КҮЗ КЕШЕУІЛДЕУДІ КҮТПЕЙДІ

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтіп, онда үш мәселе қаралды. Селекторлық режімде өткен мәжіліске аудан әкімдері де қатысты.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе, яғни, егін жинау науқанының барысы туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Өмірхан Пашкенов баяндады.

Белгілі болғанындай, ағымдағы жылы облыс бойынша барлығы 181,2 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Бүгінгі күнге дейін шаруашылық құрылымдары аймақ көлемінде ақ егісті және мақсары жинауды толық аяқтап, гектар түсімі бидайдан – 18,1, арпадан – 5,9, сұлыдан – 9,7, мақсарыдан 7,8 центнерден құраған. Облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарымен есепті кезеңге 752,7 мың тонна немесе 101,3 пайыз мал азығы дайындалған. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда. Сонымен қатар, 22 қыркүйектегі жағдай бойынша картоптың 2704 гектары, көкөністің 4030 гектары және бақша дақылдарының 6264 гектары жиналған.

– Негізгі дақыл – күріш жинау жұмыстары жалғасуда. Ағымдағы жылдың 22 қыркүйекке аудан және Қызылорда қаласы әкімдіктерінің ұсынған жедел ақпараттарына сәйкес күріш дақылының 56038 гектары, яғни, 61,6 пайызы орылып, 47625 гектары, яғни,  52,3 пайызы бастырылса, 226523 тонна Сыр салысы жиналды. Орташа өнім гектарына 47,6 центнерді құрап отыр, – деді Ө.Пашкенов.

Осы орайда облыс әкімі Қ.Көшербаев биыл күріш көлемі жылдағыдан артық егілгенін, ал алдағы қазан айы салқын әрі жаңбырлы болатыны болжанып отырғанын ескеріп, егінді мерзімінде жинап алуды міндеттеді.

– Биыл күріш егісі көлемі 11 мың гектарға артық егілді. Негізгі дақылдың жиналуы 61,6 пайызды құрап отыр. Әлі де 40 пайызын жинап алуымыз қажет. Ал, қазан айы салқын әрі жаңбырлы болады деп болжануда. Сондықтан қалыптасқан ауа райына бай­ланысты күріш жинау жұмыстарын қазан айының 15-не дейінгі мерзімде аяқтау үшін пәрменді шаралар қабылдауымыз керек,– деді аймақ басшысы. Сондай-ақ, облыс әкімі биыл, метеорологтардың мәлімдеуінше, алдағы қыс ерте басталып, ұзаққа созылады деп болжанғанын, сондықтан егіс науқанының әрбір сағатын тиімді пайдалануды, алдағы мал қыстату науқанына аса тыңғылықты дайындықпен кірісіп, әрбір шаруашылық бойынша қажетті мал азығы мен жем-шөп қорымен қамтуды қатаң тапсырды.

Келесі кезекте жерлерді құжаттамалық түгендеудің барысы туралы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаевтың хабарламасы тыңдалды.

– Өткен жылдың қыркүйек айында өткі­зілген Үкімет отырысында Мемлекет бас­шысы берген маңызды тапсырмалардың бірі – қолда бар жер қорына талдау жасау болатын. Ревизиялау шаралары 2017-2019 жыл­дар аралығын қамтиды. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы және елді мекендер жер­лері түгенделді. Үстіміздегі жылы түген­деу жұмыстары облыстағы 267 елді мекенде жүргізілуі тиіс болса, жұмыстың ауқымына байланысты және сапалы жасау мақсатында 7 аудан орталығы мен Қызылорда қаласын ревизиялауды 2018 жылы жүргізу жоспарланды,–деп атап өтті басқарма басшысы.

Басқарма басшысының айтуынша, облыс­тағы елді мекендер жерлерін ревизиялаудың жүйелі жүргізілуі, ортақ мәселелерді анықтау үшін 8 елді мекен таңдалып жұмыс жасалған. Нәтижесінде пилоттық жобадағы 8 елді мекеннің мәліметтері бойынша барлық деректер жинақталып, әділет органы, жер кадастры, сондай-ақ, тұлғаның қолындағы құжаттарға талдау жасалған. Бүгінгі күні 259 елді мекен бойынша жер кадастрынан 69853 учаске бойынша 55331 учаске ревизияланып, нәтижесінде 10921 учаске бойынша нақты жағдай мен құжаттамалық мәліметтерде айырмашылықтар анықталған.

Басқарма басшысының хабарламасын тыңдаған облыс әкімі аталған жұмысқа жауапкершілікпен қарауды жүктеді.

– Елбасымыз атап өткендей, «Жер – негізгі материалдық байлық пен игілік» деген түсінікті естен шығармауымыз қажет. Жерге жанашыр көзқарас пен іскерлік қатынасты қалыптастырғанымыз жөн,– деген аймақ басшысы барлық деңгейдегі әкімдерге жер қорына құжаттамалық түгендеу шараларын өз дәрежесінде орындап, аталған жұмысты күнделікті бақылауға алуға шақырды.

Күн тәртібіндегі соңғы мәселе, электронды мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің үлесін арттыру бойынша облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Индира Ақжігітованың хабарламасы тыңдалды.

Хабарламашының айтуынша, бүгінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіміне сәйкес жергілікті атқарушы органдармен 189 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Оның ішінде уәкілетті орган арқылы – 67 қызмет түрі, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы – 81, электронды үкімет порталы арқылы 84 қызмет түрі көрсетіледі. Ағымдағы жылдың 8 айында 189 қызмет түрі бойынша барлығы 1768,3 мың мемлекеттік қызмет көрсетілген. Осының ішінде тұрғындардың сұранысына ең көп ие болған жергілікті атқарушы органдармен көрсетілетін электронды қызметтер екен.

– Электронды қызмет алуда тұрғындардың компьютерлік сауаттылық деңгейі маңызды. Статистикалық мәліметтер бойынша 2016 жылы компьютерлік сауаттылық деңгейі – 75 пайызды, ал интернет қолданушылар саны 77,7 пайызды құрап отыр. Онда 369,7 мың тұрғын электронды қызмет алуға сауаты бар дегенді білдіруі тиіс. Алайда олардың үлесі 56,5 пайызды құрап отыр,– деді И.Ақжігітова.

Жұмыс қарқынын жақсарту мен реттеу мақсатында облыс әкімі Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне халық көп жиналатын қоғамдық орындарда, теміржол вокзалы, автовокзал, әуежай, сауда орталықтарында тұрғындар үшін тегін Wi-fi қызметтерін қамтамасыз етуді, электронды қызметтерді алу бойынша видеороликтер әзірлеуді, қала, аудандарда «egov» нүктелерінің ашылуын және қызмет алу бойынша жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі қаралған мәселелер бойынша аудан, қала әкімдеріне, тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.

Айнұр БАТТАЛОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 қыркүйек 2017 г. 939 0