ЖАҢҒЫРУ МЕН ДАМУДЫҢ ЖОЛЫ

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесі «Мемлекеттік тілді латын қарпіне көшіру және әліпбидің бірыңғай стандартын талқылау» тақырыбында кезекті отырысын өткізді.

Жиынға кеңес мүшелерімен бірге мемлекеттік және үкіметтік емес ұйым өкілдері мен тіл мамандары қатысты. Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Жеңіс Сәдуақасұлы хабарлама жасап, латын графикасына өту келешегіміз үшін керек екенін айтты.

– Кез келген елдің тәуелсіздігін айқындайтын мемлекеттік нышандары болса, сол сияқты төл әліпбиі болады. Бұл егемендігіміз бен елдігімізді айғақтайтын белгілердің бірі болмақ. Мемлекет басшысының БАҚ өкілдерімен кездесуде де бұл мәселе жан-жақты айтылды. Заман талабына сай қазір технологиялардағы, оның ішіндегі компьютерлердегі және ұялы байланыс телефонындағы қаріптермен ұйқасу керек. Ал оны өзгертетін болсақ, дүниежүзіндегі барлық технологияны ауыстыру керек болады, – деді ол.

Кеңес мүшесі, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық - саяси жұмыс комитетіне және Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығына латын графикасына көшуге орай жекелеген төл дыбыстарға қатысты ұсыныс жолдағанын айтты.

Ұсыныста қазақ әліпбиінің жаңа жобасындағы кейбір дыбыс таңбаларын ой елегінен өткізіп қайта қарау керектігі айтылған.

– Әсіресе, бұл жіңішке дауысты «Ә», «Ө», «Ү» дыбыстарына байланысты. Бұл дыбыстарды ұсынылған әліпби жобасындағы диграфтармен беру көптеген қиындықтар туғызатын сияқты. Екі таңбамен бір дыбысты беру, оның үстіне өзіміздің төл дыбыстарымызды айту мен жазуда қиындық туғызады, шатасуға әкеледі. Қазақ тілінің заңдылығында екі дауысты дыбыстың қатар келуі де тілдік санаға кері әсер етеді. Тіліміздегі үндестік заңына нұқсан келеді, ілгерінді және кейінді ықпал заңдылықтарына мұның әсер ететіні анық, – деді ол.

Кеңес мүшелері талқылаулар қорытындысы бойынша жинақталған ұсыныстарды тиісті органдарға жолдауға шешім қабылдады. Жиынға «Нұр Отан» пар­тиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев төрағалық етіп, келелі пікірлерге пайымды ой-тұжырымдар жасады.

Шынар БЕКБАН.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 қыркүйек 2017 г. 529 0