
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Нидерланды Корольдігіне барады. Бұл туралы кеше Нидерланды Корольдігінің Сыртқы істер министрі Франс Тиммерманспен кездесуі барысында Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов мәлім етті.
«Қазақстан мен Нидерланды жаһандық қауіпсіздікті, ядролық қаруды таратпауды қолдайды. 2014 жылы наурызда Гаагада Ядролық қауіпсіздік саммиті өтеді. Біздің Президент аталмыш саммиттің белсенді қатысушысы. Алғашқы саммиттер Вашингтон және Сеулде өткен болатын, үшінші саммит Гаага қаласында болмақ және Елбасы бұл жиынның белсенді қатысушысы ретінде тіркелген. Мемлекет басшысының Гаагаға сапары екі сипатта болмақ: екіжақты ресми сапар және Жаһандық саммитке қатысу», – деді министр.
ЕЛБАСЫНЫҢ АТЫНА КЕЛІП ТҮСКЕН ХАТТАР
Мемлекет басшысының ел халқына «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауына байланысты Елбасының атына көптеген хаттар мен жеделхаттар келіп түсті.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.
Еңбек ұжымдарының, ғылыми және мәдени, іскер топтардың, Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдарының өкілдерінен, сондай-ақ шетелдік азаматтардан келіп түскен хаттарда Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауына жан-жақты қолдау көрсетіліп, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға үнемі көңіл бөлініп отыратыны үшін алғыс білдірілген.