СОҢҒЫ САПАРҒА ШЫҒАРЫП САЛДЫ

Алматы қаласындағы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрында белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қарамановты соңғы сапарға шығарып салуға арналған қаралы жиын өтті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, министрлер, депутаттар, қала жұртшылығы қатысты. Сөз сөйлеген азаматтар Ұзақбай Қараманұлының туған елінің адал патриоты, білікті басшы, адамгершілігі мол азамат болғандығын айтты.

Алғашқы сөзді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек алды. Ол ең алдымен жиналғандарға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берді. Жеделхатта Қазақстан Президентінің көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қарамановтың дүниеден өткені туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдағаны айтылған. «Ұзақбай Қараманұлы бүкіл ғұмырын халқы мен туған елінің өсіп-өркендеуіне арнады. Ол өзінің зор ұйымдастырушылық қабілеті мен қоғамдағы беделінің арқасында көптеген жоғары лауазымды мемлекеттік қызметте болып, өзіне жүктелген міндеттердің барлығын абыроймен атқара білді» делінген жеделхатта. Мемлекет басшысы қазақстандықтар оның есімімен ел алдындағы еңбегін әрдайым есте сақтайтынын атап өтті. 

– Алматыға басшы болып істеп жатқаныма екі жылдан асып барады. Жауапты  қызметке кіріскенде сәттілік тілеп, бата-тілегін арнаған ағаларымның бірі Ұзақбай Қараманұлы еді. Ол кісінің Алматы қаласының өркендеуіне сіңірген еңбегі зор. Шаһарда жүргізілген үлкен құрылыстардың басы-қасында болды. Бүгінгі қол жеткен жетістіктеріміздің негізін қалады. Алматы қаласының Құрметті азаматы атануы да жайдан-жай емес еді. Соңына ізгі істер қалдырған қайраткер ағамызды ешқашан да ұмытпаймыз, – деді Б.Байбек. 

Жиын барысында ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтан, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықовадан, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннен, бірқатар облыс әкімдерінен көңіл айту жеделхаты келгендігі айтылды.

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өз лебізін білдіре келе, ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың көңіл айту жеделхатын оқып берді. «Ұзақбай Қараманұлының отбасына көңіл білдіремін, талантты мемлекеттік және қоғамдық қайраткер бола отырып, ол Қазақстанның көркеюіне өзінің білімі мен бай тәжірибесін қолданған. Оның жарқын бейнесі әрқашан елдің есінде қалады», – делінген Үкімет басшысының жеделхатында.

– Біз қатар өстік, қатар жұмыс істедік, – деді мемлекет және қоғам қайраткері Асқар Құлыбаев. – Кезінде өңірлерді басқарғанда Ұзекеңнің көп көмегі тиді. Жақында ғана 80 жылдығын атап өткенбіз. Жылы-жылы сөзімізді арнадық. Мынадай жағдайға тап боламыз деп ойлаған жоқ едік.  Бұл қаза маған қатты батып отыр.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов былай деді:

– ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары және Парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің атынан өмірден өткен еліміздің аса белгілі азаматы, еліміздің қиын кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серігі болған Ұзақбай Қараманұлының өмірден өтуіне байланысты отбасына, туған-туыстарына қайғырып көңіл айтамыз. Ұзекең Үкіметке басшылық жасаған кезде мен министрліктердің бірінде қызмет атқарған едім. Ағамыздың біліктілігіне, азаматтық қасиеттеріне сол уақыттары куә болдым. Елге, халыққа қалтқысыз қызмет жасаған ірі тұлға еді.

Жиында сөз сөйлеген Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Ұзақбай Қарамановтың Елбасының сенімді серіктерінің бірі болғанын, қиын кезеңде Үкімет басқарғанын айта келе, үлкен қызметтерде жүрсе де, адами қасиеттерінен танбағанын тілге тиек етті.

Рәсім соңында туыстары атынан Серікжан Сейітжанов, ұлы Нұрлан Қараманов сөз алып, жиынға қатысушыларға жылы сөздерін арнаған азаматтарға ризашылықтарын білдірді.

– Біздің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  ел үшін қиын-қыстау кезеңде әкеме сенім артып, жоғары қызметке тағайындаған еді. Ол жылдарда халық үшін әрі қарай дамып, қиындықтардан шығу үшін тынбай жұмыс істеу керек еді. Әкем бар сенімді ақтады. Президент оған танысқан күннен бастап бүгінгі күнге дейін сенім артып келді. Міне, бүгін де қайғымызға ортақтасып, көңіл айту жеделхатын жіберді. Әкеме деген осынау құрмет үшін басымды иемін, – деді Нұрлан Қараманов.

Аяулы азамат Ұзақбай Қараманов Алматыдағы «Кеңсай» зиратына жерленді.

Нұркен ЖАНДӘУЛЕТҰЛЫ.

Алматы қаласы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 қыркүйек 2017 г. 761 0