ФЕСТИВАЛЬ ҚОНАҚТАРЫ: СЫР БОЙЫНДА ҚОРҚЫТ РУХЫН ҚАСТЕРЛЕУДІҢ ҮЛГІСІ БАР

 Қызылордада «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі басталды.  Қызылорда облысының әкімдігі мен халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымы ұйымдастырған шара 3 күнге ұласады. Халықаралық шараға 10 елден түрколог ғалымдар мен өнерпаздар қатысады. 

Кеше кешкісін фестиваль қонақтарының алғашқы легі Сыр еліне табан тіреп, өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен кездесті. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ержан Абдрахманов жоспарланған шаралармен таныстырды.

Фестиваль меймандары Рәміздер алаңы, облыстық тарихи-өлкетану музейі және қаланың тарихи орындарымен танысып, Н. Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында Иран Ғайыптың «Қорқыттың көрі» спектаклін тамашалайды. Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда Қорқыт ата мұралары туралы ғалымдар баяндама жасайды. Сонымен бірге Болат Сарыбаевтың 90 жылдығына орай түркі әлеміндегі этноаспаптану мәселелеріне де назар аударылады. Бүгін кешкісін фестиваль салтанатты түрде ашылады. Ертесіне қонақтар Қорқыт Ата мемориалды ескерткішіне барып, «Салт-дәстүрі сақталған Сыр елі» атты этноауыл көріністерімен танысып, сол жерде  «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» атты халықаралық фольклорлық-музыкалық өнер фестивалінің гала-концерті мен жабылу салтанатына қатысады.

Брифингте Әзербайжанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Сурая Агаева бауырлас халықтардың ортақ бабасы Қорқыт атаның тыныс тапқан мекеніне алғаш рет жол түскенін айтты. Деде Коркутқа арналған халықаралық ауқымды шара 2000 жылы Бакуде ұйымдастырылыпты. Бабаның әдеби, музыкалық мұраларын әзербайжандық ғалымдар да терең зерттеп келеді.

Анкараның Хаджеттепе университетінің профессоры Озкул Чобаноглы:

– Еуропалықтар өздерінің түп-тамырын Гомердің «Илиада», «Одиссеядан» іздесе, біз түркі халықтары өз болмысымызды Қорқыт ата аңыздарынан табамыз. Түркі елдерінің барлық мектептерінде оқу бағдарламасына қорқыттану пәні енгізілуі тиіс, – деді.

Қазақ Ұлттық өнер университетінің Қорқыт ата мұраларын зерттеу зертханасының меңгерушісі Әлқуат Қазақбай Қорқыт күйлерінің жиналуы, зерттелуі, насихатталуы туралы айтты. Басқа түркі халықтарында қобызға ұқсайтын аспаптар бар болғанымен, дәл біздің қобыздың үніндей қоңыр үнді емес. Қазақтың қобызбен орындалатын күйлерінде ой мен мұң, философиялық мән тұнып тұр.  

Қазақ Ұлттық өнер университетінің  профессоры Саида Елеманова біздің халқымыз Қорқыт атаның музыкалық мұрасына ие болып отырғанын айтты.  Осыдан 2 жыл бұрын ЮНЕСКО-да үлкен концерт өтіп, оған барлық түркі халықтары қатысты.  Ғалымның айтуынша, бұл жолғы фестивальді  Қазақстан Қорқыт ата мұралары бойынша мультиұлттық номинацияны  басқарушы статусында өткізіп отыр.

Жыршы, профессор Алмас Алматов түркі халықтарының Сыр елінде бас қосуының мәніне тоқталды. Туыстас халықтардың саяси, экономикалық қарым-қатынасы бір бөлек, өнердің деңгейінде біз ұлы бірлестікке бірігіп келе жатырмыз.

Брифинг соңында өзбекстандық өнерпаз Вотыр Илашев өнер көрсетті.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 қыркүйек 2017 г. 615 0