Облыс әкімі Қ.Көшербаевтың Мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР тұңғыш Премьер-Министрі Ұ.Қарамановты ақтық сапарға шығарып салу митингісінде сөйлеген сөзі
Құрметті қаралы, зиялы қауым!
Ықылым заманнан қазақ халқында бір-бірінен «Еліңде кімің бар?» деп сұрау дәстүрі қалыптасқан. Құдайға шүкір, жау бетке – білектімізді, дау бетке – біліктімізді, жарастыққа жақсымызды жұмсаған халықпыз ғой.
Жоралыдан жолдан ұтылмауға тырысатын халқымыз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауымен егемендік туын көтеріп, Астанамызды салып, адамзат санатында қабырғалы ел аталып жатқан тұста, арғы-бергіден де, көзі тіріден де, «Кіміміз бар еді?» деп қатар түгескендігіміздің еш айыбы жоқ шығар. Сонда: «Жақсың кім еді?» дегенде ауызға алдымен түсер – халыққа етене жақын, артына сөз ермеген, абыройлы тұлғаларымыздың бірі және бірегейі Ұзақбай Қараманұлы Қараманов екендігі даусыз.
Біліктілігі, орнықтылығы, сабырлылығы, жер тәңірсімейтіндігі, алғырлығы мен іскерлігі тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президентінің жанындағы Тұңғыш Үкімет басшысына сай еді ғой.
Бет-әлпетімен, ойлы сөзімен, тіпті отырысының өзінен аса бір тектілік танып, өзімізше ағамыздың ата тегіндегі Жалаңтөс баһадүрге, Әйтеке биге, Жанқожа батырға ұқсатып, марқайып қалатынбыз. Кейін біз де есейіп, жақынырақ қатысып, жағдай сұрасып, Ұлдай апаймен бірге амандық-саулығын біліп жүргенде осы бірінші пікіріміздің шын екеніне көзіміз әбден жетті!
Біз бүгін Тәңірге 80-ге жаңа ғана толған қимас Азаматымызды алып кеткені үшін өкпе айтуға емес, Тәуелсіздікке жаңа ғана қолымыз жеткен өтпелі заманымызда, екі ғасырдың тоғысында Тәңірдің бізге Елбасын, оның жанына Ұзақбай Қарамановтай қайраткер ағамызды бергені үшін рахмет айтуымыз керек деп есептеймін.
Қадірлі Ұзақбай аға!
Туған еліңізде жасаған қызметіңіз үшін, өскелең ұрпаққа көрсеткен өнегелі ғұмырыңыз үшін Сізге Алты Алаш та, әсіресе туған еліңіз Алаштың анасы атанған Сыр елі де дән риза! Сіз де біздің ниетімізге, қимастық көңілімізге риза болыңыз! Қош, асыл аға! Алдыңыз жарық, иманды болыңыз!