« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
«Сананы тұрмыс билейді» деген бар. Бұл қағида әсіресе қазіргідей нарық заңы белең алып тұрған тұста өзінің шынайы мағынасын терең дәлелдеп тұр. Соңғы жылдар мұғдарында Қазалы өңірінде сауда – саттық , кәсіпкерлік саласы кеңінен қанат жайғанын күнделікті тіршілікте аңғарып жүрміз. Алға жылжыған уақыт көшімен бірге аудан көлемінде жеке кәсіпкерлердің саны артып, халық қазынасы түсетін салық көлемі де ұлғая түсуде.
Әрине, өте қуанатын нәрсе. Ауданда мемлекеттің қолдауын сезініп, бизнесін дамытып жатқан іскер жандар да баршылық. Қазалы десе көпшіліктің көз алдыңа «РЗА»-ның сүт өнімдері, «Сыр маржанының» күріші мен еті, Қазалының дәмі тіл үйірген кәмпиті, Ерхатов пен Игіліковтің балық өңдеу цехында дайындалған балық сүбесі, елді мекендерден жеткен шекер татыған қауын – қарбызы елестейтіні тағы рас.
Бүгінгі таңда аудандағы 4201 шағын кәсіпкерлік субъектілерінде 8737 адам жұмыспен қамтылған. Ағымдағы жыл басынан бері жаңадан 380 кәсіпкерлік нысаны тіркелсе, оның ішінде ауыл кәсіпкерлерінің үлесі 14,2 пайызды құрайды. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі де бөтен емес. Индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында 17 жоба толық іске қосылып, 212 адам жұмыспен қамтылғанын, оның ішінде 2 жоба аймақтық индустрияландыру картасына енгізілгенін атап кетсек.
Аудандағы кәсіпкерлік саласының көшінің басында тұрған «Рза» АҚ-ның сүт өндеу зауытында жоба аясында өткен өндірілген сүт Алматы, Астана, Көкшетау, Ақтөбе, Атырау, Ақтау қалаларындағы ірі сауда орталықтарында сатылуда. Ағымдағы жылы «РЗА» АҚ-ның «1200 басқа арналған ірі қара өсіру кешені және сүт өңдеу зауытының ІІ кезеңін» жүзеге асыру жоспарланып, тәулігіне 30 тоннаға дейін сүт өңдеу көзделуде. Жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге бюджеттен 13,5 млн. теңге бөлінген. Ал «СПК Қызылорда Балық» ЖШС-нің «Балық өңдеу зауытының құрылысын іске асыру» жобасы аясында өткен жылы 854 тонна балық өңделіп, Еуропа елдеріне экспортталған еді. Серіктестік басшысы, облыстық мәслихат депутаты Аманбай Ерхатовтың Ресейден балық өңдеу зауытын ашқандығынан оқырмандарымыз хабардарболар. Қазір ол зауытта тәулігіне алты жарым мың тонна балық өнімі өңделеді. Сондай – ақ өткен жылы осы бағдарлама негізінде аймақтық үйлестіру кеңесінен жеке кәсіпкер Төребек Игіліковтің «Сүбе шығару» жобасы оң қорытынды алып, жұмыс жасауда.
Ауданда «Өндірістік аймақ» ұйымдастыру жобасы бойынша 12,7 га жер учаскесіне инженерлік инфрақұрылым желілерімен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, тиісті шаралар атқарылған -ды.Қазіргі таңда аудан кәсіпкерлері тарапынан жалпы құны 428,1 млн.теңгені құрайтын жаңа 10 жоба бойынша жер учаскелері алынды. Олардың қатарында тазартылған, құйылмалы ауыз су шығару, күріш өнімдерін өңдейтін және ұн сақтау қоймасын кеңейту, құрылысқа қажетті темір-бетон, пеноблок шығаратын шағын зауытын іске асыру, темір-бетон және кірпіш бұйымдарын шығаратын цех салу, көкөніс өнімдерін өңдеу және қойма салу, жылыжай салу, автопарк ашу жобалары бар.
Олардың қатарындағы 3 жоба іске қосылып, 33 жаңа жұмыс орны ашылды. Айта кетерлігі, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автокөлік жолы бойында 96 шақырым Қазалы ауданының аумағынан өтеді. «Сыр маржаны и К» ЖШС –і автокөлік дәлізі бойынан «В» санатты жол бойы қызмет көрсету кешенінің құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен қатар, «Sinooil» ЖШС жанар-жағар май станциясы құрылысын салу жөніндегі жобасы бойынша қаржыландыру жолдары шешілуде. Оған қоса жеке кәсіпкер Байсуганова мен Басеновтің«С» санатты, «GlobalAlatauGroup» ЖШС-нің «D» санатты жол бойы сервистік қызмет көрсету кешенін салу жобаларын жерге орналастыру жүргізілуде.
«Аудан бойынша биыл бірнеше инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 185 адам жұмыспен қамтылатын болады.Олардың қатарында көлік, сауда-логистикалық орталығы, жол бойы қызмет көрсету кешендері, ет консервісін өндіру және шұжық шығару цехы, балық өнімдерін өңдеу цехы, түйе, жылқы сүтін өндіру және мал бордақылау кешені жобалары бар.Кәсіпкерліктің дамуына тікелей ықпал етіп отырған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының екінші бағыты аясында биыл 222 адамды оқыту жоспарланған. Жыл басынан 69 адам оқытылып, 247 млн.теңге құрайтын 51 бизнес-жоба қорғалды. Аудан кәсіпкерлеріне қаржы ұйымдары тарапынан 116 кәсіпкерге 684млн.теңге несие берілді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 231 млн.теңгеге артық» деседі өзіміз тілдескен сала мамандары.
Назар аударатын жайт, инвесторлар тарту арқылы өңір экономикасын дамытуда аудан әкімінің бастамасымен іргелі істер жүргізілуде. Мәселен, кәсіпкерлердің қатысуымен өткен «ҚазалыИнвест» форумында көптеген келелі мәселелердің түйіні тарқатылып, тың жобаларды жүзеге асыру жолға қойылды. Ауданда жыл сайын ұйымдастырылатын жас кәсіпкерлер форумында жаңашыл бастамаларды қолға алған белсенді топ өкілдері тың идеяларымен бөлісіп, кәсіппен айналысатын, кәсіп жасауға ниетті жастарға жан-жақты қолдаулар көрсетілуде.
Бұл қадам кәсіпкерлердің өзіне деген сенімінің артуына игі әсер етері хақ.
Жұмабек Табынбаев,
Қазалы ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |