ЕЛОРДА ТҰРҒЫНДАРЫН ҚУАНТҚАН ЖӘРМЕҢКЕ

Күз қашаннан тоқшылық пен молшылықтың мезгілі. Егіс даласында ала жаздай білек түре еңбек еткен диқаншылар қоңыр күзде еткен бейнетінің зейнетін көріп, рахатқа кенелді. Аймақ еңбеккерлері жаздайғы бейнеттерінен өрілген бақша өнімдері мен дақылдарын астаналықтарға ұсынды.

Өткен сенбі, жексенбі күндері Астана қаласындағы «Қазақстан» спорт кешенінің жанында Қызылорда облысының ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. «ЭКСПО-2017» Мамандандырылған халықаралық көрмесінің шеңберінде өткен жәрмеңкеде Қызылорда, Қарағанды облыстарының өнімдері қойылды.

Шараға өңірдің жеті ауданы мен Қызылорда қаласы және «Байқоңыр» ӘКК» АҚ қатысты. Жылдағы дәстүрмен таң ертесімен басталған сауда бұл жолы да өзіндік сәнімен өрнектелді. Күн қабағы да Сыр елі халқының ашық-жарқын, жайдарлы мінезіндей кеңшілік танытты.

Жәрмеңкеде жалпы 270 тоннаға жуық ауылшаруашылық өнімдері сөрелерге қойылды. Оның ішінде 75 тонна күріш, 7 тоннадан жылқы, сиыр еті, 3,5 тонна сүт өнімдері, қымыз – шұбат 2,5 тонна, ара балы – 200 келі, 6 тонна балық, көкөніс, қияр, қызанақ – 20 тонна, алма, алмұрт, өрік, банан – 6 тонна, картоп – 6 тонна, 3 тонна сәбіз, қырыққабат – 15 тонна, сөк, талқан – 1,5 тонна, ас тұзы – 5 тонна, 100 тонна бал татыған қауын-қарбызы бар.

Сауда алаңында Аралдың балығы мен Сырдың ақ күрішіне сұраныс өте жоғары болды. Су маржаны мен Сыр маржаны сатылып жатқан сөре маңы, таңдағанына қол жеткізген жұртшылықтың жүздерінен байқалады. Сондай-ақ, ет және сүт өнімдеріне астаналықтардың сұранысы ерекше болды. Әсіресе, бағасы 1500-ден сатылған жылқы еті мен 1250-ден сатылған сиыр еті өтімді тауарлардың бірі болды.

– Бұл үрдіске айналған игілікті шара. Бағасы қалтаға қонымды. Бұл елімізде азық-түлік бағасын тұрақты ұстауға өз ықпалын тигізеді, – деді елорда тұрғыны Талғат Мұсаев.

Екі күнге созылған жәрмеңкеде елорда тұрғындары қыстық азықтарын қамдап, риясыз көңілмен Сыр елінің жәрмеңкесін тағы да күтетіндіктерін жеткізді.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 қыркүйек 2017 г. 591 0