« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіс екеніміз айтылған. Сондай-ақ, 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керектігі назарға алынған. Облыс әкімдігінде өткен жиында аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев цифрлы жүйені халыққа өзің түсініп ал демей, түсіндіруіміз қажеттігін ескертті.
Соңғы кезде жиі айтылып жүрген цифрлылық дегеніміз не? Алдымен осыған тоқталайық.
Елімізде жаңа технологияны жетік меңгере түсу үшін «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қабылданды. Ол 4 бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бірінші бағыт – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру. Екінші бағыт – көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда экономиканың салаларына цифрлы технологияны ендіру. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру және төртінші бағыт – IT-мамандарды даярлау.
Қарап отырсақ, бұл жұмыстардың барлығы атқарылып жатыр. Интернет желісі қолжетімді болу үшін облыс, аудан орталықтарынан бөлек, шалғайдағы ауылдарға да қолайлы жағдай жасалуда. Мұның барлығы санды технологияны ендіру үшін жасалған қадамдар болатын. Айналасы бірнеше жылдың ішінде қазақстандықтар неше түрлі ұялы телефондарды ұстады. Жыл өткен сайын олардың функциялары өзгеріп, мүмкіндіктері де арта түсті. Алғашқыда тек байланыс құралдары үшін қолданылған қолақпандай телефондар бірте-бірте айфон, айпад, смартфондарға ауысты. Бүгінде ұялы телефоныңыз тек байланыс құралы ғана емес, сонымен қатар, интернет желісіне еркін қосылатын компьютер іспетті. Адамдар ұялы телефондарына сан алуан әлеуметтік желілерді жүктеп, қоғамда орын алған оқиғаларға байланысты ой-пікірлерін білдіретін болды. Сондай-ақ, ұлттық жерсеріктік «OTAU TV» теле-радиохабар тарату желісі іске қосылып, отандық арналардың аудиториясы кеңейіп, мүмкіндігі арта түсті. Нәтижесінде республикамыздың әрбір аймағынан хабар тарататын облыстық телеарналарды еліміздің кез келген өңірінен көруге болады. Бұрын тек Астана мен Алматы сияқты үлкен қалаларда ғана көрсететін арналарды тамашалайтын мүмкіндік туды. Алдағы уақытта қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру әрі ұлттық экономиканы цифрландыру бағдарламасын жүзеге асыру шеңберіндегі жұмыстар жалғасатын болады. Елімізде 2020 жылға дейін интернет қолданушылардың санын 80 пайызға дейін арттыру, тұрғындардың 95 пайызын цифрлы xабар таратумен қамту, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін арттыру көзделуде.
«Цифрлы Қазақстан» тек бір ғана IT саласын ғана емес, сондай-ақ, қоғамдағы өзге де салаларды дамытуға бағытталған. Бұл ретте әлемдік деңгейдегі жетістіктерді ескеруіміз қажет. Бірде-бір газеті немесе телевидениесі жоқ «Facebook» әлемдегі басты медиа топ болып табылады. Ал, «Alibaba» деп аталатын жер бетіндегі ең үлкен сауда жүйесінің не дүкені, не сауда орны жоқ. Олар электронды саудамен айналысады. Мемлекет басшысы онлайн сауда мен мобильді банкинг дегенде елдің назарын осыған аударып отыр. Біз бұған үрке қарамауымыз керек.
Бүгінде республикамыздағы 18 миллион адам болса, 25 миллион ұялы телефон бар екен. Олардың басым бөлігі интернет желісіне оңай қосыла алады. Көшеде кетіп бара жатсыз ба, үйдесіз бе, автобустасыз ба – бәрібір. Жаңа үлгідегі қалта телефондары қажетті функциялармен толық қамтылған. Еліміздегі әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың басым бөлігі осы ұялы телефондарды қолданады екен. Қазір әлеуметтік желіде үлкен де кіші де отырады. Сол жерде өз ойларын айтып, қоғамдағы түрлі жағдайларға байланысты пікірлерін білдіріп жатады. Тіпті, әлеуметтік желі арқылы танысып, көңіл жарастырған, отбасын құрған жандар да бар. Жаңа технологиялардың дамып бара жатқаны соншалық «Facebook» әлеуметтік желісі арқылы 4 миллионнан аса пост жазылса, «Skype» арқылы сағатына 100 мың адам сөйлеседі екен. Бұдан басқа күнделікті өмірде тұтынатын теледидар, тоңазытқыш, кір жуу машинасы мен көлігімізге дейін автоматтандырылды. Компаниялар мен фирмалар көліктерін түгелдей «GPS» навигаторларымен қамтыды. Бір орында отырып олар қайда жүр, қай бағытпен қозғалуда, міне, осының барлығын біліп отырады. Полиция қызметкерлері «радар» детекторлары арқылы автомашиналардың жылдамдықтарын бақылай алады. Ұшақтар мен тепловоздардың технологиясы да айтарлықтай дамытылған. Мұның барлығы жаңа технологияның жетістігі болып табылады.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында ІЖӨ-дегі IT-секторының үлесін 2020 жылға дейін 5 пайызға жеткізу жоспарланған. Бұл дегенің IT-секторында 150 мың жаңа жұмыс орны ашылады деген сөз. Еңбек өнімділігі 37 пайызға жеткізіледі. Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру да басты міндет, ол 85 пайызға дейін жеткізілетін болады. Облысымызда да сәйкесінше тиісті жұмыстар атқарылмақ. «Microsoft» компаниясы еліміздің цифрландыру саласындағы бастамаларға қолдау көрсетуде. Осы компания біздің аймақта да төрт бағыт бойынша жұмыс жасауға ниетті. Олардың ішінде денсаулық, білім және ақылды қала жобалары бар. Бұған қоса Қызылордада ресурстық орталық ашуды жоспарлап отыр. Орталық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылады. Онда оқыту тегін жүргізіледі. Оның үстіне Ресейдің жетекші оқу орындарында Сырдың 500-ге тарта баласы білім алуда. Олар ІТ технологияны жетік меңгеретіні сөзсіз.
Жаңа технологиялардың артықшылығы жеткілікті. Мәселен, ғаламтордан тамашалап жүрген ақылды үйлерде бәрі оңай басқарылады. Екі алақанды бір-біріне соғу арқылы жарық қосылса, теледидарды дыбыспен өшіріп-сөндіруге болады. Сол сияқты ас бөлмесі мен жуынатын бөлмеде де осы секілді кереметтерді жасауға болады. Қолыңды созсаң судың ағатынын өз көзімізбен көрдік. Таңғалатын нәрсе. Бірақ, бұл дәл қазір біз өмір сүріп жатқан қоғамда болып жатыр. Оған ілесу үшін біз барынша білімімізді жетілдіріп отыруымыз қажет. Мұнымен қоса жаңалықтарды уақытында қабылдау да маңызды. Қазір ақпараттың жылдам тарайтын заманы. Әлем бойынша бір секундта 10 сайт ашылады екен. Тіпті, бір дегенде үш миллион хат жіберіледі. Біздің балаларымыз осы үдерістен қалып қоймауы керек. Бір сөзбен айтқанда, цифрлы жүйе әлемдік көшке ілесу үшін қажет.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |