін. Сан ғасырлар өтсе де сыны мен сырын жоғалтпай, саф алтындай сақталып келген халықтық асыл мұрамыз – дәстүрлі музыканы келер ұрпаққа аманат ету – бүгінгі біздің басты міндетіміз, – деді аймақ басшысы.
Фольклорлық музыкалық шараны облыс әкімдігі халықаралық «ТҮРКСОЙ» түркі мәдениетін дамыту ұйымымен бірге ұйымдастырып отыр. Ашылу салтанатында аймақ басшысы ұйымның бас хатшысы Дүйсен Қасейіновті 70 жасқа толу мерейтойымен құттықтап, оған күріштен жасалған портретін табыстады.
Фестивальге Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Башқұртстан, Татарстан, Саха Республикалары, Ұлыбритания, АҚШ-тан өкілдер қатысты. Ашылу салтанатында қазақстандық және шетелдік өнерпаздар дәстүрлі музыкалық шығармаларды әртүрлі ұлттық аспаптарда шырқады. Қазақстанның халық артисі Айман Мұсақожаева және жергілікті «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің бірлесе орындауында қобыз бен скрипканың үні үйлесім тауып, ерекше әсерге бөледі.
Н.САНИЯЗОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |